«7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалары бойынша төлем шегерімдерін үйден шықпай-ақ алуға болады — Қазақстан жаңалықтары

0

2020 жылдың 16 наурызы мен 15 маусымы аралығында «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламаларының қарыз алушылары банкке негізгі қарыз мен сыйақы төлеу мерзімін кейінге қалдыру үшін қашықтықтан жүгіне алады.

8 серіктес банк — Банк ЦентрКредит, Сбербанк, Халық Банк, АТФБанк, Forte Bank, Еуразиялық банк, Jysan Bank және Bank RBK Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қолдау көрсетіп, клиенттердің өтініштерін қашықтықтан өңдеу жүйелерін жедел әзірледі.

Кредиттік шегерімді келесі себептер бойынша алуға болады:

• жалақысы сақталмайтын демалыста болу, жұмыссыз қалу, еңбек шартын бұзу және басқа еңбек қатынастарын тоқтату;
• жалақыны немесе басқа кірісті төлеуді қысқарту немесе тоқтата тұру;
• төтенше жағдай және (немесе) карантин жарияланған аумаққа кіруге (шығуға) байланысты шектеулер әсерінен қызметкер жұмыс орнында бола алмаса;
• қаржылық жағдайдың нашарлауын көрсететін басқа себептер.

Клиент қаржылық жағдайының нашарлау себептерін көрсетіп, еркін түрде өтініш жазып, сол өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты сканерлеп немесе суретке түсіріп, өзіне несие берген банкке интернет арқылы жіберуі керек.

Бұл жерде одан бөлек құжаттар, мысалы, жұмыс орнынан анықтама талап етілмейді.

Банктер өтінішті 10 жұмыс күні ішінде қарайды. Егер жеке тұлғаның қаржылық жағдайының нашарламағаны туралы ақпарат болса, банк шегерім беруден бас тарта алады.

Төлемдерді тоқтаған кезде қарызды талап қою жұмыстары жүргізілмейді. Банктер берешекті өтеу қажеттілігі туралы клиенттерге хабарлама жібермейді. 

Төтенше жағдай кезіндегі төлемдер шегерімі несие тарихын нашарлатпайды немесе бұзбайды.

«7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламалары бойынша банктер шегерімнің мына түрлерін қолдана алады:

1. төленбай қалған сома несиенің қалған мерзімінде біркелкі төленеді;
2. несие мерзімі төленбай қалған мерзімге ұзарады;
3. Төленбай қалған сома несие мерзімі аяқталар соңғы 3-6 айға біркелкі бөліп беріледі;
4. Шегерім мерзімі аяқталғанда қарыз толықтай төленеді.

stan.kz