Фирма кәсіпкерлік қызметтің негізгі субъектісі ретінде туралы қазақша

0
0
Advertisement

Экономика өркендеуінің қазіргі заманғы кезеңі еліміздің нарықтық мемлекет ретінде қалыптасқан жағдайында кәсіпкерлік құрылымдардың толыққанды жұмыс істеуімен сипатталады. Қазақстан Республикасы ондай мәртебеге 2000 жылы қарашада Прагада өткен Халықаралық жаңғыру және даму банкі (Букіләлемдік банк) мен Халықаралық валюта қорының бірлескен мәжілісінде ие болды.

Фирмалардың толыққанды жұмыс істеуін 2003 жылы қабылданған «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңы, 2001 жылғы шілденің 16-ында шыққан «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңы және басқа да заң актілері қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге фирмалардың ішкі экономикалық мәнін және қозғаушы күштерін түсіну үшін, «кәсіпкерлік», «бизнес», «менеджер», «кәсіпкерлік құрылымдар» секілді және басқа ұғымдарды айқындап алу қажет. «Кәсіпкер» (антрепренер) терминінің шығу тегін орта ғасырлардан осы уақытқа дейінгі серпінінде оның мағыналық мазмұнының дамуы негізінде қарастырып көрейік:

Орта ғасырларда кәсіпкер — ол халықтар мен музыкалық көріністерді ұйымдастырушы; ірі ауқымды құрылыс немесе өндірістік жобалардың орындалуына жауапты адам; мемлекетпен құны алдын ала келісілетін келісім-шарттар жасасқан тұлға. Ондай адам өзіне келісім-шарттың талаптарының орындалуы үшін қаржылық жауапкершілік жүктейді, бірақ егер ол жұмысты аз сомаға орындай алса, айырымын өзі ала алады.

Ағылшын банкирі Ричард Кантильон (1680-1734 жж.) «Сауда-саттықтың табиғаты туралы очеркінде» 1725 жылы кәсіпкерді белгілі бір баға үшін өндіріс құралдарын сатып алатын, өнім өндіретін және оны табыс алу мақсатында сататын (міндеттемелердің орындалмауы тәуекелдігін шығындар бойынша қабылдай отырып) субъект деп айқындаған. Одан шығатын қорытынды: «кәсіпкерлік — ол ерекше түрдегі және тәуекелді қызмет».

Шотланд, ағылшын экономисі және философ, классикалық саяси экономияның аса көрнекті өкілі Адам Смит (1723-1790жж.) «Халықтар байлығының табиғаты және себептері туралы зерттеулер» деп аталатын еңбегінде 1776 жылы капиталист пен менеджердің қызметтерін: «Капиталистің пайдасы басқарғаны үшін алатын жалақыны бақылау және басшылық жасаған еңбегінің сыйақысы ретінде алу емес», — деген пікірімен ажыратып көрсеткен.

200 жылға жуық уақыт бұрын француз экономисі Ж.Б.Сэй: «Кәсіпкер экономикалық ресурстарды төмен өндірімділік пен төмен табыстар саласынан жоғарырақ өндірімділік пен табыстылық саласына ауыстырып көшіреді», — деп көрсеткен-ді.

Фрэнсис Уокердің 1876 жылы берген айқындауы бойынша, «капитал беріп, сол үшін проценттер алатындар мен өзінің ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында пайда алатындарды ажырата білу керек».

Америкалық экономист Фрэнк Хайнеман Найт (1885-1974 жж.) «Тэуекелдік, айқынсыздық және пайда» деп аталатын кітабында 1921 жылы: «Жалғыз тәуекелдік — пайдаға келтіретін тәуекелдік — ол соңғы сатыдағы жауапкершілік қызметін іске асырудан келіп шығатын бірегей айқынсыздық болып табылады. Бұл айқынсыздық өзінің табиғаты бойынша сақтандырыла да, капиталдандырыла да, жалақы ретінде төлене де алмайды», — деп жазған.

XX ғасырда кәсіпкерлікке бірқатар жаңа: кез келген мүмкіндікті барынша мол табыспен пайдаланатын (Питер Друкер, 1964 ж.), бастама көтеретін, әлеуметтік-экономикалық механизмдерді ұйымдастыратын жаңашылдық (Джозеф Шумпетер, 1934 ж.) сипаттамалар келіп қосылды. Тәуекелдік жағдайында әрекет ете отырып, ол болуы мүмкін сәтсіздік үшін толық жауапкершілік көтереді (Альберт Шапиро, 1975 ж.).

Елдер бойынша айырмашылықтарды да білу керек: ағылшынтілді елдерде кәсіпкерлік шағын бизнеспен, инновациялық бизнеспен теңдестірілсе, Германияда ол иелену, қарамағына алу, меншіктеу құқымен байланыстырылады.

Шындығында, бизнес әлемінде кәсіпкерлер азшылықты құрайды. «Оларды бұрыннан бардан өзгеше, жаңа бірдеңе жасауға әрекеттенетіндері және құндылық ұстанымдарды түрлендіретіндері сипаттайды» (Питер Друкер. Рынок: как выйти в лидеры. Практика и принципы. — М., 1992, 32-6.).

Кәсіпкерлік — ол кәсіпкерлік қызмет субъектісінің шаруашылық қызметтің нәтижелері үшін мүліктік жауапкершілік көтеретінін жорамалдайды. Өзінің қызметін заңды тұлға құрмай жүргізетін кәсіпкер осы қызметке байланысты міндеттемелер бойынша өзінің барлық мүлкімен жауап береді.

Қызметін заңды тұлға ретінде жүзеге асыратын кэсіпкер мүліктік жауапкершілікті фирманың құқықтық жағдайына байланысты: өзінің капиталымен және жеке мүлкімен немесе тек капиталымен көтереді. Кәсіпкерлік қызметтің құқықтық нормалары сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті тоқтатудың тәртібі мен мерзімдерін де қамтиды.

Бизнес — ол кәсіпкерл ік қызметке қарағанда кең ұғым, өйткені бизнеске қызметтің кез келген саласында кез келген біржолғы коммерциялық мәмілелерді жасау жатады. Қаралып отырған ұғымдардағы айырмашылықтар нақ осы жерден көрінеді: егер кәсіпкерлік қашанда «қалыпқа түсірілген» және «кәсіпкерлік құрылымдар» түрінде әрекет етсе, ал бизнестегі субъектілер болып коммерциялық мәмілелерді тауар немесе ақшалай түрде ауық-ауық жасайтын кэсіпкерлік ұйымдар мен мекемелер де әрекет ете алады.

Бұдан шығатын қорытынды: бизнес — ол ақырында тауарлармен және қызметтермен айырбас бойынша нәтижесі пайда алу немесе залал шегу болуы мүмкін коммерциялық операциялар жасауға бағытталған іс, іскерлік белсенділік.

«Кәсіпкер» және «менеджер» ұғымдарын салыстыру олардың арасында айырмашылық бар екенін көрсетеді. Кәсіпкерден айырмашылығы — менеджер мүлде жаңа іс «ойластыруға», жаңалықтарды іске асыруға, өзінің қаражатын жаңа кәсіпорынға салуға, өзіне жеке тәуекелдік қабылдауға тиіс емес!

Менеджер — ол, әдетте, арнайы дайындықтан өткен басқару субъектісі. «Менеджер» деген кезде, көбінесе өзінің басқарумен айналысатын жай ғана инженер немесе экономист емес, ерекше мамандықтың өкілі екенін сезінетін кәсіби басқарушы ойға оралады. Менеджер міндетті мүрде тұрақты лауазым иеленеді, оның қарамағында адамдар болады.

Егер менеджер басқарудың бюрократиялық стиліне жақын болса, онда менеджер мен кәсіпкер арасындағы айырмашылық өте үлкен, бірақ менеджер басқарудың кәсіпкерлік стилін құп көрсе, онда олардың араларындағы айырмашылықтар белгілі бір шамада жойылады.

Өткен ғасырдың 80 жылдарының басында, әлемде энергетикалық (мұнайға қатысты) және ауылшаруашылық дағдарыстар бір мезгілде бұрқ еткен кезде, көптеген фирмалар мен корпорациялардың басшылары көпшілік мэселелердің шешімін компаниялардың өздерінің өзінен іздеу керектігін түсіне бастады.

Үлкен ұйымда оның көлеміне, шешім қабылдау және оны іс жүзіне асыру арасындагы уақыттың ұзақтығына байланысты көп қиындық туады, кейде шешімдердің икемділігі жетіспей жатады, ал оның үйым қызметінің өсуі жэне эртараптандырылуы үшін маңызы бар. Кэсіпкерлік рухты жұмыс істеп тұрган ұйымның ішінде дамытудың, яғни интрапренерліктің нәтижесінде бұндай тосқауылдарды еңсеруге болады.

Интрапренерлікке қызығушылықты әлеуметтік және экономикалық салаларда орын алған төмендегідей өзгерістердің бірқатарымен түсіндіруге болады: — еркіндікке, тәуелсіздікке, дербес қызметке ұмтылушылық;

  • өз бетінше іс жүргізу, өзін таныту, жеке қабілеттерін көрсету ниеті;
  • өндірісті әртараптандырудың артуы;
  • бәсекенің күшеюі.

Интрапренерліктің табиғаты дәстүрлі корпоративтік ахуалдан айтарлықтай бөлек болады, өйткені дәстүрлі менеджерлер өздерінің қызметінде иерархиялық бағыныштылықты қатаң сақтайды, тәуекелді салымдардан тартынады және қысқа мерзімдік нәтижелерге жетуге ұмтылады.

Фирмада интрапренерліктің дамуы қызметтің: «жаңа идеяларды алға тарту, сынау және қателіктер», бөлімшелер қызметі салаларына «шектеулерді алып тастау», «қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, командада жұмыс істеу», ұзақ мерзімдік келешекте нәтижелерге қол жеткізуге бағдар ұстау, интрапренерлікке ерікті кіру, жоғарғы басшылық тарапынан қолдау алу сияқты мәселелерді қолдауды қамтиды (Роберт Хизрич, Майкл Питерс. Предпринимательство или как завести собственное дело и добиться успеха. 5-басылым. Мәскеу: Прогресс-Универс, 1993. — 102-6.).

Интрапренерліктің дамуына жапондық: «Сони», Тойота», «Мазда» корпорациялары және басқалары өте үлкен үлес қосты. Басқарудың жапондық философия идеясымен: «Сапа тостақтары», «Канбан», «Өмірлік жалдау» секілді ұғымдар біріктірілді. Бұл корпорациялардың менеджерлері «сапа тостақтарын» пайдалана отырып, басқару барысында әрбір жұмысшымен, әрбір қызметкермен жақындаса алды. Әрбір жұмысшы мен әрбір қызметкер өз орнында өнертабыстылықтың кереметтерін жасай алды, өйткені олардың кез келген ұсынысы ескерілмей және мақұлданбай қалған жоқ. «Канбан» жүйесі өнімде ақау байқалған бойда жинақтайтын конвейерді және кез келген іс-әрекетті тоқтатуға, сол мезетте ақау жіберілген жұмыс орнына қайтаруға мүмкіндік береді.

Бұл жүйе жапондық кәсіпорындар мен корпорациялар өнімінің беделін өте жоғары көтеруге жағдай туғызды. Одан өзге, «Канбан» жүйесі әмірлік-әкімшілік экономиканың «итеріп шығаратын жүйесінен» айырмашылығы бар «тартушы жүйе» деген атауға ие болған.

«Тартушы жүйенің» экономикалық мазмұны: нарықты зерттеуден және жапондық кәсіпорындардың өндірістік технологияларының нарықтық сұранысқа нақ осы жоғары сұранысқа ие болып отырған өнімді «бір ұстағаннан» (әп-сәтте) шығару түрінде жылдам жауап қатуынан көрінеді.

Жапондық фирмалар мен корпорациялардың тиімділігіне «Өмірлік жалдаудың» өте үлкен ықпалы болды: соның нәтижесінде жұмысшы мамандардың немесе қызметкерлердің алдыңғы ұрпақтарының тәжірибесі, білімдері, машықтары мен әдіс-тәсілдері жоғары бағаланды. Одан өзге, соңғы ұғымның әлеуметтік-экономикалық мағыналық мазмұнына тұрақты оқыту және мамандардың біліктілігі деңгейін көтеру қоса салынады. «Өмірлік жалдау» кезінде жалақының артуы жұмыс өтіліне, жұмысшының немесе қызметкердің фирмаға адал берілгеніне байланысты тікелей мөлшерлес болады.

Жапонияда мемлекеттік басқару органының шенеуніктері елу жаста жұмыстан босатылады, бірақ сол бойда дереу жеке фирмалар мен корпорациялардың басшылық лауазымдарына шақырылады. Жапонияның экономикасындағы жеке сектор үлесі 70%-тен асады, ал бұл мемлекеттік басқару органдарында жұмыс істеген тэжірибесі бар жоғары білікті басқарушыларға үлкен сұраныс болатынын дәлелдейді.

Мемлекеттік басқару органдары шенеуніктерінің Жапонияның барлық кәсіпкерлік, қаржылық және басқа құрылымдарының бюрократиялық аппараты қызметкерлерінің барша санындағы үлесі 1%-тен аспайды. Жапонияның мемлекеттік басқару органдарынан отставкаға шыққан шенеуніктерді шақыру — олардың жоғары мемлекеттік басқару құрылымдарындағы бұрынғы іскерлік байланыстарын да пайдалану мақсатын көздейді.

Қалыптасып жұмыс істеп тұрған кәсіпорын үшін «кәсіпкерлік басқару» деген сөз тіркесіндегі «кәсіпкерлік» сөзі маңызды мағынаға ие. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорында кәсіпкерлік жолындағы басты тосқауыл деп қалыптасқан тәжірибені, ал жаңа кәсіпорында оның жоқ екенін айту керек.

Жаңа кәсіпорынның соның аясында қызметкерлер өздерінің жұмыстарының мақсатын жэне соған қол жеткізудің тәсілдерін түйсіне алатындай ретке келтірілген, өміршең «ағзасы» жоқ. Егер жаңа ұйым өндірісі реттелген және басқарылатын фирмаға айналмаса, онда ешқандай да керемет кәсіпкерлік идея оған көмектесе алмайды.

Сондықтан жаңа кәсіпорындағы кәсіпкерлік басқару төмендегілерді талап етеді:

  • жоғары басқару буынын: жаңа кэсіпорын оған деген нақты қажеттілікті сезіне бастағаннан көп уақыт бұрын және оның осындай бөлімшеге қол жеткізетін нақты мүмкіндігі пайда болмай тұрып құру;
  • нарыққа мұқият көз тігу;
  • қаржылық болжам;
  • қолда бар ресурстарды барынша тиімді салуға болатын бағыттарды анықтау.

Кәсіпкерлік міндетті түрде қандай да бір ұйымдық құрылым, басқарудың ұйымдастырушылық пошымы шектерінде жүзеге асырылатындықтан, кәсіпкерлік құрылымды басқарудың ұйымдастырушылық пошымын таңдау ішінара кәсіпкердің жеке мүдделері мен мамандығына байланысты, бірақ, негізінен, белгілі бір: нарықтың жай-күйі, кәсіпкер қызметінің саласы, ақшалай қаражаттың болуы, кәсіпкерліктің бір немесе басқа түрлерінің мәртебелері секілді нақты жағдайларға байланысты болады.

Құрылыстың кәсіпкерлік құрылымдарының ұйымдастырушылық-экономикалық пошымдары — ол, бір жағынан, кәсіпкерлік бойынша серіктестер арасындағы ішкі қарым-қатынасты және, екінші жағынан, осы кәсіпкерлік құрылымның кәсіпкерлермен және мемлекеттік басқару органдарымен қарым-қатынасын айқындайтын нормалар жүйесі.

Кәсіпкерлік құрылымдардың: дербес, ұжымдық жэне корпоративтік түрлері бар. Ары қарай кәсіпкерлік құрылымдардың осы пошымдары жұмысшылардың, қызметкерлердің және шығарылатын өнімнің көлеміне байланысты: шағын, орта және үлкен деп бөлінеді.

Құрылыста жұмысшылары мен қызметкерлерінің саны 50-ден аз фирмалар — шағын кәсіпорынға, жұмысшылары мен қызметкерлерінің саны 50-ден 500-ге дейін жететіндер — орта кәсіпорынға, ал егер жұмысшылары мен қызметкерлерінің саны 500-ден асса, онда үлкен кәсіпорынға жатады. Жұмысшылар мен қызметкерлердің санын бағалау белгілері аталғандар санының көрсеткіші шығарылатын өнімнің, жалақының және түсімнің көлемі көрсеткіштерімен тікелей байланысты болғандықтан қабылданған.

Егер орташа жылдық түсім бір жұмысшыға немесе қызметкерге шаққанда 2 млн. теңгеден аз емес болса, онда үлкен құрылыс кәсіпорны өнімді 1 млрд. теңге сомасынан артық шығаруға тиіс. Әлемдік тәжірибе кәсіпкерліктің «шаруашылық серіктестік» деген бір ұғымға біріктірілген төмендегідей қалыптасқан ұжымдық-ұйымдық пошымдарының болатынын дәлелдеп отыр.

Толық серіктестік — бұл екі және одан да артық кәсіпорынның бірлескен кәсіпкерлікті жүзеге асыруды және серіктестіктің міндеттемелері бойынша оған тиесілі мүлік үшін толық жауапкершілікті көздейтін келісім-шарт жасау жолымен бірігуі. Толық серіктестіктің атынан оның кез келген қатысушысының өкілеттіктері мен іс-әрекеттері, — егер толық серіктестіктің құрылтай құжаттарында өзгедей көзделмесе, — серіктестіктің өзінің қызметі деп танылады.

Толық серіктестіктің қатысушыларының құрамын өзгерту — оның қызметін тоқтатуға әкеліп соғады. Коммандиттік серіктестік (сенімге құрылған серіктестік) болып: коммандиттік серіктестік құру туралы құрылтай құжаттарына сәйкес, оның шынайы мүшелерінің біреуі немесе бірнешеуі серіктестіктің міндеттемелері бойынша оған тиесілі барлық мүлікпен жауапкершілік көтеретін, ал қалған мүшелері, яғни салымшылар серіктестік капиталындағы өздеріне тиесілі үлестері (салымның өздерінің үлесінің төленбеген бөлігін қоса алғанда) шектерінде серіктестіктің қызметіне байланысты жауапкершілік көтеретін серіктестік танылады.

Жаңа заңды тұлға құрмай-ақ коммандиттік серіктестік құра беруге болады. Бұл жағдайда серіктестіктің жаңа қатысушыларының салымдары серіктестіктің шынайы қатысушыларының бірінің теңгерімінде көрсетіледі. Коммандиттік серіктестіктің атынан оның шынайы мүшелерінің кез келгенінің өкілеттіктері мен іс-әрекеттері, — егер құрылтай құжаттарында өзгедей көзделмесе, — серіктестіктің өзінің қызметі деп танылады.

Пайдаланылған әдебиеттер: Аманбаев Ү.А., «Кәсіпорын экономикасы». Оқу құралы, Алматы: «Бастау» баспасы, 2012 — 432 бет.

#Фирма #кәсіпкерлік #қызметтің #негізгі #субъектісі #ретінде

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз