Мемлекеттік кредит — Ақша, кредит және банктер — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Мемлекеттік кредит жеке және заңды тұлғалардың уақытша бос ақшалай қаражаттарының мерзімділік, қайтарымдылық және ақылы шарттары негізінде мемлекет тарапынан жұмылдырылу себебі бойынша қатынастың жиынтығын білдіреді.

Оны мемлекет бюджет тапшылығын жабу үшін және мемлекет өзінің ағымдағы мүмкіндіктерінен тыс қажеттіліктерін қосымша қаржыландыру үшін пайдаланады. Бұл кредит қатынасының субъектісіне, бірінші жағынан, қарыз алушы ретінде мемлекет жататын болса, екінші жағынан — халық, кәсіпорындар, ұйымдар, сондай-ақ, шетелдік жеке және заңды тұлғалар, мемлекет.

Мемлекеттік кредитті мемлекеттің өзіндік кредитіне және мемлекеттік борышқа болу керек.

Бірінші жағдайда мемлекеттің кредит институттары экономиканың әр түрлі секторларын және халықты кредиттейді. Қазақстанда бюджет қаражаты есебінен құрылған, жарғылық капиталы 100%-ды құрайтын екі банк бар — Қазақстан Даму банкі және Мемлекеттік тұрғын үй құрылысының жинақ ақша банкі. Екінші жағдайда мемлекет уақытша бос ақша ресурстарын жұмылдыру үшін, мемлекеттің бюджет тапшылығын және қоғамның өзге де қажеттіліктерін қаржыландыру үшін халықтан, банктерден және өзге де қаржы-кредит мекемелерінен, кәсіпорындар мен ұйымдардан, сондай-ақ, басқа мемлекеттерден (мемлекеттік құнды қағаздарды қаржы нарығына орналастырумен) ақшалай қаражатты қарызға алады. Уақытша бос ақшалай қаражат облигацияларды, қазынашылық міндеттемелерді (МҚМ) және мемлекеттің өзге де құнды қағаздарын шығару және өткізу арқылы жұмылдырылады.

Қазақстан бүгінгі таңда әзірге мемлекеттік займ облигацияларын шығара қойған жоқ. КСРО 70 жылдың ішінде мұндай облигацияны Азаматтық соғыс пен Ұлы Отан соғысынан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін бірнеше рет шығарды. Сонымен бірге, 1966 ж. мемлекеттік 3% ішкі ұтыс займдарын және 1982 жылы мемлекеттік ішкі ұтыс займдарын шығарды. Бұл облигациялар кәсіпорындардың қаражаты мен халықтың еңбекақысын мәжбүрлеп өндіріп алудың формасы болып табылады.

Мемлекеттің қаржы ресурстарын қалыптастыратын маңызды арнаға банктердегі халықтың салым ақшаларының бір бөлігін мемлекеттік займға айналдыру жатады, ол облигациялық және облигациясыз болуы мүмкін. Облигациясыз займ мерзімсіз болады, оны мемлекет құнды қағаздары шығару бойынша рәсімдейді, сондай-ақ, тиісті мекемелердің шотындағы соманың тікелей есебі арқылы және мемлекеттік борыш кітабында рәсімделеді. Мұндай займдарды өтеудің мерзімі айтылмайды, алайда мемлекет займдарды шығарудың құқығын өзінде қалдырады, әрі оны әрекет ету кезеңі ішінде пайыз төлеуге міндеттенеді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда айналыста мынандай бағалы қағаздар бар:

  • 3,6 және 12 ай мерзімдеріне шығарылған мемлекеттік қысқа мерзімді облигациялар (МҚО);
  • 5-7 жыл мерзімінде шығарылған мемлекеттік орта мерзімді облигациялар;
  • 20 жылға дейінгі мерзімге шығарылған мемлекеттік ұзақ мерзімді облигациялар.

Мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерді ҚР Қаржы министрлігі шығарады және оған мемлекет кепілдік береді.

МҚМ-мен қатар айналыста ҚР Ұлттық банк ноталары бар. Ол (нота) айналыстағы артық ақша массасын алу үшін шығарылады, яғни мемлекеттік кредит ақша айналысын реттеу үшін пайдаланылады.

Мемлекеттік кредиттің болуы төленуі тиіс есептелген пайыздардың барлық сомасын білдіретін мемлекеттік борыштың қалыптасуына әкеледі. Мемлекеттік борыш статистикалық есеп берулерде көрініс табатын мемлекеттік кредит қатынасының ең толық сандық сипаттамасы болып табылады. Мемлекеттік борыштың шамасы қатынастың тек бір нәтижелі жағын ғана көрсетеді: кезең ішінде пайда болған мемлекеттің берешегі, ұзақ мерзімді қарызды жұмыспен өтеудің тиісті жылдарының саны, ағымдағы жылда келетін өтеу мерзімі.

Мемлекеттік қарыз ішкі және сыртқы қарыздарға бөлінеді. Ішкі мемлекеттік қарыз МҚМ бойынша, мемлекеттік займ міндеттемелері бойынша берешектерден, сондай-ақ, жинақ ақша және сақтандыру жүйелерімен жұмылдырылған қаражаттан тұрады.

Сыртқы қарыз мемлекеттің өзге мемлекеттерден қарызға алған берешегінен пайда болады.

Мемлекеттік қарызды басқару ұғымы кредиттерге пайда төлеуді және қарыздарды өтеуді, шығарылған займдардың шарттарын өзгертуді, эмиссия шартын анықтауды, мемлекеттік қарызды басқару бойынша шығындарды кемітуді және т.б. қамтиды.

Мемлекеттік кредит жеке және заңды тұлғалардың уақытша бос ақшалай қаражаттарының есебінен қосымша қаржы ресурстарын жұмылдырудың қуатты құралы болып табылады.

Ақшалай қаражатты жергілікті үкімет органдары да қайтару және ақылы негізде жұмылдыра алады. Бұл жағдайда, әдетте, алынған қаражаттың нақты мақсатты бағыты болады. Ол жол құрылысына, су бөгетін тұрғызуға, мектепті салуға, қалалық және ауылдық аудандардың жасақталуына пайдаланылуы мүмкін.