АМАЛ ДӘПТЕР
Ес білгелі дәптердің түр-түрін көріп келеміз. Әсіресе, мектеп табалдырығын аттап, қолға алғаш қалам алғалы бері қанша дәптерді тауысқанымыз есте жоқ. Тіпті университет жылдарында да қолымыздан дәптеріміз түспейді. Әскерге я дәрігерге барсақ та бізге дереу жеке дәптер арнағанына куә боламыз. Бірақ бұл дәптерлер көбіне өмірдегі негізгі дәптерді еске салмайтыны өкінішті-ақ. Ол – амал дәптері.
Амал дәптерінің не екенін түсіну үшін өмірде еш нәрсенің мақсатсыз жаратылмағанын, адамның да жаратылыс мақсаты барын, әрбір іс-әрекетінің жауапкершілігі, сұрауы болатынын білудің мәні зор. Иә, адам баласы бекерден бекер жаратылған жоқ. Бұл өмір оған тек сынақ үшін берілген. Осында не ексе, ақыретте соны ормақ. Пенденің бұл өмірдегі барлық жақсылық-жаманды істерінің барлығы да тізімделіп, мұқият жазылу үстінде. Амал дәптері – міне осы әр адамның жеке өзіне ғана тән, періштелері жазып отыратын дәптері. Бұл дәптердің ерекшелігі сонда, оны әркім тек ақыретте ғана көрмек. Оған қандай қаламмен, жазу қалай жазылатыны, дәптерлердің көлемі қандай болатыны да бізге беймәлім. Бірақ ол дәптер бүкіл адамзат тірілтіліп жиналған мақшар алаңында, Ұлы Жаратушының құзырында, бүкіл періштелер қатысқан жиында берілмек. Өйткені Есеп күні кімнің жақсы я жаман екені, өмірін қандай істермен өткізіп келгені сол дәптер негізінде анықталмақ.
Әркімнің жасаған істерін жазып отыратын періштелерді Құран былай деп білдіреді: «Анығында әрбіріңді бақылаушы періштелер бар, абыройлы жазғыштар. Не істесеңдер де біліп тұрады» («әл-Инфитар» сүресі, 10-12-аяттар).
Балиғат жасына толғаннан бастап, ғұмыр бойы үзбей осы амал дәптерлері (Құранда кітап деп те келген) жазылумен болады. Ақыретте бұл дәптерлердің адамның оң жақ тұсынан я сол жақ тұсынан әкелінуі үлкен шешуші маңызға ие. Оңнан берілгендер өздерінің жұмақтық екенін сезіп, қатты қуанса, солдан берілгендер, тозаққа түсетінін, одан кейінгі есептерінің ауыр соғатынын біліп, қатты уайымға салынады.
Құран ол туралы былай дейді: «Міне, сол кезде кітабы (амал дәптері) оң қолына берілгендер (масайрап) былай дейді: «Келіп, менің кітабымды оқыңдар. Өйткені мен есеп беретінімді ескерген болатынмын». Ол жайлы өмірде, жоғарғы жұмақта» («әл-Хаққа» сүресі, 19-22-аяттар);
«Кітабы сол қолына берілгендер болса, былай дейді: «Қап, кітабым маған берілмегенде ғой… Есебімнің де қандай екенін білмей-ақ қойғанымда болар еді». Оны ұстаңдар да тозаққа тастаңдар» («әл-Хаққа» сүресі, 25-27, 30-31-аяттар).
Өзінің амал дәптерін көргенде, әркімнің онда жазылғандарды оқып қатты таңғалатыны айтылады. Өйткені өмірінде жасаған әрбір ісінің бүге-шүгесіне дейін түк қалдырмай тіркелгенін көреді.
Құран олардың таңғалып былай дейтіндерін айтады:
«Мәссаған, мынау не деген дәптер десеңші, ірі-ұсақ демей бәрін жинапты» («әл-Кәһф» сүресі, 49-аят).
Анығында ол дәптердің қалай толтырылатыны адамның өзіне байланысты. Бұл тұрғыда әр күнімізді ақ парақ деп елестетсек, бір күнге есеп беру арқылы сол парақта қандай сауапты я күнәлі істер жазылатынын шамалауға болатындай. Бір ғалым бұл тұрғыда сараңдардан үлгі алу керектігін мысал етіпті. Өйткені сараңдар ақшасын ұсақ тиындарына дейін қайта-қайта санап, күнделікті есебін жаңылмай жүргізіп отырады. Сол сияқты әркім де істеген ісінің жақсы-жаманын үнемі таразылап, нашар қылықтарына өкіне кешірім сұрап, игі істерді көбірек атқарып, құлшылықтарын толық орындаса, амал дәптерінің сауап жағы толыға түсері белгілі.
Тақуа кісілер сондықтан да өмірдегі әр ісіне мұқият қарап, ақыретте амал дәптерінің өзіне оң жағынан берілуін тілеп, әрдайым дұғаларында жалбарынған.
Құдайберді Бағашар,
дінтанушы