Әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруға ел болып кіріскен жөн

0
158

Әр Жолдау – ел үшін жаңа белес. Себебі Президент Жол­дауында экономикалық саясат, инновациялық және сервистік секторлар, индустрияландыру мәселесі және т.б. маңызды бағыт­тармен қатар, қалыптасқан дәс­түр бойынша елдің әл-ауқа­тына, әлеуметтік жағдайына да айрықша назар аударылған.

Мемлекет басшысының 2018 жылдың 5 қаза­нын­да халыққа жария еткен кезек­ті «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да халықтың әлеу­меттік жағдайы назардан тыс қалмады. Бұл Жолдауда алды­мен назарға алынғаны − білім беру­дің, денсаулық сақтау сала­сының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері.

Бар құндылықтың негізгі қозғаушы күші − адам, оның білімі мен дағдысы, өмір сүру жағдайы, тұрмыс дең­гейі болғандықтан, Елбасы назары­ның ерекше болуы заң­ды­лық. Соны­мен Жолдауда әлеу­мет­тік мәсе­леге қатысты «Тұрмыс сапасын арттыру» деп айдар тағылған екінші тармақ сегіз пунктке бөлінген. Онда алдымен «5 жыл ішінде білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет» делінген. Ерекше қарқынмен дамып келе жатқан Қазақстан халықаралық дәрежеде танылудың жаңа деңгейіне көтерілді. Осы жолда бұл қадам мемлекеттің отан­дық білім мен ғылымға және денсау­лық сақтау салалары­на өз тарапынан барынша қолдау көрсетіп келе жатқанын айқындайды.

Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасатынын негізге алған Елбасы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту мәселесіне, білім сапасын баға­лау жүйесінің халықаралық стандарттарға сай келуіне мән берді. Осы орайда Президент Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырды.

Қазақтың хас батыры Бауы­р­жан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтар­ды ұстаз тәрбиелейді. Болашақ­тың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егінші­сін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», деген сөзі қазір қоғамда қызу талқыланып, Жолдауда халық тарапынан зор қолдауға ие болған мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі нақты айтылған.

Жолдауда көтерілген келесі ма­ңызды мәселе − «Педагог мәр­тебесі туралы» заң қабылдау. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызмет­керлері үшін барлық игілікті қарас­тырып, жүктемені азайту­ға, жөнсіз тексерістер мен мін­деттен тыс функциялардан арашалауға тиіс. Дәл осы мәселе ұстаздардың ғана емес, «бір әріп үйреткен адамға қырық жыл сәлем бер» деп білім беру ісінің бағыт-бағдарына, даму үдерісіне алаңдайтындардың да көңіліне қонды.

Тағы бір айта кететін жайт, «жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талап­тары күшейтіледі». Оқу бітірген студент­тердің жұмыспен қам­ты­луы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы, жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүр­гізу, Назарбаев Университет­тің тәжі­­рибесіне сүйеніп, үз­дік шет­ел­дік топ-менеджерлерді жұ­мыс­қа тарту, қазіргі білім инф­р­ақұрылымының базасында Назарбаев Университеттің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру. Шоқан Уәли­хановтың «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет», дегені бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да жоғары оқу орындарына қатысты талапты күшейту арқылы білім сапасын арттырып, ел дамуын барынша өркендету негізгі мұраты екенін аңғаруға болады. Себебі сапалы білім барда экономикалық өсімнің де жоғары сапасы қамта­масыз етіледі.

Кез келген мемлекетте, қай кезеңде де сапалы білім қан­шалықты маңызды болса, меди­цина­лық қызмет сапасы да сон­ша­лықты маңызға ие. Жол­дау барысында Прези­дент осы мәселені айрықша бөліп қарастырды. Енді 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін науқастар емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жала­қ­ысы кезең-кезеңімен 20 па­й­ызға көбеймек. Осы мақсат­тар­ға 5 миллиард теңге бөліне­ді. Сонымен қатар 2019 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауру­ха­налар ме­ди­циналық құжат­тарды қағаз­сыз, цифрлы нұсқа­да жүргізуге көшеді. Бұл да Жол­дауда айтыл­ған тың бағыттың бірі. 

Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы екенін қадап айтқан Елбасы Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене­шынықтыру-сауықтыру ке­шенін салуды тапсырды. Сондай-ақ келер жылдан бастап Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастайды. Президент бұл орайда адам және оның құқықтары мен денсаулығы маңызды екеніне басымдық берді.

Қарапайым халыққа тұрғын үйді барынша қолжетімді ету мақсатында қолға алынған «Нұрлы жер», «7-20-25» бағ­дар­ламалары бүгінде сәтті жүзег­е асуда. Алайда, қашанда халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселесін үнемі назарда ұстайтын Елбасы, осы жолы да әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысы ұлғайтылмақ. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Түйіндей келе, елдің әл-ауқ­а­тын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсартуға арналған әлеуеті зор Жолдауда айтылған мәселелерді жүзеге асыруға ел болып кіріскен жөн. Себебі Пре­зидент айтқандай, әрбір қазақ­­стандық жүргізіліп жат­қан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркен­дету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс.

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ,

Парламент Сенатының депутаты

Дереккөз: http://egemen.kz/