Нарықтың ұғымы, мәні, пайда болуы мен даму кезеңі ұғымы мен мәні

0

Қоғамдық  өндіріс процесінде қоғамдық өнімнің  қозғалысы сан мыңдаған шаруашылық байланыстары арқылы жүреді. Олар кәсіпорындардың, салалардың, аймақтық кешендердің (территориялық комплекстердің), халық шаруашылығының экономикалық қан тамыры іспетті, осы байланыстар арқылы өндірістің “қан айналымы” жүзеге асады. Міне, қоғамдық өнімнің осы қозғалысында нарық маңызды қызмет атқарады. Әрине, оның өміршеңдігі өндірістің табиғатына, экономикалық әлеуметтік жағдайына байланысты, дегенмен нарықтың біраз дербестілігі бар, сондықтан да болар ұдайы өндірістің барлық сатыларына, түпкі нәтижесі мен тиімділігіне айтарлықтай әсер етеді.  Жалпы нарық мәселесі төңірегінде осы күнге дейін теориялық айтыстар толастай келеді. Экономикалық әдебиеттер мен зерттеулерде “нарық” деген терминнің мәні осы күнге дейін толық ашыла қойған жоқ. Көпшілігі нарықтық қатынасты стихиялық күштер үстемдік ететін ұйымдастырылмаған, кәдімгі базар мен теңесе, ал енді біразі нарықты экономиканы барлық ауруынан тез жазылатын керемет “күш” деп те дәріптеуде.

Саяси экономикалық мағынада нарық — айырбас қатынасын білдіретін экономикалық категория деп қарайды. Ол экономикалық қатынастар жүйесінде ұдайы өндіріс процесінің маңызды сатысы, айырбасты сипаттайды.

Сонымен нарық дегеніміз не? Бұл сауалға бірден жауап берудің өзіндік қиындығы көп. Нарық бұрын — соңды біздің елде терең зерттелмеген, сондықтан оның мәнін қате түсіну қазіргі әдебиеттерде жиі кездеседі. Себебі, бөлу әдістеріне негізделген басқару жүйесі жағдайында нарық проблемалары тиісті ғылыми зерттеу пәні бола алмады. Ұзақ жылдар бойы әкімшіл — әміршіл жүйенің идеологиялық тұтқынында болып келген экономикалық ғылымдарда нарықтың маңызы мен орны туралы даурықпалық көзқарас басым болды.  Нарық мәселелерінің қоғамдағы қайта құру теориясы мен практикасында алатын зор мәніне қарамастан, ТМД-ға кіретін мемлекеттердің және Қазақстан ғылым экономикасының арасында нарық туралы бірыңғай пікір жоқ. Осыған байланысты нарықтың бірнеше анықтамасын келтірейік.     Нарық — өндіріс факторларын немесе оның нәтижелері мен шарттарын айырбастауға байланысты болатын өндірістік қатынастардың белгілі бір бөлігі немесе жүйесі.

Нарық — бұл сатушылар мен сатып алушылардың арасындағы тауар және қызмет көрсету процесіне байланысты қалыптасатын экономикалық қатынастардың жиынтығы.

Нарық — тауарларды сатып алу және сатумен байланысты орын алатын экономикалық қатынастар жиынтығы. (Саяси экономия — Алматы,“Ана тілі”).  Нарық тауарларды өткізуге байланысты сатушылар мен сатып алушылардың арасындағы қатынастар жүйесі болып табылады.

Келтірілген көзқарастардың қайсысы да жеткілікті түрде дәлелді, бірақ мәселелердің бір жағын ғана қамтиды. Шын мәнінде тауар – ақша, нарықтық байланыстар сату, сатып алумен шектелмейді. Бұл жерде басымдылық айырбас пен айналыс саласындағы қатынастарға емес, өндірісте болатын қатынастарға тиісті болуы керек. Себебі тек осы жерде ғана өнім жасалады және оның тауарға айналуын сипаттайтын, тауар — ақша қатынастарын қандай нақты нысындарда болатынын көрсететін экономикалық байланыстар пайда болады.  Экономикалық дамудың объективті жағдайы нарықты және оның категорияларын (баға, ұсыныс, бәсеке, және т.б) өмірге әкелді. Көп уақыт бойы біздің еліміздегі басқарудың әкімшілдік-әміршілдік әдісі үстем етуі нарықтың дамуына тежеу салды. Соңғы жылдары басқарудың экономикалық әдісіне кешу нарықтық айырбасқа жол ашып отыр. Экономикалық өмірде шаруашылық қызметін ұйымдастырудың бұл әдісі батыстық модельдерді қайталау емес. Бұрынғы социалистік нарықтық қатынастардың ұлғаюы шаруашылық механизмін қайта құру барысындағы заңды көрініс. Мысалы, Венгрияда 1988 жылдың өзінде экономикалық реформа барысында өндіріс құрал-жабдықтарына көтерме сауданы енгізу арқылы нарықтық тепе — теңдік қалыптастырылды. Әрбір өндіріс әдісіндегі нарық меншікке байланысты өндіріс қатынастарының бүкіл жүйесінде әрекет етеді. Біздің қоғамымызда нарық өндірістің тиімділігі мен халықтың әлеуметтік-тұрмыс дәрежесін жақсарту бағытында қызмет істей бастады.

Соңғы уақытта теориялық дискуссияларда нарық пен жоспар бір-біріне орынсыз қарсы қойылып жүр. Шын мәнінде ұдайы өндіріс (жоспарлы ұйымдасқан процесс) нарықты, оның икемділігін, экономикалық тиімділігін арттыруға пайдалануы аса маңызды мәселе. Сондықтан нарық ұдайы өндірісті үйлесімді дамудың басты тұтқасы. Экономиканы нарықтық реттеу ұйымдасқан жоспарлы шаруашылық механизмнің құрамды бөлігі, онымен тығыз байланыста әрекет ететінін естен шығармаған жөн. Нарық түралы ілім. Ағылшын экономисі А.Смит экономика туралы бір ғана еңбек жазғанымен, оның дербес ғылымға айналуының негізін қалаған ғылым деп саналады. Оның еңбегі Халық байлығы 1776 ж. жарық көрген. А.Смиттің досы Давид Юм алғашында оны оқып түсінетін оқырмандар саны көп болмас деген пікірде жүрді. Алайда Юм қателескен екен, аталған кітапты адамдар 200 жылдан астам уақыт бойы талмай оқып үйренуде. А. Смиттің ойынша, ұлттың басты байлығы, өзге экономистердің түсінігінше, алтын және күміс қорын жинауда емес, яғни байлық дегеніміз — еңбек түрін атқаратын және ашық нарықта сауды жасайтын қарапайым адамдардың әрекеттерінің нәтижесі. Экономика ғылымы ретінде соңғы екі жүз жылдықта А.Смиттің еңбегінде іргетасы қаланған теорияны талдау және оны толықтыру бағытында дамуда. А.Смиттің нарық туралы ілімі Австрияның экономисі, Нобель сыйлығының лауреаты Фридрих Фон Хайектің еңбектерінде дамытылған. Оның ілімі бойынша, нарық деген ұғым – ішкі себептерден пайда болған әлеуметтік тәртіптің бір формасы. Хайектің айтуынша, нарық жүйесінің шегінде бағалықтың белгілі бір біркелкі шкаласы жоқ; ол тек бәсекелестік мақсатты жалғастырады; солар үшін қызмет атқарады, бірақ олардың алдында қоғам мақсаттарының қайсысы бірінші орындалу керектігіне кепілдік бермейді.

А.Смиттің ілімінен шығатын қорытынды мынадай: нарықтың тиімділігі және бәсекелестердің әрі олардың әрқайсысы өздерінің экономикалық мақсаттарына жету жолындағы мүмкіндіктерін арттыра беретіндігі.

Капиталистік қоғамның дамуы деалектикасының өзі нарықтық экономиканы ұйымдастыруға әкелетіні аян. “Айырбастау” -дейді В.И. Ленин,- “адамдарды нарық арқылы біріктіреді”. В.И. Лениннің айтуынша, “Нарық” ұғымын қоғамдық еңбек бөлінісінен айыруға болмайды.

Міне, сондықтан да социализм орнатуда және социалистік шаруашылықты ұйымдастыруда нарықтық қарым-қатынастарды толық пайдаланудың қажет екендігі туралы В.И. Лениннің көзқарасы көптеген жағдайларға байланысты өзгеріп отырған. Олардың ең бастылары: В.И.Лениннің көзқарасында нарық мазмұнының өзгеруі, оның еркін бәсекелестік капитализмнен монополистік капитализм сатысына көшу барысында атқаратын рөлі; Халқымыз орнатқысы келіп отырған қоғам мен оның қозғаушы күштері туралы жалпы теорияның айқындала түсуі; Өтпелі дәуір кезеңіндегі экономиканы мемлекет тарапынан басқару механизмінің дамуы;

Нарықтың пайда болу себептері. Нарықтық қарым-қатынастың қажеттілігі қоғамдағы еңбек бөлінісін тудыратын себептерден туындайды. Адамдардың өндірістік мүмкіндігі олардың қажеттілігіне қарағанда, табиғи түрде шектеулі болады. Кейбір қабілеті бар адамдар тек белгілі бір салада ғана жұмыс істеп, белгілі затты ғана өндіре алады, бірақ олардың қажеттілігі миллиондаған атауы бар әр түрлі тұтұну игіліктері мен қызметтерін қамтиды. Экономикалық ресурстарға: жер, еңбек, техника, шикізат, ақпарат және т.б. жатады. Ресурстарға тән нәрсе — олардың сиректігі немесе шектеулігі. Экономикалық теорияда бұл феномен шамасы “Ресурстар Заңы” деп аталады. Бұл жағдайда пайда табу мен молшылықты қамтамасыз ететін тетік әлде кімнің даналығы немесе ақылдылығының нәтижесі емес, ол еңбек бөлінісі мен нарыққа байланысты көрініс береді. Мұны адамдардың өмірге қажетті әр түрлі ресурсттар алу үшін өз еңбек өнімдерін бір-бірімен айырбастауға деген табиғи қажеттілігінен және бейімділігінен туындайтынын көреміз. Осыған байланысты А. Смиттің зерттеген   «Көрінбейтін қол» деген теориясына назар аударайық. Бұл теория бойынша, адамдардың экономикалық шаруашылық субъектісі ретіндегі біреулердің әр түрлі еңбек өніміне деген мұқтаждық түсіндіріледі. Әдетте ол саналы түрде қоғамға пайда келтіруді ойламайды, тіпті оған қаншама пайда келтіріп отырғанын сезбейді де.  Ол тек қана өз мүддесін ойлайды және оның басты мақсаты — өзіне ғана пайда түсіру, сөйте тұра, әлдебір көрінбейтін қол, оны өзі басшылыққа алмаған мақсатқа қарай бағыттап отырады.

.


Тағы рефераттар

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз