Бизнес-жоспарды әзірлеу стратегиясы | туралы қазақша

0
2
Advertisement

Кәсіпкерліктің аса өзекті мәселелерінің бірі болып бүгінгі күні бизнес-жоспарлар әзірлеу саналады. Шетелде ғана емес, бізде де осы тақырыпқа жарияланымдар мен кітаптардың көп жазылуы кездейсоқ емес. Бизнес-жоспардың тарауларына тікелей көшпес бұрын, олардың негізгі қолданылу мақсатын түсініп алу керек.

Жоспарлау — ол менеджмент қызметтерінің бірі және кәсіпорынның келешектегі қызметін, яғни келесі: фирма қандай бағытта, қандай қарқындармен дамытылатын болады; қойылған мақсаттарға қалай жету керек; айқынсыздық пен тәуекелдік дәрежесін төмендету үшін не істеуге болады деген тәрізді мәселелердің шешімін болжауды білдіреді. Тиімді жоспарлау — ол мақсаттарды белгілеу үдерісі ғана емес, сонымен қатар оларға қол жеткізу жолдарын табу. Жоспарлау жаңа кәсіпорын құру кезінде де, оны ары қарай дамыту кезеңінде де жүргізілуге тиіс.

Жоспарлау үдерісі нәтижелерінің бірі — бизнес-жоспар. Бизнес-жоспар — ол бизнесті ұйымдастыру мүмкіндігін сипаттайтын (жаңа кәсіпорын құрудың қандай негіздемелері бар) және менеджерлердің кәсіпорынды қандай түрде ұйымдастыруды ойластырып жатқанын аныктайтын құжат.

Толық бизнес-жоспардың әдетте көлемі айтарлықтай үлкен болады, бірақ көбінесе егжей-тегжейлірек жоспарларды әзірлеу үшін бастапқы нұсқалар ретіндегі мини-бизнес-жоспарлар да пайдаланылады. Бизнес-жоспар — ол өнімге қарағанда, көп дәрежеде үдеріс, әрі бизнесті жоспарлаудың нәтижелері өзгеріссіз де емес, сондықтан фирма қызметінің бастапқы белгіленген нәтижелерден ауытқуы орын алған жағдайда, міндетті түрде бизнес-жоспарды түзету қажеттілігі болады.

Бизнес-жоспарды әзірлеуге ықпал ететін негізгі факторларды қарастырайық, олар:

— Бизнестің күрделілігі. Шағын шаруа қожалығының бизнес-жоспары шығарылатын өнімінің көлемі үлкен, құрал-жабдықтары да, есеп-қисаптары да күрделі ірі кәсіпорынның бизнес жоспарынан айтарлықтай дәрежеде өзгеше болады.

— Бәсеке деңгейі. Егер кәсіпорын қиын бәсекелестік жағдайда жұмыс істесе, бәсекелестер тарапынан қатты қысым сезінбейтін кәсіпорындармен салыстырғанда, ол бизнес-жоспар әзірлеген кезде ұқыптырақ және мұқияттырақ болуға тиіс.

— Айқынсыздық деңгейі. Кейбір кәсіпорындар жылдам өзгеретін, тұрақсыз ортада жұмыс істейтіндіктен, бұл жоспарлау үдерісін қиындатады, ал, керісінше, орнықты жағдайларда жұмыс істейтін кәсіпорындарға келешектегі қызметін болжау айтарлықтай оңай.

— Кәсіпкер және оның менеджерлер командасы. Бизнес-жоспар кәсіпкер мен оның командасының бизнес ішінде де, сыртқы ортада да күрделі қарым-қатынастарды аңдау қабілеттеріне және кәсіпорынның стратегиясы мен тактикасын дұрыс тұжырымдай білетініне байланысты.

Бизнес-жоспар өндіріс пен қызметтер көлемдерін арттыру үшін капитал келтіру мақсатында инвесторлар іздестірген кезде міндетті болып саналады. Бизнес-жоспардың негізінде инвесторлар жаңа кәсіпорынның жоспарда қойылған мақсаттарды іске асыру үшін тиісті мүмкіндіктерінің, оның ішінде жоғары білікті менеджерлер командасының, іс-әрекеттердің жақсы ойластырылған, бірізді және негізді бағдарламасының бар екеніне көз жеткізуге тиіс. Егер бизнесжоспар мақұлданса, онда ол кәсіпкер мен оның командасы өздерінің іс-әрекеттерін сол бойынша іс жүзіне асыратын басты бағалау белгісі болуға тиіс.

Инвесторларды, бірінші кезекте, кәсіпорынның борышты өтейтін қабілеті болуы, яғни оның проценттер төлеуге ғана емес, негізгі борышты қайтаратын әлеуетінің болуы толғандырады, сондықтан кәсіпорынның қаржылық көрсеткіштерін егжей-тегжейлі талдау және жобалау қажет. Бизнес-жоспар инвестициялар келтіру құралы ретінде ғана пайдаланылады дейтін пікір бар.

Іс жүзінде бизнес-жоспардың қолданылатын ауқымы айтарлықтай кең, өйткені бизнес-жоспарлар әзірлеудің маңызы ешбір төмен емес басқа да себептері бар, оның ішінде:

Көбірек реттелген жұмыс. Бизнесті жоспарлау — менеджерлер командасына ұтымдырақ жұмыс істеуге, яғни балама нұсқалардың ішінен барынша оңтайлыларын таңдап алуға, болуы мүмкін қауіп-қатерлерді (тәуекелдіктерді) ескеруге және оларды болдырмау немесе азайту жолдарын анықтауға көмектеседі.

Болашаққа бағдар ұстау. Жоспарлау — менеджерлер командасына көптеген мәселелерді алдын ала көруге және ескеруге, сонымен бірге олардың тууы мүмкін жағдайға дайын болуға жәрдемдеседі.

Ой-әрекеттерді ресми мақұлдап бекіту. Жоспарлау стратегияны тұжырымдауға ғана емес, сонымен қатар ой-әрекеттер мен тәсіл-амалдарды ресми мақұлдап бекіту жолымен оны іс жүзіне асыруға да көмектеседі.

Нәтижеге бағдар ұстау. Мақсаттар белгілеу — кәсіпорынды түпкілікті нәтижелерге жетуге бағыттайды.

Күйзелісті меңгеру. Жоспарлау барысында айқынырақ мақсаттар белгілеу болашақта күйзеліске түсіретін жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді.

Тиімділігі жоғары жұмысқа дем беру. Бизнесті жоспарлаудың азырақ сезілетін салдары деп айқын мақсаттар белгілеген кездегі дәлел-уәждің пайдасын айтуға болады. Егер алдыға қойылған мақсаттар қиын, бірақ қолжетімді болса, адамдардың да уәждері сенімдірек болатынын зерттеулер көрсетіп отыр. Төменірек мақсаттар белгілеген кезде де, қолжетімсіз мақсаттар белгілеген кезде де адамдардың уэждерінің сенімділігі аздау болады.

Жоспарлау барысында кәсіпорынның тап болуы мүмкін кейбір қиындықтарды қарастырайық. Технологиясы жылдам өзгеретін салаларда жаңа бәсекелестер пайда болғанда, нарықтық орта өзгергенде, бизнес-жоспар басылымға шықпай жатып ескіретін жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан ортаның өзгергіштігінің бизнесті тиімді жоспарлау жолындағы маңызды факторға айналуы ғажап емес.

Екінші себеп елдегі жалпыэкономикалық және саяси ахуал болуы мүмкін: дағдарыс, қоғамдағы басқа да түбегейлі өзгерістер жобалардың іс жүзіне асырылуын мүмкін емес ете алады. Айқынсыздық және алдын ала болжай алмау жағдайында қандай да бір міндеттемелер алу қиын. Ақырында, қуат мәселесі әсіресе жаңадан құрылып жатқан, кәсіпорынның қалыптасуының алғашқы күндері мен айлары олар үшін аса маңызды болып саналатын кәсіпорындарға аса қиын факторға айналуы мүмкін.

Бизнес-жоспар әзірлеген кезде ұсынылатын және ұсынылмайтын іс-әрекеттер деп екі топқа бөлуге болатын ұсыныстарды басшылыққа алу қажет. Алдымен тиімділігі жоғары бизнес-жоспарға қойылатын талаптарды қарастырайық.

— бизнес-жоспар қисынды, байланысты, толық, оқуға ыңғайлы және мүмкіндігінше қысқа болуға тиіс. Бизнес-жоспар бизнес-жоспардың негізгі тараулары мен көрсеткіштерін мұқият әзірлеу жолымен қызметкерлердің инвесторлар алдындагы жоғары жауапкершілігін көрсетуге тиіс;

— бизнес-жоспар инвесторды қызықтыруға және оның назарын аударуға тиіс, сондықтан меншікті капиталдың үлесі қандай болатынын және инвестор өз капиталын салу нәтижесінде қанша үлес алатынын айқын белгілеу керек.

Бизнес-жоспарда бизнесті қаржыландырудың бірнеше балама көздерінің көрсетілгені дұрыс. Өз инвесторларын, олардың қандай талаптары бар екенін, не ұнайтынын, не ұнамауы мүмкін екенін жақсы білу керек және жоспарды олардың қалауларына сай құру қажет:

— сыртқы сарапшылардан, тұтынушылардан кәсіпорынның, — тіпті егер ол біраз уақыт алса да, бизнес-жоспар жазуды кейінге қалдыруга тура келсе де, — оң ақша ағынын тудыра алатыны туралы растау алу қажет. Ондай растауды алу бизнес-жоспардың құндылығын және нақтылығын айтарлықтай көтеруге мүмкіндік береді. Сатылымның, нарықтың нақты жорамалдарын жасау және тиісті болжанатын қаржы көрсеткіштерін әзірлеу керек;

— бизнес-жоспар жасау барысында оны әзірлеуге менеджерлердің барша командасының қатысқаны аса маңызды. Сонымен қатар іске асыру барысында бизнес-жоспар қашанда талқылау үшін ашық болуға тиіс.

Енді бизнес-жоспар жасаған кезде ненің ұсынылмайтынын қарастырайық:

— команда мүшелерінің қатарында қазіргі уақытта басқа фирмаларда жұмыс істейтін және кейіннен келіп қосылуды жоспарлайтын адамдарды көрсетуге болмайды;

— күмәнді, негізсіз және айқын емес, мысалы, сатылымдар көлемін бағалау команданың жорамалына құрылған мағлұматтарды айтуға болмайды;

— техникалық өнімдерді немесе өндіріс үдерісін осы саладағы мамандарға ғана түсінікті терминдерде сипаттауға болмайды, өйткені ол бизнес-жоспардың тартымдылығын төмендетеді. Мысалы, инвестор өзі түсінбейтін нәрсеге қаражатын салмайтын болады. Тиісті саланың маманы емес адамға мәселенің мәнін жай сөздермен түсіндіре алмайтын команданың біліктілігіне күмән келтіру жиі кездеседі;

— асыра боямалы брошюраларға, слайдтарға, дабыра таныстыруларға әуестенудің керегі жоқ — барлығы да табиғи көрінуге тиіс;

— бизнес-жоспарды эзірлеуді тым ұзақ мерзімге созып жіберуге болмайды, ол уақытта мүмкіндігінше бизнесті ұйымдастыруды және іске қосуды бастап кету керек.

Бизнесті тиімді жоспарлау — ол уақытты, іс жүзіндегі тәжірибені, белгілі бір міндеттемелер мен күш-жігерді қажет ететін қиын үдеріс. Тиімді жоспарлау, бірінші кезекте, іс-әрекеттерге емес, мақсаттарға (түбегейлі нәтижелерге) бағдарлануға тиіс. Нақты іс-әрекеттер белгіленген мақсаттарға жету үшін кейін жоспарланады. Мақсаттар да өзгертілмейтін болып құрылмайды, олар бизнестің қоршаған ортасындағы өзгерістерге байланысты өзгеруі мүмкін. Жоспарлаудағы мақсаттарды белгілеудің көптеген тәсілдері бар. Жоспарлау барысында мақсаттарды сәтті белгілеу үшін қажет кейбір талаптарды ғана қарап көрейік.

Мақсаттар төмендегі талаптарға сай болуға тиіс:

  • нақтылық және егжей-тегжейлілік:
  • санмен өлшеу мүмкіндігі;
  • мерзімдер бойынша үйлестік;
  • шынайылық және қолжетімділік;
  • жаңа жағдайларға бейімделу мүмкіндігі.

Мақсаттарды іс жүзіне асыру барысында басымдықтарды белгілеу, болуы мүмкін қиындықтарды және маңыздылығы дәрежесіне қарай оларды шешу жолдарын айқындау қажет. Әрбір мақсатты іске асыру үшін міндеттер және нақты іс-шаралардың тізбесі әзірленеді. Алдын ала тәуекелдік дәрежесін және күтпеген төтенше жағдайлардың болуы мүмкіндігін анықтау — артық тәуекелдік пен айқынсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге барлық мақсаттардың жеткілікті ресурспен (меншікті болса да, сырттан келтірілген болса да) қамтамасыз етілгені маңызды.

Бизнес-жоспарды әзірлеушілер туралы мәселені қарайық. Бизнес-жоспарларды әзірлеуді сырттай кеңесшілерге тапсыру керек, сол уақытта команда бизнесті бастаумен, үйымдастырумен айналыса алады деген пікір бар. Ал іс жүзінде сырттай кеңесшілер тартудың дұрыс еместігін көрсететін екі себеп бар. Бірінші себеп мынадан көрінеді: жоспарлау үдерісінің әлі бастапқы сатысында команда мүшелерінің әртүрлі стратегиялар мен тактикаларды бағалай алатын, қаржы және еңбек ресурстарына қойылатын талаптарды анықтайтын, фирманың маркетингтік әлеуетін зерттеп біле алатын мүмкіндігі бар. Осының бәрін бизнес жұмысын бастап кеткен соң зерттеп білу кеш болады.

Екінші себеп инвестордың бизнес-жоспарды кімнің әзірлегеніне маңызды мағына беретінінен көрінеді. Жоспарлау барысында команданың болашақ кэсіпорынның барлық егжей-тегжейлерін бүге-шігесіне дейін ескергенін, жұмыс істеуді бастағалы отырған бизнестің ерекшеліктерін жақсы меңгергенін, түсінгенін білу ол үшін маңызды.

Жоспарлау үдерісінде жұмысты мейлінше ұтымды үйымдастырудың маңызы зор. Аса тиімді жол — бизнес-жоспардың тарауларын орындаушылар арасында: біреуі — экономикалық-маркетингтік жоспармен, екіншісі — қаржы жоспарымен, үшіншісі өндірістік жоспармен айналысатындай етіп бөлу. Содан кейін ақпарат бизнес-жоспарда қорытындыланады, ол кезде атқарушылық түйіндеме соңғы кезекте ғана дайындалады. Бизнес-жоспардың бірінші және соңғы нұсқасының айы-күні белгіленеді. Одан өзге, бизнес-жоспар бойынша жұмыстарды орындаудың егжей-тегжейлі кестесі айқын анықталған бірізділікпен жасалады. Бизнес-жоспар жазылып біткен бойда пікір білдіретін кеңесшілерге беріледі: олар қажетсіз ақпаратты алып тастауға және кәсіби әзірлемешілер ретінде ұсыныстар мен ескертулер жасауға тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер: Аманбаев Ү.А., «Кәсіпорын экономикасы». Оқу құралы, Алматы: «Бастау» баспасы, 2012 — 432 бет.

#Бизнесжоспарды #әзірлеу #стратегиясы

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз