«Мәңгілік елге» арналған монография

0
301

Күні кеше ғана Қазақстан Республикасы үшін айтулы мереке – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өттік. Осыған орай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Тәрбие ісі жөніндегі проректоры, саяси ғылымдарының кандидаты, профессор Жанатбек Ешенқожаұлы Ішпекбаев «Мәңгілік ел осылайша сомдалған» деп аталатын өзінің кезекті ғылыми монографиясын шығарды.

Ғылыми еңбек төрт тараудан тұрады. Бірінші тарауда 1991-1997 жылдар аралығында елдегі саяси-экономикалық жағдай, әлеуметтік мәселелер және КСРО экономикалық қирандысынан ырғақты даму арнасына түскен Қазақстан экономикасын түзетудің ерекшеліктері, Елбасының тарихи әрі парасатты бастамалары еліміздің қалыптасуы мен болашақта табысты дамуының айқындаушы факторына айналғаны тиянақты ғылыми сараптан өткізіледі.

Екінші тарауда 1997-2007 жылдар аралығы қарастырылады. Бұл тарау «Қазақстан-2030» даму бағдарламасын жүзеге асыру барысындағы он жылдық тынымсыз еңбекті талдауға арналған.

Үшінші тарауда 2007-2013 жылдар аралығындағы Елбасының жекелеген мемлекеттер арасындағы  саяси қырғиқабақтық пен экономикалық бәсекелестік салдарынан туындаған мәселелердің жігін жатқызып, сызын жібітіп жіберген бітімгершілік әлеуеті туралы жан-жақты айтылады.

Соңғы, төртінші тарауда «2050 стратегиясы», «Нұрлы жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» – ұлт жоспары, сондай-ақ «Мәңгілік ел мұраты» секілді ауқымды реформалық бағдарламалар талданып, олардың ТМД, Еуразия құрлығы және әлем кеңістігі аумағына консенсусқа өзек, тін, алтын көпір болатын тұстары баяндалады. Сонымен бірге Көшбасшымыздың 2016 жылдың сәуір айында өткен Бүкіләлемдік ядролық қаруға қарсылардың Вашингтондағы саммитінде жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі мен Ыстамбұлдағы Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитінде Түркия президенті Реджеп Тайп Ердоғанмен бірлескен декларациясы талданады.

Бұл ғылыми еңбекте нақты деректер арқылы Тәуелсіз Қазақстанның кешегісі мен бүгініне салыстырмалы талдау жүргізілген. Еліміздің ішкі және сыртқы саясаты тәуелсіз мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық жағдайларымен, сондай-ақ, бұрынғының тарихи ақиқаттарымен бір кеңістікте қарастырылған. Автор тәуелсіз мемлекеттің құраушысы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұзақ жылғы дәйекті жасампаздық қызметінің нәтижесі қазақстандықтарды болашаққа жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясының айрықша бағдарын оқырманға ой салар дәйектермен жеткізе білген. Автордың айтуынша, «Бұл монографияны шығарудағы мақсат – мемлекеттік Тәуелсіздігіміздің құндылықтарын насихаттау, «Мәңгілік ел мұраты» идеяларының мәнін жан-жақты және жүйелі ашып көрсету, Елбасы көрсетіп берген қазақ халқының болашаққа бастаған жолын маңызды міндет санап, паш ету».

Бүгінгі таңда Ұлы Даланың мұрагері санатындағы Қазақстанның өткен жолын, рухани мол мұрасын, мәдени байлығын, ел үшін қан кешкен ұлы бабалардың халыққа жасаған қызметін өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге қылу – маңызды міндет. «Мәңгілік ел мұраты» идеяларын жан-жақты зерттеу, мемлекетіміздің қалыптасуындағы тарихи оқиғалардың мән-маңызын ашып көрсету жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, жаңа Қазақстанның стратегиялық жоспарын іске асыру міндеттеріне толық сәйкес келеді.

Осы райда айта кету керек, монография авторы өзі бастама көтеріп, өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына аталған кітабының бірнеше данасын тарту ретінде жіберген болатын. Көп кешікпей Елбасы кітапханасы қорының атқарушы директоры Б.Жұмабековтен хат келді. Онда авторға шын жүректен алғыс айтып: «Сыйға берген «Мәңгілік ел осылайша сомдалған» атты монографияңыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорынан лайықты орын алатынын хабарлаймыз», – деп атап көрсетіпті.

Олай болса, ел өмірінің нақты деректеріне сүйене отырып жан-жақты зерттеп, талдап, зерделей келе Елбасы тұлғасының өсу, кемелдену жолын сомдаған бұл құнды еңбек тек бүгінгінің ғана емес, өкше басар ұрпақтың да үлгі алу үшін оқитын кітабы болатынына сенеміз, соған үміт артамыз.

Болат ЖҰМЫНҰЛЫ