Нерв таршықтары
Нерв талшықтары – нервтік импульстарды өткізетін, глиалді қабықпен қапталған нерв клеткаларының өсінділері [1,17,31].
Глиалды қабықтың құрылысына (онда миелиннің болуы немесе болмауына)
байланысты нерв талшықтарының миелинді және миелинсіз — екі түрін ажыратады.
Миелин нервтерге ақ түс береді. Миелінді талшықтарда глиалды қабық қалың болады және нерв талшығының көлденең кесіндісінің 1/2 -2/3 диаметрін құрайды.. Миелинді қабық — нерв талшықтарының бойымен өтетін нервтік импульстардың көрші тіндерге таралмауын қамтамасыз етеді. Қалың миелинді талшықтарда импульстердің өту жылдамдығы , шамамен 80-120 м/с, орташа қалыңдықтағыда – 30-80 м/с, жұқа миелинді талшықтарда – 10-30м/с.
Қазіргі кездегі анықталғаны — жуан (12-20 мкм) миелинді талшықтар негізінен қозғалтқыш импульстарын өткізеді, орташа қалыңдықтағы (6-12мкм) талшықтар — проприоцептивтік , тактилдік және температуралық сезімталдықты, ал жіңішке (1-6мкм) миелинді талшықтар – ауырсыну импульстарын өткізуге қатысады. Осыған орай, талшықтардың жуандығына қарап нервтің функциялық қасиетін анықтауға болады (қозғалтқыш, сезімтал, аралас).
Миелинсіз талшықтар кіші диаметрлі (1-4 мкм) болады және 1-2 м/с жылдамдықпен импульстарды өткізеді. Миелинді талшықтарда импульстар мезгіл- мезгіл түйдектеп (түйдектеп (секіріп) серпінді өтеді, ал миелинсіз талшықтардың айырмашылығы , оларда импульстар үзіліссіз өтеді. Миелинсіз нерв талшықтары вегетативтік нерв жүйесінің эфференттік талшықтары болып табылады, яғни олар ішкі ағзалардың , бездердің және тамырлардың иннервациясын қамтамасыз етеді .
Орталық нерв жүйесінде нерв импульстарының өту бағытына сәйкес талшықтардың екі тобы ажыратылады : шеттен орталыққа бағытталған және орталықтан шетке бағытталған . Орталыққа бағытталған талшықтар — ағзалардан жұлынға немесе миға бағытталады және қызметіне сәйкес афференттік (өрлемелі) талшықтар (өсінділер) деп аталады. Орталықтан шетке бағытталатын талшықтар – мидан немесе жұлыннан ағзаларға (бұлшықетке , тамырларға , бездерге ) баратын эфференттік (төмендемелі) талшықтар (өсінділер).
Орталық нерв жүйесінің (ми мен жұлынның ) деңгейінде (ішінде) орналасатын нерв талшықтарын — ми мен жұлынның ақ заты деп атайды.