Пайғамбарлардан бөлек Құранда аты аталған 11 адам

0

МӘРИЯМ

Хазіреті Исаны муғжиза ретінде дүниеге әкелген анасы. Сондай-ақ, «Мәриям» сүресінің 28-аятында «Харунның қарындасы» деп те келеді. Бұны Мәриямның Хазіреті Харунның тегінен келгендігіне ишарат деп білеміз. Яғни, тура мағынадағы қарындасы емес, соның тегінен дегенді білдіреді. Себебі, арабшадағы «қарындас/бауыр» тайпа мүшесіне де қолданылған. «Мәриям» есімінде Құран сүресі бар. Бұл сүреде Мәриямның оқиғасы баяндалады. Бұдан басқа бірнеше аятта да Мәриям жайлы айтылады.

«Әли Имран» сүресі, 42-аят:

«Бірде періштелер: «Уа, Мәриям! Шүбәсіз, Аллаһ сені арнайы таңдады һәм сені (күнәдан, кемшілік атаулыдан) пәк қылды. Сондай-ақ мерейіңді күллі әлемдегі әйел атаулыдан үстем етті».

«Әли Имран» сүресі, 43-аят:

«Уа, Мәриям! Ендеше, Раббыңның алдында барынша кішірейіп құлдық ұр, сәждеге бас қой һәм алдында бас иіп рүкуғ жасаушылармен бірге сен де рүкуғ жаса», – деп айтты».

«Му’минун» сүресі, 50-аят:

«Мәриямұлын һәм анасын (ұлылығымыз бен құдіретіміздің) айқын дәлелі қылдық. Екеуін бұлағы бар әрі сондай жайлы биіктеу бір жерге (жотаға) орналастырдық».

ЗӘЙД

Зәйд бин Хариса Пайғамбарымыздың (с.а.у.) асырап алған азат етілген құлы. Алғашқы 4 мұсылманның бірі. 622 жылы Һижретке қатысып, артынша дін шақырудың алғашқы жылдарында Пайғамбарымызбен (с.а.у.) Таифқа барып, ол жердегі халықтың жаудырған тасына Пайғамбарымызға (с.а.у.) қорғап, кеудесін керген сахаба. Византиялықтарға қарсы Мутға соғысында Ислам әскеріне қолбасшылық қылған Зәйд осы жорықта шәһид болады. Есімі «Ахзаб» сүресінің 37-аятында аталады әрі бұл аят үйлену құқығына қатысты маңызды мәселені қозғайды.

«Ахзаб» сүресі, 37-аят:

«(Уа, Мұхаммед!) Аллаһ нығметіне бөлеген, өзің де көп жақсылық жасаған адамың (әйелімен ажырасуды ұйғарып, алдыңнан өтейін деп келгенде) оған: «Әйеліңнен ажырама, Алладан қорық!» – деген едің. Сөйтіп, Алланың Өзі жарияға әйгілейін деп тұрған ақиқатты ішіңе бүгіп қалдың. Ел-жұрттан (бұл мәселені ә дегенде дұрыс түсінбей қала ма деп) имендің. Дегенмен, Алладан қорыққаның әлдеқайда абзал еді. Содан, Зәйд әйелімен біржола ажырасқан кезде оның талақ еткен әйелін (ғиддат мерзімі толған соң) саған қостық. Біз мұны мүміндердің асыранды балалары өз әйелдерімен біржола ажырасқан кезде, өгей балаларының талақ еткен әйелдерін алу мәселесінде (мұнымыз күнә немесе ұят болмас па екен деп) қиналмау үшін істедік. Алланың әмірі сөзсіз орындалуға тиіс».

ИМРАН

Құранның 3-сүресі «Әли-Имран» есімімен аталған. Құранда Имран екі адамның есімі боп кездеседі. Біреуі Хазіреті Мұса мен Хазіреті Харун пайғамбарлардың есімі болса, екіншісі Мәриямнің әкесі ретінде келеді. Имран есімі «Әри Имран» сүресінен бөлек «Тахрим» сүресінде де кездеседі.

«Әли Имран» сүресі, 33-36-аяттар:

«Расында, Аллаһ Адамды, Нұхты, Ибраһимнің әулетін және Имранның әулетін (күллі адамзат ішінен) арнайы таңдап алып, бүкіл адамзаттан һәм бүкіл қауымдардан үстем әрі таңдаулы қылды. Оларды бір-бірінен тараған (һәм бір сенімді ұстанған) бір тұтас нәсіл ретінде (күллі адамзаттан үстем әрі таңдаушы етті. Сондықтан  пайғамбарларды бір-бірінен бөліп-жармай бәріне бірдей иман келтіріңдер һәм Алланың таңдауына әрі пайғамбарларына қатысты орынсыз сөздер айтпаңдар). Аллаһ – Сәмиғ (ауыздарыңнан шыққан сөздің бәрін естуші) әрі Алим (бәрін білетін шексіз ілім иесі). Бір кездері Имранның әйелі: «Уа, Раббым! Шынында мен құрсағымдағы баламды (дүниелік істерден) толық азат етіп, бір Өзіңе (яғни Өзіңнің жолыңа) басыбүтін атайтындығыма серт бердім! (Осы нәзірімді) менен қабыл еткейсің! Шүбәсіз, Сен бәрін естуші әрі бәрін білетін шексіз ілім иесісің», – деп мінәжат еткен еді. (Ол құрсағындағы баласын Раббысына басыбүтін атап қойғаны үшін ұл босанармын деп ойлаған еді). Сөйтіп ай-күні толып, баласын босанғанда (өзі күткендей ұл емес қыз тапқандықтан): «Уа, Раббым! Мен қыз босандым!» – деді. Аллаһ оның не тапқанын, әлбетте, жақсы біледі. Әрине, (ол күткен) ұл бала (біз берген) осынау қыз бала сияқты бола алмас еді. «Мен оның атын «Мәриям» деп қойдым, сондай-ақ мен оны һәм ұрпағын рақымыңнан қуылған шайтаннан сақтай көр деп, бір Өзіңе сиынамы».

«Тахрим» сүресі, 12-аят:

«Сонымен қатар, (мүміндер үшін) ары мен абиырын сақтай білген Имранқызы Мәриямды да мысалға келтіреді. Біз оған Рухымыздан үрледік. Ол Раббысының (бұйрық, тыйым, уәде, ескерту мағыналарын білдіріп уахи жолымен түскен) сөздері мен (құлдарына түсірген) барлық кітаптарын шын көңілден мақұлдады. Ол (Аллаға) жан-тәнімен, бар ықыласымен мойынсұнғандардың бірі һәм бірегейі болды.

ЖАЛУТ

Хазіреті Дәуіт пайғамбардан соғыста жеңілген кәпір қауымының  мықты жауынгері. Есімі «Бақара» сүресінде кездеседі.

«Бақара» сүресі, 251-аят:

«Соңында, мүміндер Алланың қалауымен жауды ойсырата жеңіп, Дәуіт Жалұттың жанын жаһаннамға жіберді. Сөйтіп, Аллаһ Дәуітке патшалық пен даналық нәсіп етті һәм Өз қалауымен оған тағы біраз нәрселер үйретті. Егер Аллаһ (осылайша) адамдарды бір-біріне қарсы қойып, кей адамдардың бетін кей адамдармен қайтарып отырмағанда, шүбәсіз, жер беті түгелдей бүлінер еді де, онда өмір сүру мүмкін болмас еді (яғни жерде әділдік жойылып, шартарапты зұлымдық жайлар еді). Алайда Аллаһ – күллі жаратылыс атаулыны шексіз шарапатына бөлеуші».

ӘБУ ЛӘҺӘБ

Пайғамбарымыздың немере ағасы болған Әбу Ләһәбтің шын есімі Абдулузза бин Абдулмутталиб. «Оттың әкесі» деген мағынаға келген «Әбу Ләһәб» есімін мұсылмандар берген. Өмір бойы Пайғамбарымызға және ақиқат дінге дұшпан боп өткен мүшрик. Есімі «Тәббәт» сүресінде кездеседі.

«Тәббәт» сүресі, 1-аят:

«Әбу Ләһабтың екі қолы бірдей құрысын, онсыз да құрыды!».

ҺАМАН

Құран айтылғандай, Перғауынның бас уәзірі. Перғауын Мұса пайғамбармен пікір-таласқаннан кейін өзінің бас уәзірі Һаманға Мұсаның құдайына жету үшін биік бір мұнара жасауды әмір етеді. Һаман есімі «Қасас», «Ғафир», «Ғанкәбут» сүрелерінде кездеседі.

«Қасас» сүресі, 6-аят:

«Сондай-ақ оларды сол жердің қожайындары ету әрі Перғауын мен (бас уәзірі) Һаман һәм екеуінің қалың әскері (Мұса және қауымынан) қандай себеппен қорыққан болса оларды соған душар ету еді».

«Қасас» сүресі, 8-аят:

«Содан Перғауынның үй іші түптің түбінде өздеріне дұшпан әрі бастарына қайғы болатын нәрестені өзеннен тауып алды. Расында, Перғауын, Һаман және екеуінің қалың әскері (әсіресе, Исрайыл ұрпақтарына қарсы) өте залым еді».

«Қасас» сүресі, 38-аят:

«Сонда Перғауын шонжарларына: «Уа, игі-жақсылар! Білуімше, сендердің менен басқа құдайларың болған емес! Ей, Һаман! Қане, кірпіш күйдіріп, маған арнап, көкпен таласқан зәулім мұнара салғыз! Соған шығып, бәлкім Мұсаның тәңірін көрермін. Әйтсе де оның өтірікші кәззәптардың бірі екеніне күмәнім жоқ», – деді».

 «Анкәбут» сүресі, 39-аят:

«Сондай-ақ Қарунға, Перғауынға және Һаманға да зауал бердік. Анығында, Мұса оларға ап-айқын дәлелдермен келген-ді. Алайда олар (Мысыр) жерінде орынсыз дандайсып, әлжуаз елге озбырлық көрсетті. Бірақ олар пәрменімізден аса да, жазамыздан қашып құтыла да алмады».

«Ғафир» сүресі, 24-аят:

«Біз оны Перғауынға, Һаманға және Қарунға жібердік. Алайда олар Мұса жайлы: «Бұл бір әккі сиқыршы әрі барып тұрған өтірікші!» – десті.

«Ғафир» сүресі, 36-37-аяттар:

Сонда Перғауын Һаманға: «Әй, Һаман! Маған арнап, көкпен таласқан зәулім мұнара салғыз! Бәлкім, сол арқылы көктегі жолдарға жетермін. Күллі аспан әлемін сүзіп шығуға болатын жолдарға жетермін. Кім біледі, бәлкім Мұсаның құдайын да көрермін. Анығында, мен оның өтірікші кәззәп екендігіне кәмілмін», – деп Мұсаны мазақ қылды. Міне, осылайша Перғауынның жаман істері өзіне (әзәзіл шайтанның қолымен) безендіріліп көрсетілді. Сөйтіп, ол тура жолдан мүлдем тайдырылды. Нәтижеде, Перғауынның бұл тұзағы да зая кетті.

ҚАРУН

Исраиль ұлдарының арасындағы байлардың бірі. Оның байлығы Құранның сөзімен айтсақ, «кілттерінің өзін күші бойына сыймайтын бір топ адам әзер таситын». Бұл байлығы оны тәкәппарлыққа әкеп соқты. Нәтижесінде Хазіреті Мұсаға сенбейтін, тіпті жалғаншы деп жала жапқан біреу боп шығады. Аллаһ Тағала оны құрдымға жібереді. Есімі «Қасас», «Мүминун», «Ғанкәбут» сүрелерінде кездеседі.

 «Қасас» сүресі, 76-аят:

(Тура жолдан тайған) Қарун Мұсаның қауымынан еді. Алайда ол (Перғауынға жақтасып) өз қауымына озбырлық көрсетті. Біз оған кілттерінің өзін күші бойына сыймайтын бір топ адам әзер таситын байлыққа толы қазыналар нәсіп еттік. Қауымы оған: «Байлығыңның буына мастанып есірме, Шүбәсіз, Алла есіргендерді ұнатпайды!» – деп ескерткен еді».

ЛҰҚМАН

Лұқман хәкімнің пайғамбар болғанына және болмағанына қатысты нақты пікір болмағандықтан, оны да осы тізімге қосуды жөн көрдік. Лұқман есімінде арнайы сүре бар. Құранда Лұқманның ұлына айтқан өсиеті кездеседі.

«Лұқман» сүресі, 12-13-аяттар:

«Расында, Лұқманға: «(Қарымына) Аллаға шүкіршілік ет», – деп хикмет дарыттық. Кімде-кім шүкіршілік етсе, тек өзі үшін шүкіршілік етеді. Ал кім күпірлік қылса, шүбәсіз, Аллаһ – Ғани (ешкімнің шүкіршілігіне мұқтаж емес, бар байлықтың, түгесілмес қазыналардың жалғыз иесі), Хамид (бар мақтау мен шексіз шүкіршілікке әбден лайық). Бірде Лұқман ұлына: «Балам, Аллаға серік қоспа! Біле білсең, Оған серік қосу ең үлкен қиянат!» – деп насихат айтты».

САМИРИ

Самири есімі Құранда 4 сүреде кездеседі. Мұса пайғамбардың Тур шөлінде Раббысымен тілдесу үшін тауға кеткен кезде Мұсаның інісі Һарунға қарамастан Исраиль ұлдары үшін түрлі жауһарларды балқытып, бір бұзаудың мүсінін жасап, халықты соған табынуға шақырады. Халықтың да бір бөлігі сол бұзауға табынып кетеді.

«Таһа» сүресі, 83-94-аяттар:

(Мұса уәде бойынша Тәуратты алу үшін Тур тауына келгенде) Аллаһ одан: «Уа, Мұса! Бұл жерге қауымыңнан бұрын асығып келгеніңнің себебі не?» – деп сұрады. Сонда Мұса: «Олар менің ізімнен қалмай, соңымнан келе жатыр. Ал мен болсам, уа, Раббым, Өзіңді разы ету үшін (Өзіңмен қауышуға) асығып келдім», – деп жауап берді. Аллаһ оған: «Алайда біліп қой, Біз сен кеткеннен кейін қауымыңды (көкіректеріндегі иманы әлсіз болғандықтан) сынаған едік. Ақырында Сәмири оларды тура жолдан тайдырып жіберді», – деді. Мұса өте ашулы һәм ренжіген қалпында қауымына қайтып оралды да: «Уа, қауымым! Раббым сендерге (екі дүниеде де бақытты болуларың үшін Тәуратты беремін һәм айналасы берекеге толы қасиетті мекенге орналастырамын деп) сондай бір керемет уәде бермеді ме? Маған берген уәделеріңнен таятындай сендерді қалдырып кеткеніме соншама көп уақыт өтті ме? Жоқ, әлде Раббыларыңның ашуы тас төбелеріңнен түсуін қаладыңдар ма?» – деді. Қауымы оған: «Біз саған берген уәдемізден өздігімізден тайған жоқпыз. Алайда бізде сол бір қауымнан (мысырлықтардан) қалған және бізге жүк болған әшекей бұйымдары бар болатын. Біз оларды лақтырып тастадық. Сәмири оларды (жинап алып, балқытып мүсін құю үшін) отқа тастады. Содан Сәмири (әлгі әшекей бұйымдарды отқа салып балқытып одан) ел-жұртқа арнап мөңіреген дыбыс шығаратын бұзаудың мүсінін құйып шықты да өзі сияқты адасқандармен бірге: «Әсілі, сендердің құдайларың – осы. Мұсаның да құдайы – осы. Алайда ол өз құдайын ұмытып, басқа құдай іздеп кетті», – деп елді азғырды. Сонда олар әлгі мүсіннің өздеріне бір ауыз тіл қата алмайтынын, сондай-ақ өздеріне зиян да, пайда да тигізе алмайтынын (яғни, бастарына төнген жамандықтың бетін қайтаруға да, өздеріне қандай да бір пайда келтіруге де шамасы келмейтінін) көрмей ме? Анығында, Һарун осыған дейін оларды: «Уа, халқым! Сендер бұл мүсін арқылы сыналдыңдар. Еш күмәндарың болмасын, сендердің Раббыларың – Рахман. Ендеше, маған еріңдер, әміріме мойынсұныңдар!» – деп ескерткен еді. Сонда қауымы: «Біз Мұса қайтып оралғанша оған табынуымызды қоймаймыз», – деп жауап берді. Мұса келе салысымен (бауыры мен қауымы арасында болған оқиғадан бейхабар болғандықтан) бауырына: «Уа, Һарун! Олардың адасқанын көргеніңде, саған не бөгет болды? Неліктен менің жолыммен жүрмедің. Жоқ әлде менің әміріме қарсы келгенің бе?» – деп зекіді. Сонда Һарун: «Уа, анамның ұлы! Садағаң кетейін, сақалым мен шашыма жабыспа. (Бұлар мені адам құрлы көрмеді, тіпті, өлтірмекші де болды. Сондықтан да оларға қарсы нақты бір шара қолданбадым). Өйткені маған: Исрайыл ұрпақтарының арасына жік салдың, сөзімді тыңдамадың, деуіңнен қорықтым», – деді».

ЗҰЛҚАРНАЙЫН

Зұлқарнайынның Лұқман секілді пайғамбар болып-болмағандығы турасында талас бар. Сол себепті осы тізімге қостық. «Екі мүйіздің иесі» деген мағынаға келген Зұлқарнайын есімі «Кәһф» сүресінің 3 аятында кездеседі. Бұл сүреде өзіне ерекше құдірет берілген Зұлқарнайынның хикаясы әрі оның Яжуж-Мәжуж қауымымен болған күресі айтылады.

«Кәһф» сүресі, 83-98-аяттар:

«(Уа, Мұхаммед!) Олар сенен Зұлқарнайн жайлы сұрайды. Оларға: «Сендерге ол жайлы да бір ғибратты әңгіме айтып берейін», – де. Расында, Біз оған жер бетінде тегеурінді зор билік нәсіп еттік әрі діттеген мақсатына жетуіне септігін тигізетін (ақыл-парасат, ілім, күш-қуат, байлық әрі билік сынды) әр алуан мүмкіндіктер бердік. Сөйтіп, ол күндердің күнінде жасағын бастап, (батысқа қарай) жол тартты (жорыққа аттанды). Батысқа жеткенде, Күннің (бейне-бір) қап-қара лайсаң көзге (қайнар бұлаққа) батып бара жатқанын көрді. Сол жерде бір елге кезікті. Біз оған: «Уа, Зұлқарнайн! (Ал енді оларға не істейтініңді көрейік, күшіңе сүйеніп) оларды азаптар ма екенсің, жоқ әлде жақсылық жасап, жарылқар ма екенсің?!» – дедік. Зұлқарнайн: «Кімде-кім (өзіне һәм өзгеге) зұлымдық жасаса, біз оның сазайын тартқызамыз, кейін ол Раббысына қайтарылады, сонда Раббысы да оны адам баласы көрмеген ауыр азапқа салады. Ал кімде-кім иман келтіріп, игілік істесе, оған ең жақсы сый-сияпат беріледі, сондай-ақ оған жеңілдік жасаймыз (яғни, оған ешқандай ауыртпалық артпай, оңай істерді бұйырамыз)», – деп жауап қатты. Содан кейін ол жасағын бастап, (шығысты бетке алып) тағы да жол тартты (жорыққа аттанды). Сөйтіп, күн шығысқа жеткенде, бір қауым елді тас төбесінен күннің қақтағанын көрді. Біз ол қауымға ыстық аптаптан қорғайтын бірде-бір қалқа нәсіп етпеген едік. Міне Зұлқарнайнның жер-жаһанды түгелдей қамтыған патшалығы мен салтанатының алдында ол қауымның жағдайы осындай еді. Біз шүбәсіз, Зұлқарнайнның бар мүмкіндігін, рухани жан дүниесі мен материалдық жағдайын толық білетін едік (сондықтан да оның мұндай ғаріп қауымға қалай қарайтыны да белгілі болатын). Содан Зұлқарнайн жасағын бастап, тағы да жол тартты (жорыққа аттанды). Сөйтіп, екі таудың арасына жеткенде, арғы бетінен мүлдем сөз ұқпайтын (яғни, өз тілінен басқа бірде-бір елдің тілін білмейтін) бір қауымға кезікті. Олар: «Уа, Зұлқарнайн! Шүбәсіз, Яжүж бен Мәжүж бұл жерде үнемі лаң салуда. Біз саған салық төлейік, оның есесіне біз бен олардың арасына асу бермес бөгет орнатып берсең қайтеді?» – деп өтініш айтты. Ол: «(Мен сендердің салықтарыңа мұқтаж емеспін). Раббымның маған нәсіп еткендері (билік, күш-қуат һәм мол байлық) сендердің маған төлейтін салықтарыңнан әлдеқайда қайырлы. Одан да сендер маған жұмыс күшімен жәрдем беріңдер, сендер мен олардың арасына асу бермес алып бөгет тұрғызып берейін», – деді де оларға: «Маған темір-терсек жинап әкеліңдер», – деп бұйырды. Сөйтіп ол екі таудың арасын шыңдарына жеткенше темір-терсекпен толтырды да: «Ал енді от жағып, көрік басыңдар», – деп бұйырды. Содан тау болып үйілген темір әбден қызғанда: «Ал енді маған балқыған мыс әкеліңдер мына қызған темірдің үстіне құяйын», – деп пәрмен қылды. Сөйтіп, Яжүж бен Мәжүж ол бөгеттен асып өте де, оны тесіп шыға да алмады. Зұлқарнайн (бөгетті тұрғызып болғаннан кейін): «Бұл Раббымның рақымы, (бізге деген) жақсылығы. Ал енді Раббым уәде еткен уақыт келгенде, оны жермен-жексен етеді. Раббымның уәдесі хақ (міндетті түрде орындалады)», – деп айтты.

ҮЗӘЙІР

Үзәйір есімі «Тәубә» сүресінде кездеседі. Яһудилер Үзәйірді Алланың ұлы деп таныған. Үзәйірдің де пайғамбар болып-болмағандығына талас бар. Яһудилердің деректерінде Бабылда құлдықта жүрген мыңдаған «израилдықты» құтқарып, Құддысқа алып келген осы Үзәйір делінеді.

«Тәубә» сүресі, 30-аят:

«(Уа, Мұхаммед алдыңа келген кейбір) яһудилер: «Узәйір – Алланың ұлы», – десе, христиандар: «Иса Мәсіх – Алланың ұлы», – дейді. Бұл олардың баяғы кәпірлердің сөзіне еліктеп, құр ауызбен айтқан (дәлелсіз, дәйексіз) сандырағы ғана. Аллаһ олардың жанын алсын! Қалай ақиқаттан адасып, хақ жолдан қақпайланып, жалғанға қалай бой алдырып жүргендерін көрмеймісің?!».

Бұл тізімге «Әнбия» сүресінде кездесетін «Зүннун» есімі қосылмады. Себебі, оның Хазіреті Юнус екендігіне бірауыздан шыққан жорамалдар бар.

Сұлтан КЕРІМ