Дипломдық жұмыс. Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты (1991-2011жж.)

0

МАЗМҰНЫ

 

Кіріспе……………………………………………………………………………………………..

 

1…. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ

1.1. Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының қалыптасуы, ынтымақтастықты дамыту функциясы………………………………………………………………………

1.2. Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының жетістіктері мен келешегі

 

2…. ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚТАҒЫ — ҚАЗАҚСТАН

2.1. Қазақстан және БҰҰ: ынтымақтастықтың негізгі кезеңдері…………….

2.2. Қазақстанның шет елдермен өзара ықпалдастық және тең құқықтық қатынастар құру саясаты………………………………………………………………………………

 

3…. СЫРТҚЫ САЯСАТТЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

3.1. Әлемдік саясатта  мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары.

3.2. Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы

 

…… ҚОРЫТЫНДЫ……………………………………………………………………………

…… Пайдаланылған әдебиеттер тізімі………………………………………………….  

 

 

Кіріспе

 

Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болып жарияланғаннан бергі он жылдан астам уақыт ішінде оның әлемдік қауымдастыққа енуі іс жүзінде аяқталып, халықаралық геосаяси қатынастардағы орны мен рөлі айқындалды. Бүгінде Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі өзінің тарихи дәнекерлік қызметін қайта жалғастырып, халықаралық аренада беделді де дәйекті бейбітшілік саясатын жүргізуде. Оған Қазақстанның халықаралық қауымдастық шеңберінде тең құқылы қарым-қатынастар орнатуымен бірге, баянды бейбітшілік саясатын қалыптастыру, мемлекетаралық шиеленістерді бәсеңдету, шет елдермен экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейту жөніндегі ұсыныстары мен нақты қадамдары айқын дәлел.

Сонымен қатар отарлық және кеңестік кезеңдерде бұрмалауға ұшыраған халықтың тарихи санасын қалпына келтіру, өз мемлекеттігін сәйкестендіру аясында өтіп жатқан рухани және мәдени өрлеу барысында Қазақстан Республикасы көршілес елдермен, тарихи тамыры бір туысқан халықтармен ежелгі қарым-қатынастары мен байланыстарын жаңғыртуға да ерекше назар аударып келеді. Алыс және жақын көрші мемлекеттермен жасалатын ресми халықаралық қарым-қатынастармен қатар елдерді жақындастыратын мәдени байланыстардың да маңызы зор.

Бiз бүгінгі таңда еліміздің дамуының аса маңызды тарихи кезеңiне куә болып отырмыз. Тәуелсiздік алған сәттен бастап елiмiз өтпелi кезеңнiң қиындықтарынан еңсесiн түсiрмей, өзiндiк жол тауып шыға бiлдi. Жиырма жыл ішінде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты, мәдени, рухани келбеті бұрын болып көрмеген биік деңгейге көтерілді. Барлық салада толағай табыстарға жеттік. Қоғам дамуында реформалар жүрiп жатқан кезеңде білім беру жүйесi де сырт қалған жоқ. Конституциялық реформалар барысында білім беру саласын жетiлдiруге аса мән берiлдi. Оң өзгерістер білім беру жүйесінде де молынан орын алды. Осы уақыт ішінде білім беру жүйесінде кең ауқымда жүргізілген реформалар қазіргі қазақстандық жоғары мектепті қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайып, студенттерді әлеуметтік қолдау жақсарды. Білім саласының қызметкерлері Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларды қолдай отырып, еліміздің одан әрі де даму жолымен өсіп, өркендей беретіндігіне зор сеніммен қарайды. Тарихымызға тереңірек үңіліп қарасақ, тәуелсіздік алып, өркениеттің сара жолына түскелі көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ осы уақыттың ішінде біз Қазақстанды табиғи байлығы мол, өзіндік даму жолын таңдаған мемлекет екенін әлемдік қауымдастыққа танытып қана қоймай, оның беделінің жылдан-жылға артып келе жатқанын байқап отырмыз. Ал өркениеттің мұндай сатысына жету ата-бабамыздың тарихи өмірінде бұрын-соңды болмаған жаңа кезең, жаңа қоғам деуге толық негіз бар.

Бүгін еліміз 138 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазақстанның шетелдерде 70-тен астам дипломатиялық миссиялары, кәсіби дипломаттарының жеткілікті саны бар. Шетелдермен белсенді ынтымақтастықтың нәтижесінде мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 3 мыңнан астам әртүрлі салалардағы халықаралық шарттар жасалды.

Зерттеу жұмысының негізгі нысаны. 1991-2011 жылдардағы Қазақстан Республикасының сыртқы саяси дамуы кезеңіндегі Қазақстан тарихы болып табылады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстандық қоғамды жаңартудың демократиялық негіздерін белгілі ғалымдар Ә.Н. Нысанбаев, А.Қ. Бижанов зерттеген. Сондай-ақ, қоғамды демократияландырудағы саяси жаңарту үрдісінің саяси маңыздылығын және кейбір қырлары отандық ғалымдарымыз Г.Н. Иренов, Е.К. Әлияров еңбектерінде де көрініс тапқан. Саяси жаңарудың этносаяси аспектілерін кешенді зерттеуге Р.Б. Абсаттаровтың зерттеулері үлкен үлес қосты.

Аталған мәселе бойынша қазақстандық ғалымдар Л.А.Байдильдинов, А.С.Балғымбаев, М.А.Биекенов, К.Н.Бурханов, С.М. Борбасов, Ж.Х.Жүнісова, Р.К.Қадыржанов, М.С.Машан, Н.В.Романова, Т.С.Сарсенбаев, М.Б.Татимов, Г.Р. Нұрымбетова, Т.Қ. Әуелғазина, С.Ш. Мұсатаев, Ж.Р. Жабина және тағы басқалар трансформациялаудың үдерістің логикасын, Қазақстанның әлеуметтік мәдени даму ерекшелігін, қоғамдық өмірдің басқарушы звеносын реформалау тетіктерін жүйелеген. Жоғарыдағы аталған еңбектер өзгермелі қоғамдығы мәнді ғылыми зерттеулер болып саналады. Бірақ та осы еңбектерде Қазақстан Республикасының демократиялық модернизациялау үрдісінің динамикасына арналған арнаулы зерттеулер жоқ. Бұл мәселені кешенді зерттеу тарих ғылымы үшін зәрулік болып табылады.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Тақырыптың мақсаты Қазақстан Республикасындағы сыртқы саясатының даму тарихына талдау жасау.

Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін мынандай зерттеу міндеттері алға қойылды:

— Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының қалыптасуы, ынтымақтастықты дамыту функциясына талдау жүргізу;

— Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының жетістіктері мен келешегін сараптау;

— Қазақстан және БҰҰ: ынтымақтастықтың негізгі кезеңдері мәні мен мазмұнын бағалау;

— Қазақстанның өзара ықпалдастық және тең құқықтық қатынастар құру саясаты талдау жасау;

— Әлемдік саясатта  мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жүру бағыттар мен ерекшеліктерін зерттеу;

— Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы зерттеу;

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Зерттеу жұмысының дерек көздерін ҚР конститутциясы, заң актілері, статистикалық материалдар президент жарлықтары мен дипломатиялық құжаттар құрайды.

Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негізі.      Жұмысты жазу барысында көптеген әдебиеттер пайдаланды. Соның қатарында ресей және еліміздің құқық саласындағы ғалымдардың еңбектері пайдаланды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жолдаулары және өзге де нормативтік-құқықтық актілер пайдаланды.

Зерттеу жұмысының мерзімдік және аумақтық шегі. Зерттеу жұмысында 1991-2011 жылдардағы Қазақстан Республикасының территориясы қарастырылған.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Тәуелсіздік тарихындағы сыртқы саясаттың жетістіктері мен келешегін сараптау жаңалық болып табылады.

Зерттеу жұмысының ғылыми-практикалық  маңыздылығы. Диплом жұмысы семинар сабақтар мен студенттің өзіндік жұмыстарына қолданылуы мүмкін.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде келесі тұжырымдар шығарылды:

  • Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының қалыптасуы мен еліміздің ынтымақтастықты дамыту функциясына талдау жүргізу арқылы еліміздің «көшбасшылық» бейнесі ашылды;
  • Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының жетістіктері мен келешегін сараптау нәтижесінде Отанымыздың жасампаздық бейнесі айшықталды;
  • Қазақстан және БҰҰ: ынтымақтастықтың негізгі кезеңдері мәні мен мазмұнын бағалау нәтижесінде еліміздің бейбіт саясат ұсьтанудағы ролі мен орны анықталды;
  • Қазақстанның шет елдермен өзара ықпалдастық және тең құқықтық қатынастар құру саясаты талдау жасау арқылы әлемдік қауымдастықтағы мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жүру бағыттар мен ерекшеліктері анықталды;

Дипломдық жұмыс кіріспеден, тиісті параграфтарға бөлінген үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.

 

1. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ

 

1.1 Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының қалыптасуы, ынтымақтастықты дамыту функциясы

 

Қазақстан Республикасының Презиеднті Н.Ә.Назарбаев республика тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде «бәрін де іс жүзінде тақыр жерден бастауға тура келді… Ең алдымен… елімізді сыртқы дүниенің тануына қол жеткізу қажет еді» деп атап көрсеткен болатын. /12/ /32-бет/ Бұл өзінен өзі түсінікті еді. Себебі, Қазақстан өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жарияласымен-ақ дүние жүзіндегі басқа мемлекеттердің оны тәуелсіз мемлекет ретінде тануы ел тәуелсіздігінің баяндылығының басты белгілерінің бірінен саналады. Осыған байланысты біз ел есінде мәңгі сақталар қуанышты сәттердің бірі ретінде 1991-жылдың желтоқсан айының 16-сы күні Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жарияласымен-ақ, араға бар-жоғы 30 минут уақыт салып, қазақ халқымен ортақ тарихи және этнолингвистикалық терең тамырлы бауырластығы бар түрік елінің бірінші болып әлемге жар салып Қазақстанның егемендігін танығандығын мақтаныш сезімімен еске аламыз. Ол – ол ма, Қазақстанда өз елшілігін ашқан алғашқы ел де Түркия Республикасы болды. Қазақстан өзінің егемендігін жариялаған күннен бар-жоғы төрт ай өткенде, яғни 1992-жылдың сәуір айының 21-күні Түркия республикасының Қазақстандағы елшісі Аргун Өзпай ел басшысы Н.Ә.Назарбаевқа сенім грамотасын тапсырды. Ал осы салтанатты сәттен бар-жоғы 26 күн өткенде, яғни 1992-жылдың мамыр айының 16-сы күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанның шет елдердегі бірінші елшілігі Түркия Республикасында салтанатты жағдайда ашылды.

Скачать