Эмиссия ұғымы және оның түрлері — Ақша, кредит және банктер — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Эмиссия — кең мағынасында айналымға ақшаны құнды қағаздарды, есеп айырысу — төлем құжаттарын, пластикалық карточкаларды және т.б. шығарумен байланысты сөз.

Ақша эмиссиясы — айналымдағы ақша массасының жалпылама артуына әкелетін барлық ақша түрлерінің айналымға шығуын білдіреді.

Эмиссияның формалары: бюджеттік (қазыналық) және кредиттік (банктік).

Бюджеттік эмиссия мемлекеттік бюджет тапшылығын жабу үшін Қаржы министрлігінің қазынашылық билеттер мен мемлекеттік құнды қағаздарды айналымға шығарумен байланысты ұғым. Қазақстанда қазынашылық билеттер шығарылмайды. Бюджет эмиссиясы нақты шаруашылық айналымының қажеттіліктерімен емес, бюджет тапшылығының шамасымен байланысты.

Кредиттік эмиссия кредиттік қатынастардың негізінде пайда болатын ақшалардың айналымға енуімен байланысты. Кредиттік эмиссияны банктер төлем құралы ретінде ақша қызметін дамытудың негізінде жүзеге асырады. Онда сатып алушы сатушыға тауардың төлемін кейін төлеуіне мүмкіндік беретін вексельді тапсырады, бұл өз кезегінде сатушының өз тауарын еткізуіне мүмкіндік тудырады. Бұл операция тауарды кредитке сату деп аталады. Вексель айналымның алғашқы кредиттік құралы болып табылады. Бұдан кейін банктер коммерциялық вексельдердің орнына өздерінің борышқорлық міндеттемелерін — банкноттарды шығара бастайды, содан соң электрондық ақшалар пайда болды.

Қолма-қол ақшасыз формасындағы ақша эмиссиясын екінші деңгейдегі банктер депозиттік — қарыздық (ссудалық) операциялардың процесінде жүзеге асырады. Банктегі депозит сомасы олардың кредитік ақшасын құрайтын ресурс болып табылады. Кредит ақшалар банктердің салым ақшаларды чек эмиссиясы арқылы немесе қарызға беру жолдарымен жұмылдырғанда пайда болады. Бұл операцияның сызбасын (схема) мысалмен түсіндіріп көрейік. 100 ақша бірлігі депозитінде міндетті резерв 15 ақша бірлігін құрайды (Ұлттық банктегі міндетті резервтердің 15% нормасында), қалған 85 ақша бірлігін банктер қарызға айналдыруы мүмкін. Егер бұлай болатын болса, айналамыздағы ақша массасы мынаны құрайды: 100 + 85 = 185 ақша бірлігі, бұл 85 ақша бірлігі сомасында жаңа ақшаның құрылғанын білдіреді. Осылайша құрылған ақша өз кезегінде өздері де ақша эмиссиясына себепкер болатын басқа депозиттердің пайда болуына мүмкіндік тудырады. Ақшаның мультипликативтік кеңеюі осылайша орын алады.

Кредиттік эмиссияның негізгі мақсаты ақша айналымындағы қажеттіліктерді қалған ақша түріндегі тиісті ақшалай қаражаттың мөлшерімен қамтамасыз ету болып табылды. Ол ақша айналымын қолма-қол ақшасыз формасындағы төлем қаражатының сомасымен толықтырушы әрі ақша айналымын банкнотты қосымша шығарушы ретінде қарастырылады.

Кредиттік ақша инфляцияны ынталандырмайды. Өйткені, кредит ақшасының мөлшері артатын болса, өндіріс көлемі де тиісінше (кредит ақшасының мөлшеріне сәйкес) өседі.

Қолма-қол ақша эмиссиясы ең алдымен ағымдағы бағаларда тауар айналымының өсімімен байланысты болады, өйткені бұл ақша көбінесе тұтыну нарығындағы операцияларға қызмет етеді.

Қолма-қол ақша тауар айналымының өсіміне қарай және қолма-қол ақшаға қажеттілігінің тиісті өсіміне қарай орын алатын мөлшерде шығарылады. Қолма-қол ақшаның шамасы баға масштабының артуымен бірге еседі, алайда ақша белгілері айналымның өсу шапшаңдығы көп артып кететін болса, ол (қолма-қол ақшаның шамасы) кемуі мүмкін немесе бір деңгейде қалуы да ықтимал.

Еңбекақының, зейнетақының және жәрдемақының бюджет тапшылығының, өнім бермейтін шығындардың өсімі де эмиссияның себептеріне жатуы мүмкін.

Алтынға айырбасталмайтын кредит қағаз ақша белгілерінің заңмен белгіленген тәртіп бойынша шығарылып, айналымға енгізілуі эмиссиялық жүйе ретінде ұғылады. Кредит және қағаз ақшалардың пайда болуы мен пайдаланылуының әр түрлі экономикалық және тарихи алғышарттары олардың эмиссияларының әр қилы тәртібін анықтап берді.

Эмиссиялық операцияларды Орталық банк және қазына мекемесі (қаржы министрлігі) жүзеге асыруы мүмкін.

Қазақстанда эмиссиялық операцияларды ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады. Қағаз және кредит ақшалар қолма-қол ақшасыз баламаны алумен екінші деңгейдегі банктерге сату түрінде банк билеттері ретінде шығарылады. Сол себепті де олардың арасында нақты шекара болмайды.

Банк билеттерінің эмиссиясын Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктерді кредиттеу процесінде, ҚР Қаржы министрлігі шығарған мемлекеттік құнды қағаздарды және шетелдік валюталарды сатып алумен байланысты операциялар процесінде жүзеге асырады.

Банкнот эмиссиясы өндіріс салаларының және қызмет көрсету салаларының кассалық қызмет көрсетулерімен байланысты: қолма-қол ақшаның кассалық резервін арттыру қажет болғанда — коммерциялық банктер, мемлекеттік бюджет, мемлекеттік борыш және т.б.

Өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің нақты құнын ескерусіз қалдыратын ақша эмиссиясы елде олардың артығымен пайда болуына және түпкі есебінде ақша бірліктерінің құнсыздануына әкеп соқтырады. Елдегі ақша бірліктерінің тұрақты болуының басты шарты — шаруашылықтың ақшаға деген қажеттілігінің қолма-қол ақша және қолма-қол ақшасыз мөлшеріне сәйкесуі болып табылады.