Өлең: Күләш Ахметова (Ой)

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Өлең: Күләш Ахметова (Ой) казакша Өлең: Күләш Ахметова (Ой) на казахском языке

Қай дәуір,
Қола яки тас дәуірі,
Адамдар болған дейді асқан ірі.
Ол кезде ағым басқа,
Адамдардың
Жүретін қола менен тасқа әмірі.
Жасыра алмас тарих та болған істі,
Ол кезде
Жердің тау мен орман үсті,
Алдымен шабуылды көріп,
Адам
Артынан тапқан болар қорғанысты.
Аң аулап,
Іздеген-ді талшық таңда,
Таңданған,
Қорықпаған жан шыққанда,
Алдымен қоректі ойлап тауып,
Кейін
Байлық пен сән іздеген балшықтан да.
Білеміз жарыстың бұл басы екенін,
Заттарға қарамаған аса тегін.
Бастан сөз,
Басқаға бақ асырмаудан
Басталған сұм дәуірі бәсекенің.
Бірінен-бірі алып мазаны артық,
Қызғаныш туған сайын,
Азабы артып,
Жерді де бөліп-бөліп алған адам
Қараған басқа үлеске
Көз алартып!
Болғанмен ойы, ақылы аса терең,
Біреудің
Күн көрісі аса төмен,
Біреудің
Ойы саяз, ақшасы — артық,
Бар бәле басталды осы бәсекеден.
Біреуін өз байлығы көншітпепті,
Біреуі өз дәулетін «көлшік» депті.
Осылай озбырланып,
Озамыз деп, Бәсеке,
Бақталастық өршіп кетті.
Жеткендей қорқынышты осы дүбір,
Жаяды қып-қызыл қып шашын іңір.
Жабайы жаратылыс мода емес,
Жарыс пен рекордтар ғасыры бұл.
Біреудің сенетіні азу шығар,
Біреуге жүлдесі ерте әзір шығар.
Жарысқа қатысады
Қалай демей,
Қалалар,
Өндірістер,
Жазушылар…
Бар шығар біз білмейтін мәніс мұнда.
Қараймыз қауып етіп әр ұшқынға,
Орны болу керек қой —
Озудың да,
Шегі болу керек қой —
Жарыстың да.
Түскенде жақсы-жақсы ой басыңа,
Мен сенем күн нұрына тоймасыңа.
Арман не,
Айналса егер адам басы
Жарысқан ізгі ойлардың қоймасына?
Түскенде түйдек-түйдек ой басыңа,
Амал жоқ дөңбекшімей қоймасыңа.
Неліктен айналады сұлу жерлер,
Сұрапыл бомбалардың қоймасына.
Өтпейді
Уақыттың айы мұңсыз,
Қарайды
Айналаға қайың үнсіз.
Неліктен бір-біріне
Ақыл-ойы
Дамыған сайын
Адам
Қайырымсыз?!
Адамзат алаңдаса —
Алаңдасын,
Тағдыры жұмыр жердің қоғамға — сын.
Торғайды торғай қорғап тоғайларда,
Жатады адам алып адам басын.
Қалайша түршікпейсің, қорықпайсың,
Қалайша болашақты анықтайсың.
Айналаң —
Адам, адам…
Бастарында
Не жатыр, не пікір бар оны ұқпайсың.
Бір кезде
Ағаштардан тердік қорек,
Қайырымды өмірге де көндік, демек.
Басы емес —
Ойлау үшін халық қамын,
Бауырлық сезімдер мен ерлік керек.
Опасыз өмір мәнін
Тез білгесін,
О, адам,
Жарыс ойлан, оздың несін?
Шығады жер бетінде зұлымдықтар
Әркімнің ойлауынан өз мүддесін.
Аспан,
Көл
Айнадайын мөлдір еді,
Кей жерде өзгергендей енді реңі.
Жарысып
Бала азайтын
бағзы бір ел,
Қалыспай
Қару-жарақ өндіреді.
Жерді де, байқамаса,
Ол жоқ қылары
Белгілі,
Сол ма ақылдың соқтырары?
Қаруды өндірудің құралы көп,
Пиғылды түзетудің жоқ құралы.
Жасаған адам атпай бір күні оғын,
Қоймайды.
Тыяр сәби күлкілерін…
Бомба ше?
Жата-жата іші пысып,
Бір күні жарылуы мүмкін оның!
Дамыды бүгін қанша ми, ғылым да,
Көрсетті сиқырын да, сыйлығын да.
Бейбіт күннің өзінде күнде өзгерген
Барлық пәле — адамның пиғылында!
Тоймаушы ек,
Қарағанда көркіне біз,
Қоймадық
Табиғатты еркіне біз.
Жарыққа келмек болған талай-талай
Өмірді тоқтатамыз,
Өлтіреміз…
Өлтірдік
О, қаншама, сезімді біз,
Көктемде-ақ көңілдерде сезілді күз.
Неліктен
Баласынан бас тартты әке,
Неліктен
Қызығынан безінді қыз?
Белгілі
Жоғалтқанды таба алмасы,
Темірге кезек берген заманда
Осы
Сыйғызып, бәрін-бәрін
Сыздап тұрған
Жердің өзі сияқты адам басы.
Жақсы емес пе бүгінгі заманымыз,
Сол соғысты ойлаймыз неге әлі біз?
Неге бойдан бір күдік кетпейді әлі,
Неге ызаға толы әлі жанарымыз?
Өйткені
Біз әлі де жаралымыз,
Өйткені
Біз әлі де қаралымыз.
Әлі күнге
күтеміз ағаны біз,
Көріп өстік жоқтаған ананы біз.
Еске алғанда басқандай даланы күз,
Естеліктен шындыққа оралыңыз.
Жоқ!
Жоқ!
Біз
Мойымадық.
Ерен бөлек
Елдіктің рухыменен жоғарымыз!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Загрузка...