Материя мен сана – шегіне жеткен қарама-қарсылық – Философия – Рефераты на казахском языке – Библиотека

0
639

Болмыстың өмір сүру формаларын талдай келе, біздің алдымызға келесі сұрақ келеді: осы сан алуан себептілік пен қажеттілік, мүмкіндік пен кездейсоқтық т.с.с. жақтарымен құбылып жатқан болмыста не бар? Оның шеңберінде әртүрлі заттар мен құбылыстар, соның ішінде ішкі рухани өмірі бар адам да бар. Ең кең, шегіне жеткен түрде алып қарағанда, әрине, оны материя мен санаға, рухқа теңеуге болады.

Адам саналы пенде ретінде өзіндік санасын тудырады, сол себепті ол бүкіл Дүниені өзіне қарсы қойып қарайды (соның ішінде басқа адамдарды да өзінен бөлек санайды). Осы арада көп сұрақтар пайда болады: «Бұл Дүние не?», «Мен неге бұл Дүниеге келдім?», «Менің жаным осы денеммен бірге сөне ме, я болмаса мәңгілік өмір сүре бере ме?», «Дүние шектелген бе, я шексіз бе?». Мұндай сұрақтардың санын жүздеп келтіруге болады. Оларға жауап беру барысында біз қажетті түрде материя мен сана категорияларына келіп тіреліп, олардың арақатынасын зерттеуге мәжбүр боламыз. Міне, осы арада философияның негізгі мәселесі пайда болады.

Соңғы жылдары «философияда негізгі мәселе жоқ, оның барлық мәселелері – негізгі. Оны идеологиялық бүркеме ретінде уақытында Ф.Энгельс енгізген» деген пікір пайда болды. Алайда мұндай көзқарас шындыққа лайықты емес, оның өзін жаңа «идеологиялық бүркеме» ретінде қарауға болады. Ал шындыққа жүгінсек, бүкіл философия тарихының негізінде осы мәселені шешу талпынысы жатқанын байқауға болады.

Негізінен алғанда, сана мен материяның арақатынасын анықтауда 3 бағыт бар. Оның бірі – материализм, екіншісі – идеализм, үшіншісі – реализм.

Материализм бағытының негізгі категориясы – материя ұғымы (materia латынша – зат).

Бұл бағытты ұстайтын ойшылдар алғашында Дүниенің негізін нақтылы-сезімдік заттардан көрді (Фалестің суы, Гераклиттің оты т.с.с). Мұндай көзқарастың көне замандағы шыңы -Демокрит пен Левкиптің атомдық теориясы. Дүниенің негізінде әрі қарай бөлінбейтін, сонымен қатар әрі қарай өткізбейтін ұсақ бөлшектер жатыр, олардың табиғаты біркелкі, бірақ формалары әр-түрлі болуы мүмкін. Біз дүниетану жолында заттардың бетінде орналасқан дөңгелек формалы ең жеңіл атомдарды қабылдаймыз. Сонымен pyx дегеніміз – қозғалыстағы жеңіл атомдар.

«Ештеңеден ештеңе пайда болмайды», сондықтан атомдар мәңгілік өмір сүреді, олар ешқайда жоғалмайды. Дүниедегінің бәрі қажетті де себепті. Демокрит Құдайды мойындағанмен, ол жер мен көктің екі ортасында өмір сүреді, оның бұл Дүниеге қатысы жоқ деген батыл көзқараста болды.

Жаңа дәуірдегі ғылым мен техниканың дамуына байланысты ғалымдар материяны табиғаттың заты, оның қасиеттерімен теңеді (Ламетри, Гоббс, Гольбах т.б.). Бұлардың ойынша, рухани өмір материалдық элементтерден тұрмайды, ол материяның жалпы қасиетіне жатады. Бұл, әрине, алға жылжулықты көрсетті. Т.Гоббс: «Зат адамның санасында өзінің тікелей ізін қалдырмайды, оның тигізетін ықпалы адамның миына жеткенше біршама сатылардан өтеді…»- деген пікір айтқан болатын.

XX ғ. басында материя жөнінде жаңа гносеологиялық (танымдық) тұжырым пайда болады. Ол, негізінен алғанда, ғылыми-техникалық прогреспен, ескі атомистиканың күйзелісімен байланысты болатын. Материяны заттық субстратқа (негізге) теңеуге болмайды. Материя дегеніміз – объективті шындықты біздің санамызда бейнелейтін философиялық категория, яғни ұғым.

Соңғы кездегі көзқарастарға келсек, олар біржақты гносеологизмге қарсы: материяны субстанциялық- аксиологиялық (құндылық) тұрғысынан сипаттағысы келеді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, материя тек қана физикалық реалдық емес, сонымен қатар рух та – мәңгілік материяның көп қасиеттерінің бірі болып есептеледі.

Ал енді идеалистік бағытқа келер болсақ, олар өмірдің рухани жағын негізгі деп есептейді. Заттардың субстанциясы (алғашқы негізі) рухани болмыста жатыр. Идеализмнің дүниеге келуінің алғышарттарына адамның өмірлік практикалық мүдделері жатқаны сөзсіз. Сондықтан бұл ағым құндылықтар әлеміне көбірек көңіл бөледі. Егер материализм, негізінен, сыртқы Дүниені тануға бағытталған философия болса, идеализм, керісінше, адамның ішкі рухани өміріне көбірек көңіл бөледі. Адам, оның өмірі мен бақыты, үміті мен қайғысы т.с.с. сұрақтар идеалистік философияның негізгі мәселелеріне айналады.

Философия тарихында объективтік идеализмнің негізін қалаған ұлы Платон болды. Оның ойынша, тек рухани болмыс -шынайы болмыс, ал сезімдік дүние – оның бұлдыр, жетілмеген, өтпелі көлеңкесі ғана. Бұл ойын Платон былайша дәлелдейді. Дүние жөнінде адамдардың әртүрлі пікірі бар, оларды тек қана білім арқылы тексеруге болады. Білім ақиқатқа әкеледі, соңғының көрінісі ұғымда жатыр. Егер сезімдік таным өне бойы өзгерістегі сезімдік-заттық дүниені бейнелесе, ұғым өзінің тұрақтылығымен сипатталады. Ал олай болса оған сәйкес өзгермейтін, жетілген, кемеліне келген эйдос әлемі бар. Ұғым арқылы біз заттың терең мәнін ашамыз. Олай болса, ұғым мен сезімдік танымды бір-бірімен салыстырсақ, олар болмыс пен елес секілді.

Оның ойынша, адам – қайшылықты пенде. Оның денесімен қатар, жан дүниесі бар. Дене сезімдік әлемге жатса, жанның Отаны – эйдос әлемі, сондықтан ол – мәңгілік.

Әрине, Платонның философиясы қайшылықты. Бір жағынан, біз сезімдік әлем мен эйдос әлемінің арасындағы қайшылықты көрсек, екінші жағынан, дене мен жанның ымыраласпайтынын байқадық.

Орта ғасырдағы діни философия идеалистік көзқарасты әрі қарай дамытады. Философияға бірқұдайлыққа өтуге байланысты сенім категориясы кіреді. Көне замандағы дана емес, сенетін адам ғана ақиқатқа жете алады деген пікір кіреді.

Эйдос әлемі Құдайдың ойына айналып, адамдардың санасындағы ойлар Құдайдың ойлары жөніндегі адамдардың толғауынан пайда болады. Құдай Дүниені жоқтан жаратқаннан кейін, оның ойы зат әлемінің алдында келеді, ал адамның танымында зат алда жүреді. Орта ғасырда жан-дүние ұғымымен қатар рух пайда болады.

Бұл идеяларды дамытуға Жаңа дәуірде Р.Декарт өз үлесін қосады. Оның ойынша, жан – материядан бөлек субстанция және оның негізгі қасиеті – ойлауда. Егер материя тек кеңістікте созылатын енжар зат болатын болса, жан өз белсенділігімен танылады. Сонымен қатар адамның санасында туа біткен қажетті идеялар бар: ол – адамның «мендік» идеясы, математикалық идеялар, Құдай идеясы.

В.Г.Лейбниц идеалистік философияның жаңа түрін Дүниеге келеді. Адам өзінің ішкі жан дүниесінің бар екенін өз тәжірибесінде анықтайтын болса, онда басқа заттардың да жаны бар деп ойлауға болады. Егер Демокрит көзге көрінбейтін атомдарды мойындаса, Лейбниц көзге көрінбейтін өз-өзіне жеткілікті жандарды – монадаларды философияға енгізеді. Мұндай көзқарастың шеңберінде Құдайдың өзі монаданың монадасы ретінде қаралуға тиіс.

Неміс классикалық философиясында идеалистік философия әрі қарай дамиды. И.Кант өзінің трансцендентальдық философиясында шынайы болмыс бізге танылмайды деген пікірге келеді. Біздің танып-білетініміз – тек құбылыстар әлемі. Біз өзіміздің априорлық, тәжірибеге дейін берілген сезімдік және ақыл-ой категорияларымыз арқылы тәжірибеде берілген мазмұнды ретке келтіреміз. Бірақ адамның осы априорлық категорияларға тәуелсіз бір қасиеті бар, ол – адамның ішіндегі ар-ұжданы, адамгершілік заңы. Ол ерікті ырықты, адамның шексіз жетілуін, олай болса, өлместікті, ал онымен бірге Құдай идеясын талап етеді. Олай болса, шынайы болмысқа таным арқылы емес, оған тек діни сенім арқылы ғана жетуге болады.

Алайда Канттың бұл идеялары оның әріптестерін қанағат етпей, олар ғылыми деректерге сүйене отырып, бүкіл Дүниені ақыл-ойдың қисынына сәйкес дамуы ретінде түсінгілері келді (Фихте, Шеллинг, Гегель). Осы идеяға сүйене отырып, ұлы Гегель фило­софия тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен жүйе жасады. Оның негізінде Абсолюттік Идеяның өз-өзін тану жолында басқа болмысына, яғни Дүниеге айналып, өзін соның шеңберінде ширатып, адамның санасы мен объективті рухты тудыруы, соның нәтижесінде Абсолюттік Рухтың сатыларына көтерілуі жатты. Яғни болмыс пен құбылыстың арасында қазылған ешқандай ор жоқ, олар бір-бірімен диалектикалық байланыста деген тұжырымға келді.

Маркстік философияда бұл мәселе керісінше шешілгенмен, сол нәтижеге келді. Дүниені ешқандай Абсолюттік Идея тудырған жоқ. Ол – мәңгілік өзінің ішкі қайшылықтары арқылы дамып жатқан материалдық Дүние. Өз даму барысында ол тіршілікті тудырып, соңынан тарихқа саналы пенде – адам табиғи түрде келеді. Ол өз санасында Табиғаттың заңдылықтарын бейнелеп, құбылыстарды зерттеу арқылы объективті дүниедегі үрдістердің мән-мағынасын аша алады. Соның нәтижесінде ғылым мен философия дүниеге келіп, адам айнала қоршаған ортаны өзінің шығармашылық іс-әрекеттері арқылы өз өміріне лайықты қылып қайта өзгертеді. Маркстік философия сана мен рухты материалдық болмыстан шығарғанмен, олардың салыстырмалы дербестігін, тәуелсіздігін, өзі туғызған материалдық дүниеге қайта әсерін тигізетінін мойындайды.

Қорыта келе айтайын дегеніміз, материализм мен идеализмнің екеуі де өз дамыған формаларында реализм бағытына толығынан қосылмағанмен, жақындай түседі.

Енді реализмге келер болсақ, бұл бағыт Шындықтың екі жағын да толығынан мойындап, я болмаса оларды Болмыстың құндылығы жағынан тең екі жағы ретінде түсінеді. Олай болса, бұл бағыт материализм мен идеализмнің біржақтылығын мойындамайды.

Философия тарихында алғашқы реалистік жүйе жасаған «бірінші мұғалім» Аристотель болған-ды. Ол грек философиясының натурфилософиясындағы негізгі жетістіктерді Платонның идеалистік идеяларымен ұштастырып, «материя» мен «форманың» екеуінің де тең құндылықтығын айтады. Оның формуласы -«материясыз форма, формасыз материя жоқ». Бұл формуланы нақтылай келе, материяны «мүмкіндік» (dynamis), форманы «шындық» (energeia), іске асушылық ретінде түсінеді. Форма мақсатқа лайықтылық арқылы өмірге енеді. Оны ол энтелехия, яғни рухани күш ретінде қарайды, бұл жағынан ол Платонның «эйдостарына» жақын. Бірақ Платонның идеялары ерекше Әлемді құрайтын болса, Аристотельдің рухани күштері материямен бірге берілген. Өйткені Шындық материя мен форманың бірлігінен туады, соның негізінде жеке заттар мен құбылыстар өмір сүреді.

Жоғарыдағы көзқарас «жан-дүние» категориясын талдауға да үлкен жаңалық енгізеді. Ол Платонның философиясына сәйкес «сезімдік» өтпелі Дүние мен «Эйдос әлемі» екі ортасындағы дәнекер емес, ол – белсенді рухани өмірлік күш-қуат.

Реализм өзінің жалғасын Орта ғасырлардағы схоластика ағымында тапты. Бірақ олар рухани күштің басымдылығын Құдай идеясынан іздеді.

Жаңа дәуірдегі Декарттың философиясында реализм бағыты ашық дуализмге айналады. Өйткен себебі, Декарт екі бір-біріне тәуелсіз субстанцияны – дене мен жанды мойындайды. Мұндай қайшылықты шешу жолында ол оларды бір-бірімен біріктіретін Құдайды мойындауға мәжбүр болды. Құдай – мәңгілік Абсолютті субстанция, ал дене мен жан субстанцияларына келсек, оларды жаратқан – сол Кұдайдың өзі.

Декарттың философиясын қанағат тұтпай, голландык ойшыл Б.Спиноза монистік реализм бағытын тудырады. Оның ойынша, бір ғана субстанция бар – ол Құдай, немесе Табиғат – шексіз субстанция. Ал дене мен жанға келер болсақ, олар осы субстанцияның негізгі атрибуттары, яғни қасиеттері. Сонымен тағы да Аристотельге қайтып оралғандай болдық. Бірақ «материя» мен «форманың» орнына «созылу» мен «ойлау» принциптері келеді. Осындай көзқарасқа сәйкес, енді материя мен формадан тұратын жеке зат субстанция емес, ол – жоғарыдағы шексіз қасиеттердің шектелген көрінісі – модустары ғана. Өйткені созылған заттың шегі бар, ол кеңістіктің шектелуі деген сөз, қабылдау болғаннан кейін, ойлаудың да шектелуіне әкеледі.

Сонымен реализм бағытында пайда болған «материя мен форма» категориялары, «дене мен жанға», соңында «созылу мен ойлауға» ауысты.

XX ғ. үлы философы П.Т. де Шарденді де реалистік бағыттың үлкен тұлғасы ретінде қарауға болады. Оның ойынша, жаратылған Дүниенің екі күш-қуаты бар: бір жағынан, ол тангенциалдық, яғни физикалық энергия болатын болса, екінші – осы Дүниені біріктіріп даму жолына итеретін радиалдық, яғни психикалық, рухани күш. Адамзат тарихының Дүниеге келген сатысынан бастап радиалдық рухани күш толығынан ашылып, адамның саналы іс-әрекеті арқылы Жаратылған Дүниені әрі қарай жетілдіріп, болашақта Жер бетінде ноосфераның қалыптасуына әкеледі – дейді ұлы ойшыл (қараңыз: П.Т. де Шарден. Феномен человека. М., Прогресс, 1988 ж.)

Қорыта келе, реализм бағытының бүгінгі таңдағы философиядағы болашағының басымырақ екенін айтқан жөн.

Енді «материя» мен «рух» жөніндегі қазіргі ғылымдағы тұжырымдарға тоқталған жөн сияқты.

а) материалдық болмыс

Бүгінгі таңдағы ғылыми деректерге сүйенсек, материалдық Дүние осыдан 20 млрд. жыл бұрын болған «Ұлы Жарылыстың» нәтижесінде пайда болды. Оған дейін материя өзінің сингулярлық, яғни бірнүктелік орасан зор қысымдық жағдайында болған (нүкте көлемі – атомдай – 10 – минус 8 дәрежедегі см. болса, қысымдығы 10-94 дәрежедегі г./см!!!). Мұндай жағдайда өмір сүрген материяның ішінде қандай үрдістердің болғаны жөнінде ешкім ешқандай болжам айта алмайды.

«Ұлы Жарылыстың» нәтижесінде, негізінен, материяның құрылымының үш деңгейі пайда болды:

1. Макроәлем, ондағы заттардың көлемі адамзат тәжірибесімен салыстырмалы; кеңістік — мм., см., км., ал уақыт – сек., мин., сағ., жыл ұзақтығымен беріледі;

Микроәлем – көзге көрінбейтін ұсақ бөлшектерден тұрады. Олардың көлемі 10 минус 8-шіден 10 минус 16 дәрежедегі см. болса, өмір сүру ұзактығы – 10 минус 24 дәрежедегі сек. дейін.

Мегаәлем – орасан зор Ғарыштағы объектілер. Олардың бір-бірінен қашықтығы сәуле жылымен есептелсе, өмір сүру уақыты миллиардтаған жылдарға созылады.

Әрбір әлемнің шеңберінде өз өмір сүру заңдылықтары бар. Сонымен қатар олар бір-бірімен өте тығыз байланыста екенін айтып кеткен жөн.

Бүгінгі таңда ашылған материяның екі түрін келтіруге болады. Оның бірі – табиғаттың заты болса, екіншісі – физикалық өрістер. Олардың бір-бірінен айырмашылығы:

зат бөлшектерден – атомдардан тұрады, ал өріс бөлінбейді;

заттың бөлшектерінің тұрақты салмағы (массасы) бар, өрісте

жоқ;

заттың өткізбейтін, я болмаса аз өткізетін қасиеті бар, өріс өткізгіштігімен танылады;

өрістің тарауы сәуленің жылдамдығына тең болса, заттың жылдамдығы бірнеше дәрежеде одан төмен.

Егер бізді айнала қоршаған макроәлемді мыңдаған жылдар бойы адамзат зерттеп келсе, микроәлем мен мегаәлем соңғы ғасырларда ғана танылуда. Бүгінгі таңда микроәлемнің құрамында 300-ге жуық элементарлық бөлшектер ашылып, олардың қасиеттері зерттелуде.

Соңғы жылдары мегаәлемді зерттеуде де қомақты нәтижелер бар. Олардың бірі Ғарыштың өне бойы кеңеюдегі үрдісі болса, екіншісі – реликтік (relic – лат., қалдық) радиотолқындардың таралуы болды. Осы екі жаңалыктың негізінде «Ұлы Жарылыс» теориясы жасалған болатын – оны бүгінгі таңдағы ғалымдардың көпшілігі мойындады.

Ғарышты зерттеудегі келесі жаңалық – «қара нүктелер», ғалымдардың пайымдауынша, олар сөнгеннен кейін коллапсқа (collapse – ағылш. сөзі, – құлдырау) ұшыраған алып жұлдыздар. Біздің галактикадағы «Магеллан тұмандығындағы» жақында ашылған «үлкен жарылыс» – жаңа жұлдыздардың Дүниеге келуінің айғағы. Сонымен, бір жағынан, жұлдыздар уақыты келгенде сөніп, коллапсқа ұшырап «қара тесікке» айналып жатса, екінші жағынан, жарылыстың негізінде жаңа жұлдыздар Дүниеге келіп жатыр.

Қорыта келе, материалдық Дүние өне бойы өзгерісте, қозғалыс пен даму үрдісінде екенін қазіргі жаратылыстану ғылымдары көрсетіп отыр. Біздің білетініміз өте аз. Ғылым әрі қарай дамыған сайын, әлі талай-талай ғажап жаңалықтар ашылатыны сөзсіз.

б) сана болмысы

Болмыстың екінші таңғажайып түрі – ол сана, рух, жалпы алғанда, адамның психикасы. Гносеологиялық (танымдық) тұрғыдан қараганда, сана – Дүниені бейнелеудің ең биік, тек адамға ғана тән идеалдық формасы. Оны біз болашақ «танымға» арналған тарауда көлемді түрде талдаймыз.

Сана – материя емес, оны қолға ұстап сындырып, я болмаса ауызға салып дәмін байқап, мұрынға жақындатып иісін анықтауға т.с.с. болмайды. Болмыстық тұрғыдан кең түрде қарағанда, сана -адамның ішкі жан дүниесі, адам белсенділігінің психикалық деңгейі. Ал оны нақтылай келсек, ол, әрине, адамның ой толғаулары. Бірақ ол онымен бітпейді. Ойлау, рационалдық таным -сананың өзегі болғанмен, оған адамның сезім толқындары да кіреді: адам қуанады, ренжиді, ашуланады, шаттанады, сүйеді, жек көреді т.с.с. Егерде біз кең түрде адамның психикасын алатын болсақ, оған санамен қатар бейсаналық та кіреді. З.Фрейдтің уақытында ашқан бұл жаңалығының қазіргі өмірдегі маңызы өте зор. Сонымен қатар санаға тең емес адамның ырқы да (воля) бар. Кейбір жағдайларда адам санаға сыймайтын, оған қарсы нәрселерді жасауы мүмкін. Ф.Ницше уақытында айтқандай, «нағыз адам» толқынмен бірге емес, оған қарсы жүзеді.

Адам Дүниені саналы түрде бейнелеп қана қоймай, сонымен қатар өз ішкі жан дүниесіне сараптау жасайды, міне, осы сәтте оның рухы оянады. Рух категориясы біздің жақында өткен тарихымызда дінмен байланыстырылып, ал «кеңес тоталитаризмі» соңғыға қарсы болғаннан кейін, философиялық әдебиетте өте аз қолданды. Негізінен алғанда, рухқа ғылымдағы жетістіктер, қоғамдық сана формалары жатқызылды. Тек бүгінгі таңда ғана бұл категорияның маңызы өсуде (рух жөнінде көлемді түрде қараңыз: «Мырзалы С.К. Модернизация общества: взаимосвязь политики и морали., Костанай, 1998, 220-264-б.).

Жалпы алғанда, рух дегеніміз – адамның өзіндік сана-сезімі, өз-өзіне «сырттай қарап» баға беруі, өз өмірінің мән-мағынасымен қатар, жалпы Дүние жөнінде ойлауы-толғауы, тебіренісі жатады. Бұл, тек дамыған адамға ғана тән нәрсе. Қайсыбір жануарды алсақ, ол өз-өзін бұлдыр сезінеді, өзін қоршаған ортадан бөлек алып, оған қарсы қойып қарай алмайды. Оған қабілетті – адам ғана.

Жеке адамның рухымен қатар, белгілі бір халықтың рухы жөнінде де айтуға болады. Мысалы, қазақ халқының руханияты, демек, оның өзіне тән дүниесезімі, құндылықтары. Оны әдебиетте «объективті рух» деген категория арқылы береді.

Сонымен қатар рухтың жетістіктері ғылыми, көркем шығармалар арқылы өмір сүруі мүмкін. Оны «объективизацияланған рух» дейміз. Мысалы, қайсыбір ұлы суретшінің туындысын қабылдағанда, біздің рухани өміріміз үлкен тебіреністе болып, сан алуан сезімдер мен ойлар жан-дүниемізге келеді. Әрбір адам өзінің рухани болмысына байланысты «Венера» мүсініне әртүрлі қарайды. Біреуі оны «құдіретті теңдесі жоқ әсемдік» ретінде қабылдаса, тайыз надан адам оған «нәпсілік» тұрғыдан қарауы мүмкін. Симфония, я болмаса басқа саз формаларын қабылдағанда да соған ұқсас тебіреністе боламыз, т.с.с.

Дегенмен де рухтың «негізгі үйі» – нақтылы өмір сүріп жатқан тірі адамның ішінде. Оған ақыл-ой, парасат, борыш, ар-ұждан мен ұяттық аяныш, адалдық, махаббат пен сүйіспеншілік, ізгілік пен ақиқат, әсемдік, үміт пен сенім, еркіндік пен әділеттілік т.с.с. жүздеген категориялар жатады. Мысалы, Н.А.Бердяевтің айтуына қарағанда, «рух дегеніміз – ақиқат, ізгілік, әсемдік, еркіндік пен мән-мағына… Рух дегеніміз – адам ішіндегі оның құдайлығы» (қараңыз: Н.А.Бердяев. Философия свободного духа., М., Мысль, 1994). Расында да, «Сенің осы Құдайың бар ма?» деп ашына айтқанымызда, адам руханиятының тайыздығын көрсетпейміз бе? Олай болса, адам руханиятының өзегі неде деген сұрақ пайда болады. Бұл талай ойшылдарды тебіренткен сұрақ болатын.

Орыстың ұлы ойшылы Ф.М.Достоевский: «Дүниені сақтап қалатын Әсемдік қана», – дейді. Әрине, көбісінде, әсемдікке ұмтылған адам зұлымдықка бармайтыны хақ. Сонымен қатар біз өмірде «салқын лебі» бар, адамды адамнан алшақтататын әсемдікті көріп жүрген жоқпыз ба?

Рухты білім, ғылыммен де теңеуге болмайды. Ядролық физиканың жетістіктерін пайдалану жолында адамзат атомдық электр стансаларынан басқа неше түрлі жан түршігерлік қару-жарақ жасаған жоқ па? Қазақтың ұлы ойшылы Шәкәрімнің XX ғ. басында-ақ ар-ұжданның бақылауынан шыққан ғылымның адам түршігерлік салдарларға әкелуі жөніндегі идеяларын еске алсақ та болғаны.

Сондықтан Шәкәрім рухтың өзегін ар-ұжданнан көрген болатын. Бұл пікірді ұстаған философия тарихындағы И.Кант, Абай, СЛ.Франк сияқты ойшылдарды келтіруге болады. XX ғ. экзистенциализмнің көрнекті өкілі В.Франкл: «Ар-ұждан – адамның ішкі Құдайы», – деген болатын.

Біршама зиялылар рухтың өзегін махаббат, сүйіспеншіліктен көреді. Орта ғасырдағы Августиннің айтқанындай, «сүй, содан кейін не істесең де болады». Тек қана сүю арқылы басқа адамның жан дүниесін ақтара ашуға мүмкіндік аламыз. Нағыз махаббат сүйген адамның әлі де болса ашылмаған жақтарын сыртқа шығарып, оны гүлдетіп, шығармашылық жолға итереді. Дүниені тану – тек қана табиғаттың заңдылықтарын ашу ғана емес, сонымен бірге оны шын жүрегіңмен сүюге тең. Бұл – танымның онтологиялық терең іргетасы. Тек қана сүю арқылы, өзіңді осы Дүние деген мұхиттың бір құрамдас тамшысы ретінде сезінгенде ғана, зерттелетін заттың ішкі сырын ашуға мүмкіндік аласыз.

Оқырман өз дүниесезімінің ерекшеліктеріне байланысты өз руханиятының өзегін табар деген ойдамыз. Ал қалам иесіне келер болсақ, рухтың өзегі ретінде ар-ұжданды қарайды. Бүгінгі қайшылыққа толы адамзат мәселелерін шешу тек саясаттың қолында емес, ол әр адамның рухани-адамгершілік жетілуімен байланысты

деген ойдамыз. «Мұндай қилы заманда тек ар-ұжданын жоғары қойған адамзат өз өмірін сақтап қалады», – дер едік.

с) сана мен ми

Сана қаншалықты идеалдық құбылыс болғанмен, белгілі бір материалдық негізсіз өмір сүре алмайды. Осы арада психо-физиологиялық мәселе пайда болады.

Бүгінгі деректерге сүйенсек, сананың физиологиялық негізі адамның миында жатыр. Ол, негізінен алғанда, екі жарты шарды құрайды. Оның үсті өте нәзік қабықтан – нейрон клеткаларынан тұрады. Орташа есеппен алғанда олардың саны 14,5 млрд.!!! Әрбір нейрон клеткасы адам саусақтары сияқты 4-5 өсіндіден тұрып, солар арқылы бір-бірімен байланысады. Сонда орташа есеппен алғанда 65-70 млрд. жуық байланыс нүктелері пайда болады. Егерде шахмат ойыншылары 64 клеткада 32 фигуралармен миллиондаған ойын варианттарын тудыра алса, 70 млрд. жуық «клеткалары» бар мидың потенциалы шексіздікке кетпей ме?! Адамның миы өз салмағының 2,5%-ын құрағанмен, организмнің қабылдайтын оттегінің 20%-ын жағады екен, бұл да ғажап емес пе? Яғни жүрекпен қатар, ми да өте интенсивті жұмыс істейтін мүше екені анықталды.

Адам өз түйсіктері арқылы сыртқы Дүниедегі құбылыстарды қабылдап, алынған ақпаратты жүйке жүйелерімен арнаулы ми бөлімдеріне жеткізеді, міне, осы сәтте оларды сараптау басталады. Қазіргі деректерге сүйенсек, ол өте күрделі биоэлектрлік «кванттық өрістер» негізінде жүреді.

Ал мидың ішкі құрылымдарына келер болсақ, олар әлі дұрыс танылмаған, өте күрделі де көне болып танылады. Олар бүкіл физиологиялық үрдістерді бейсаналық жолмен ретке келтіріп отырады деп болжауға болады. Мысалы, сіздің жүрегіңіз минутына 60 рет соқса, оны басқаратын мидың бөлігі сіздің жүрегіңізге 60 рет электроимпульс жіберіп, оны соқтыртады… Адамның бауыры әсіресе интенсивті түрде таңғы сағат 4-тен 6-ға шейін істейді екен. Бұл үрдістің уақытын анықтап басқаратын мидың арнаулы бөлігі бар т.е.с.

Миды зерттеудегі негізгі қиындық – адамның ең биік құндылық екендігі, олай болса, оған ешқандай эксперименттер жасауға болмайтындығы. Сондықтан адамның миы тек жанама түрде ғана зерттеледі. Мұндағы зерттелмеген нәрселер – шаштан да көп.

д) Сана жэне оның әлеуметтік табиғаты

Ми сананың өмір сүруінің физиологиялық негізін құрғанына қарамастан, ол – тек құрал ғана. Сондықтан да тарихта өмір сүрген ұлы адамдардың миының ерекшелігі зерттелген кезде, онда ешқандай ерекшелік байқалмады. Мысалы, француз жазушысы А.Франстын миының салмағы 1100 г. болса, И.С.Тургеневтікі 2200 г. болған. Лениннің миынан да ешқандай ерекшелік табылмаған. Адам ми арқылы ойлағанмен, оның негізгі органоны қоғамның өзі болып табылады. Адам басқа адамдар, жалпы қоғаммен, кітаптар арқылы өткен ұрпақтармен сан қилы шым-шытырық байланысқа түсудің негізінде өз ойын дамыта алады. Сана – адамдар жасаған әр затта, она айнала қоршаған «жасанды табиғатта» сөнген. Өзінің өмірінің барысында сол заттарды пайдаланып, адам ондағы сөнген рухты қайта тірілтіп, өз санасының құрамына айналдырады.

«Ұлы мәртебелі Табиғаттың» жасаған «аянышты тәжірибелеріне» тоқталсақ, жоғарыда айтылған ойдың ақиқаттығына көзіміз жетеді. 1920 ж. Үндістан еліндегі орманда қасқырдың соңында төрт аяқтап жүгіріп бара жатқан екі егіз қыз ұсталады. Олар қасқыр алып кетіп өсірген Амала мен Камала болып шығады. Оларды адами өмірге қайтару мақсатында Дели университетінің психология факультетінде зерттейді. Ақырында, адами қатынастарға шыдай алмай Амала өледі де, Камала 16 жасқа шейін өмір сүріп, небары 30-ға тарта сөздің мән-мағынасын ұғады. Бірақ ол сөздерді сөйлем ретінде бір-бірімен ұштастырып айта алмайды. Олар күндіз енжар болып қалғу үстінде болса, түнге қарай көздері жарқырап, қасқырша ұлып, белсенділік көрсетеді…

Екінші ғылыми эксперимент Кеңес Одағының көрнекті ғалымдары В.Мещеряков пен Э.Ильенков 60-шы жылдарда жасайды. Олар көзі көрмей, құлағы естімей туған 4 баланы тәрбиелеп, адами өмірге әкеледі. Ең алдымен оларды кеңістікті сезінуге үйрету керек болды. Ол үшін балаларға емізікпен тамақ берген кезде, оны бірте-бірте аузынан алшақтатады, бала болса оны қолымен ұстап жібермеуге тырысады, яғни ол кеңістікті сезіне бастайды. Жүре келе олардың қолына қасық ұстатып, тәрелкеден тамақ алып, аузына жақындатып салуға үйретеді т.с.с. Сонымен адами заттарды игерудің арқасында олардың сана-сезімі оянып, олар адамдардың қатарына қосылып, тіпті сөйлеу дәрежесіне дейін көтеріледі. Қалам иесі 1976 ж. болған ММУ-дағы жұмыс сапарында олармен көзбе-көз кездесіп, сұхбаттасқан болатын. Олар ол кезде психология факультетінің студенттері еді…  Бұл теңдесі жоқ ғылыми эксперимент И.Канттың кеңістік жөніндегі априоризмін теріске шығарды, сонымен қатар сананың әлеуметтік табиғатын шынайы көрсетті.

Келесі экспериментті АҚШ-тағы ғалымдар жасады. Олар шимпанзенің жаңа ғана туған баласын қолдарына алып, әлди-әлди өлеңдерін айтып, адами жолмен тәрбиелеп өсірді. Бірақ ол сөз ұғу дәрежесіне көтерілмеді. Сонымен қатар ол 240-қа жуық «ымдау тілімен» (язык жестов) айтылған мән-мағынаны түсінетін дәрежеге көтерілді. Қаншалықты тәрбиелесе де, жалпы алғанда, ол адами өмірге жат болып шықты.

Бұл айтылған деректердің бәрі де сананың әлеуметтік адами құбылыс, ал мидың өзі ойлау құралы екенін көрсетеді.

е) сана және тіл

Ойлау үрдісін тілсіз көзге елестету – өте қиын шаруа. Егер ми сананың физиологиялық негізі болатын болса, тілді шынайы ойдың «материясы» ретінде түсінуге болады. Айтылған сөз – дыбыс толқындары – материалдық құбылыс екені ешкімнің дауын тудырмайтын жайт. Тіл дегеніміз – ойды, адами қатынастарды қамтитын белгілі бір белгі жүйесі. Тіл – ойдың сыртқы материалдық қабығы, соның арқасында адамдар бір-біріне неше түрлі ақпараттарды, өз ойларын жеткізе алады. Сонымен қатар адамның өзіндік санасының өзі тілмен берілген, тілсіз ойлау тіпті мүмкін емес. Тіл мен сана – күміс ақшаның оңы мен астары сияқты, бір-бірінсіз өмір сүре алмайды.

Тарихи қоғамның Дүниеге келуі – тіл мен сананың да пайда болуымен тең. Тілдің Дүниеге келуінің биологиялық алғышарттары ретінде жоғарғы жануарлардың неше түрлі дене қозғалыстары мен дыбыс сигналдарын айтуға болады. Алғашқы тобырда бірігіп, аң аулау барысында ең алдымен «ымдасу тілі», дене қозғалыстары арқылы адамдар әр түрлі хабарларды бір-біріне жеткізеді, сонымен қатар неше түрлі сезім толқындары (қуаныш, я болмаса қайғы, ауыру т.с.с.) олардың аузынан неше түрлі дыбыстарды шығарады. Соңында, еңбек құралдарын жасауға көшкен кезде, ой мен тіл шынайы тез қарқынмен дами бастайды.

Әр халық өзінің дүниеге келуі мен даму барысында өзіне тән тілін қалыптастырады. Мыңдаған жылдар бойы жасалған өмір тәжірибелері қорытылып, тіл халықтың рухани байлығына айналады.

Бүгінгі таңда жер бетінде 2000-ға жуық ұлттық тілдер бар, бірақ адамзат ой өрісі бірегей, сондықтан да халықтар арасында түсіністік пайда болады. Оның негізгі себебі – ой арқылы Дүниенің заңдылықтарының бейнеленуі. Адамзатты айнала қоршаған орта бір болғаннан кейін, ойлау формалары да – бір.

Бүгінгі таңдағы дамыған адамзат неше түрлі тілдің жүйелерін жасады. Әрбір ғылымның өзінің категориялық аппараты бар. Ғылыми ұғымдар бір-бірімен өте тығыз байланыста болып, сол заттың жүйесін құрайды. Мысалы, биология ғылымын «тұқым қуушылық», «өзгерушілік пен тұрақтылық», «ассимиляция мен диссимиляция», «табиғи таңдау» т.с.с. категорияларсыз көзге елестету мүмкін емес. Философия пәнін құрайтын жүздеген категориялардың ішінен «материя», «сана», «кеңістік пен уақыт», «қозғалыс», «даму», « терістеу» т.с.с. атап өтуге болар еді. Жолдағы қозғалысты ретке келтіретін ережелерді алсақ, оның тілі – өзгеше т.с.с.

Бірақ, қалай дегенде де, барлық ғылым, өнер мен өндірістегі жасанды тілдер тек халықтық тілдің негізінде ғана өмір сүре алады. Егер ұлттық тілді көркемдеп, үлкен ағаштың діңі ретінде көрсетсек, онда басқа жасанды тілдер оның бұтақтарын құрайды. Ал бұтақтарда өсіп тұрған жапырақтар сол саланы құрайтын ұғымдар болып табылады.

Өз тәуелсіздігін алған Қазақ елінде қазіргі уақытта ана тілімізді дамытуға көп көңіл бөлінуде. Соның бір кішкентай айғағы ретінде осы оқулықты алсақ та болғаны. Ана тілі – зор рухани байлық. М.Хайдеггер айтқандай, «тіл – болмыстың үйі». Ал оның әріптесі Г.Гадамерге келер болсақ, ол: «Тіл дегеніміз – алдын ала түсіндірілген Дүние», – деген терең ой тастаған екен. Олай болса, тек ана тілін терең меңгеру арқылы ғана адам өз ұлтына тән дүниесезім мен қабылдау, көзқарасты өз бойында қалыптастыра алады.

Өзіміздің ұлы бабамыз А.Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Тілдің ғұмыры ұзақ. Оның жолы жылдап емес, жүз жылдап емес, мың жылдап саналады». Осы мыңдаған жылдар шеңберіндегі қалыптасқан ана тіліміздегі інжу-маржанды аса ұқыптылықпен зерттеу, оның талай-талай ашылмаған сырларын халыққа жеткізу, сонымен қатар оны жаңа өмір талаптарымен ұштастыру – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелерге жатады.

Бір дәуір екіншіге ауысқан жағдайда жаңа мәдени ахуал дүниеге келіп, бұрынғы көзқарасты, кұндылықтарды сынға алған жаңа саяси, моральдық, эстетикалық т.с.с. идеялар пайда болады. Бірақ, сонымен қатар әрқашанда белгілі бір тұрақты ой-өріс қала бермек. Ол – тіл және оны күрт өзгерту ешкімнің де қолынан келмейді. Тілдегі қалыптасқан мәдениет үлгілері ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, олардың өмір салтына, іс-әрекетіне, ой-өрісіне өз ықпалын

тигізіп, адамдардың өзара қарым-қатынасына үлкен әсер етеді. Сонымен қатар тіл де, басқа әлеуметтік құбылыстар сияқты, өне бойы өзгерісте, дамуда. Тілді тазарту, тарихи ұмыт қалған сөздерді өмірге қайта енгізу, жаңа сөздерді тудыру – бұлардың бәрі де керек нәрселер. Бұл жағынан алып қарағанда, біршама жұмыстардың беті қайтарылған тәрізді.

Сонымен қатар бұл салада да асырасілтеушілік жоқ емес сияқты. Әсіресе бүгінгі таңда, қазақ елі бүкіл дүниежүзілік қауымдастықпен тығыз экономикалық, саяси және мәдени қарым-қатынасқа түсіп жатқан кезде, көп ұлттардың сөздіктеріне кеңінен енген сөздерді алып тастап, оларды «жаңарту» біздің тілімізді жаңартар ма екен, я болмаса басқа қауымдастықтардан алыстатар ма екен? Біріншіден гөрі екінші ақиқатқа жақын ба деп ойлаймыз.

Мысалы, «цивилизация» деген бүкіл жер шарына кең тараған ұғымның орнына «өркениет» деген сөз енгіздік. Ал олардың мазмұндары бір-біріне сәйкес келмейді. «Цивилизация» ұғымы, негізінен алғанда, қоғамның заттық, материалдық деңгейін көрсететін ұғым болса, «өркениет» (түбірі – ниет) адамның, қоғамның рухани өмірін бейнелейтін, «мәдениет» деген ұғымға жақын сөз. Соңғы жылдары «тексті» «мәтінге» (түркі емес, араб сөзіне ауыстырғанда не пайда таптық?), «класты» «сыныпқа», «архивті» «мұрағатқа» т.с.с. ауыстырдық. Біз мұндай «тазартулардың» пайдасынан гөрі зияны көп болмас па екен деген күдіктеміз.

Дегенмен де қазақ тілінің арнасы бүгінгі таңда кеңеюде. Әрине, оны толыққанды мемлекеттік тіл дәрежесіне жеткізу үшін біршама уақыт керек. Ол үшін әрбір қазақ азаматы белсенділік көрсетіп, өз тілін терең меңгеріп, кең түрде қолдануы қажет. Сонда ғана басқа халықтардың өкілдері де қазақ тіліне деген шынайы бетбұрыс жасайтыны сөзсіз.

ж) сана және кибернетикалық құралдар

Электрондық-есептеу құралдары пайда болысымен-ақ, оларды адамның миымен салыстыру, олардың бір-бірінен айырмашылығын зерттеу үрдістері басталып кетті. Бұл сала өте тез қарқынмен дами бастаған сайын, бұл мәселе де философиядағы өзекті салаға айналды. Бүгінгі таңда неше түрлі роботехника пайда болып, тіпті толығынан автоматизацияланған адамның қатысуынсыз жұмыс істейтін цехтар, тіпті зауыттар дүниеге келді. Бүгінгі таңдағы адам электрондық әуенді тыңдай алады, жобалау институттарын компьютерлік жабдықтарсыз көзге елестету өте қиын. «Genius» деген өте күрделі компьютер Әлем чемпионы Г.Каспаровтың өзін жеңіп кеткені бүкіл адамзат қауымын таңғалдырған болатын. Аса күрделі компьютерлік бағдарламаларда шығармашылық тұрғыдан ізденіс жасай алатын жасанды интеллектіні де байқауға болады. Американдық фантаст-жазушы А.Азимов болашақта адамның өзіне парапар роботтар дүниеге келіп, адамға қарсы көтеріліс жасап, өз еркіне көндіру әрекетін жасауы мүмкін деген қиял айтады.

Олай болса, мәселе тікелей қойылып, жасанды интеллект алдағы уақытта адамның өзін ауыстыруы мүмкін бе деген ашық сұрақ пайда болады.

Әрине, адамның миы – бүгінгі таңдағы ашылған ең күрделі биік дәрежеде ұйымдасқан материя. Ол кванттық деңгейде жұмыс істейтін өте нәзік ойлау құралы. Сонымен қатар электрондық-есептеу құралдары да – жартылай өткізгіштердің негізінде жұмыс істейтін сандық құрылымдармен байланысты материалдық үрдіс.

Міне, осы жақтарынан ми мен компьютерді салыстыруға болады. Информациялық қабылдаулар мен байланыстар, басқару мен бақылау жүйелерінің заңдылықтары тірі организмдер мен автоматикалық құралдарда сандық жағынан алып қарағанда ортақ болуы мүмкін. Мысалы, компьютердегі мәліметті қабылдау, өңдеу және жауап қайтару мидың түйсіктер арқылы деректер алып, оларды өңдеп жауап беруіне өте ұқсас. Әрине, тірі организмде болып жатқан нәзік физика-химиялық үрдістерді өлі табиғаттағымен толығынан тепе-тең салыстыру мүмкін емес. Бірақ, соған қарамастан, олардың ұқсас жақтары да болғандықтан, математика ғылымының негізінде оларды модельдeyre болады.

Бүгінгі таңда компьютерлік техниканың (жасанды интеллектінің) мүмкіндіктері жыл сайын өсуде. Мүмкін, болашақта адамның миын толығынан модельдеуге де жетерміз. Дегенмен де жасанды интеллект адамның көмекшісі ретінде кеңінен пайдаланылса да, оны толығынан ешқашанда ауыстыра алмайды деген үзілді-кесілді пікір айтуға болатын сияқты. Енді осы пікірімізді дәлелдеп көрелік.

Бүгінгі таңда кибернетикалық құралдар өте күрделі өндіріс жүйелерін басқаруға көмектеседі. Бірақ сол басқару бағдарламасын компьютердің «жасанды санасына» енгізетін сол адамның өзі емес пе? Компьютер миллиондаған ақпараттан ең тиімдісін бірнеше секундта таңдап алып, адамға ұсынады. Ол адамның миын тұрпайы есептеу үрдістерінен босатып, оның шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыруға жағдай тудырады. Әрине, кейбір аса күрделі компьютерлік бағдарламаларда шығармашылық ізденістердің элементтері енгізілген. Дегенмен де жасанды интеллект шынайы шығармашылық ізденіс жасай алмайды. Бұл мәселеге толығырақ тоқталайық.

Шығармашылық ізденіс шабыттың, сезімдік толғаудың негізінде пайда болатыны сөзсіз. Адам тек қана ойлай алатын пенде емес, сонымен қатар ол сүйінеді, күйінеді, шабыттанады, ізгілікке, әсемдікке ұмтылады т.с.с. Осы факторлардың бәрі келіп адамның шығармашылық ізденісін тудырады. Жалғыз ғана салқын ой шығармашылықты, нақтылы қол астындағы болмысты аттап өтіп, жаңа көкжиекті тудыруы екіталай. Олай болса, кибернетикалық құралдарды адами шығармашылық деңгейге көтеру үшін, олардың бағдарламасына сезім толқындарын енгізу қажет: олар адам сияқты сүюі, ренжуі, шаттануы, ізгілік пен әсемдікке ұмтылуы керек. Ол үшін оның санасына бүкіладамзат өткен жолын енгізу қажеттігі туындайды, ал ол мүмкін емес.

Еркіндік негізіндегі шығармашылық – адамның тектік өзіне ғана тән қасиеті. Егерде ол компьютерге берілсе, онда адам не істемек? Ол іске асқан жағдайда, расында да, адам өз-өзін терістеп, тарихтың соңғы беттері жазылып бітер еді. Әрине, ол ешкімге керек емес.

Соңғы кездерде компьютерлік техника мен жаңа білім беру технологиялары мектептер мен жоғары оқу орындарына кеңінен енгізілуде. Қанша қиындықтар болса да, жас мемлекет қомақты қаржы шығарып, жастардың компьютерлік бағдарламаларды меңгеруіне жағдай туғызуда. Оның, әрине, маңызы өте зор. Сонымен қатар бұл істе асырасілтеушілік те жоқ емес. Ауылдық жерлерде мектептерге әкелінген компьютерлік техника энергия қуаты болмағаннан кейін істемей, шығарылған қаржы ақталмай жатыр. Екінші жағынан, дәріс беретін мамандар да аз. Көп жағдайларда компьютерлер «қымбат ойыншық» ретінде пайдаланылып, оның мүмкіндіктері толығынан іске аспай жатыр. Кейбір жоғары оқу орындарында студенттердің білімін тексеру толығынан компьютерлік тестерге жүктелуде, жүздеген жылдар бойы сынаудан өткен бұрынғы дәріс әдістемелері жалаң терістелу жолында.

Бұл арада біз бір нәрсені ойдан шығармауымыз керек. Ол -білім беру мен тәрбие жүйесіндегі оқытушының тұлғасының рөлі, оны ешқандай компьютер ауыстыра алмайды. Ол әрқашанда негізгі үлгі болып қала беруі керек. Адамға білім беру дегеніміз – оның тұлғасының қалыптасуына жан-жақты әсер ету деген сөз. Жалаң ақпарат, ол қанша көп болса да, адамның моральдық қасиеттерін қалыптастыра алмайды, ол тек технократизмге ғана әкеліп тіреуі мүмкін. Ал ол болса – адамзатты бүгінгі рухани дағдарысқа әкелген жол.

Батыстың білім беру жүйесіндегі көп жетістіктерімен қатар, үлкен кемшілігі – біржақты бейімделген, тек өз мамандығын ғана меңгерген «бірөлшемді» адамды (Г.Маркузе) дайындауы. Оның салдары ретінде «дүниеқуушылық», «сезімдік ләззатқа ұмтылушылық», адамдардың бір-бірінен жаттануы, материалдық байлық қанша өссе де өмірдің рухани жағының азғындауы, соның нәтижесінде «әлеуметтік аномалияның» (нашақорлық, ішімдікке салыну, қылмыстық т.с.с.) өсуін айтсақ та жеткілікті. Бұл айтылған ойлардан компьютерлік білім беру жүйесінің керек еместігі туындамайды. Ол, әрине, қажет. Бірақ оның мүмкіндіктері асыра бағаланбауы керек. Ол бұрынғы дәстүрлі білім беру жүйесін толықтыру, оның тиімділігін арттыру және өмірде кеңінен қолдану үшін қажет.

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!