ІІ Абдулхамидтың Пайғамбарға деген махаббаты
Османлы падишахтарының арасында ақылдылығымен, даналығымен танылған ІІ Абдулхамид сұлтанның тақуалығы да ерекше еді. Оның айрықша ақылға ие екенін мұсылман еместер де мойындауға мәжбүр болған. Германияның канцлері болған Отто Фон Бисмарктың: «Әлемде 100 ақыл болса, оның 90 грамы Абдулхамидте, 5 грамы менде, ал қалған 5 грамы әлемнің басқа саясаткерлерінде», – деген сөзі баршамызға мәлім.
Міне, дұшпанның өзін қайран қалдырған ақылы мен парасаттылығы оның тақуалығынан деп білеміз. ІІ Абдулхамид дәретсіз жер баспаған екен. Ұйқыдан тұра сала, «құманға жеткенше дәретсіз бармайын» деп, төсегінің басына қойған Кербаланың топырағынан жасалған қыш тақтаға таяммум соғып, суға дейін дәретпен баратын болған.
ІІ Абдулхамидтың Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген махаббаты да ерекше еді. Пайғамбарымызға (с.а.у.) күнде салауат айтпай жатпайтын әдеті болатын. Бір күні шаршап ұйықтап кетіп, салауат айтпағаны үшін Пайғамбарымыздың өзі біреудің түсіне кіріп, ескерту жасаған.
Ол Пайғамбарымызға (с.а.у.) зиярат етуге асыққан халықтың сүйіктісіне тез қауышуы үшін Ыстамбұл мен Мәдинаның арасына теміржол тартқан. Бұл теміржолмен жолға шыққандардың сапары сүннетке сай болу үшін Пайғамбарымыздың сапар барысында тоқтаған жерлеріне станциялар салдырған. Яғни, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аялдаған жерлеріне мұсылмандар да аялдап, сүннетке амал етсін дегені. Ал Мәдинадағы теміржол станциясын Пайғамбарымыздың (с.а.у.) рухын мазаламас үшін жатқан жерінен шамамен 2 шақырым ұзақтыққа салдырған. Несін айтасыз, тіпті Мәдинаның ішіне кіретін теміржолдардың үстіне киіз төсеткен. Теміржол төсеушілердің балғаларының бастарына да киіз оратқан. Мұндағы мақсаты да – Пайғамбарымыздың рухын мазаламау еді. Әрі Пайғамбарымыз жатқан жерде шу шығаруды әдепсіздік деп білген.
Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген құрмет пен махаббаттың ерекше үлгісі осы болар. Алла Тағаланы, Оның Елшісін ерекше сүйген құлын Алла Тағала да басқа жаратылыстарына сүйгізеді. Сол себепті, дұшпандарының өзі оның ақылдылығы мен даналығына қайран қалып, бас шайқаған.
«Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мешіті кеңейтіледі» деген жаңалықты оқып, осы бір жайттар ойға оларды…
Сұлтан КЕРІМ
Дереккөз: http://kazislam.kz/