Жайдарманшы әрі әнші Мереке Қалбаева өнер жолында өзіне қатты әсер еткен оқиғалардың бірін еске алды. Оның айтуынша, өзі ерекше құрметтейтін өнер иелерінің бірі көпшілік отырған ортада шығармашылығын сынға алған, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі бұл туралы YouTube-тегі «Болған оқиға» подкастында әңгімеледі. Айтуынша, бұрыннан әндерін сүйіп тыңдап, әлеуметтік желіде қолдау білдіріп жүрген әншімен бір дастарханда отырған кезде күтпеген жағдай болған.
«Ол кісі аяқ астынан: "Сен мүлде ән айтпашы. Дауысың жоқ, мұрынмен айтасың" деді. Мен: "Әпше, мен қай жерден дауыс шықса, сол жермен ән айтқым келеді. Әу демейтін қазақ жоқ қой" деп жауап бердім. Өйткені өнерді шын жақсы көремін, әңгімені ушықтырғым келмеді», – дейді Мереке.
Алайда, оның сөзінше, сын мұнымен тоқтамаған. Әлгі өнер иесі оған той жүргізуді де доғаруға кеңес берген.
«Сен той да жүргізбеші. Ештеңе істемеші" дегендей болды. Сонда шыдай алмай: "Ешкім жетіскеннен жұмыс істемейді. Қолымнан не келеді, соның бәрін істеймін. Есектің артын жусам да, адал еңбекпен ақша табамын. Ол маған нәпақа әкелсе, соны істеймін" дедім», – деп еске алды ол.
Мереке Қалбаеваның айтуынша, әңгімеден кейін өзін ұстай алмай, орнынан тұрып кетіп қалған.
«Кинодағыдай бұрылдым да, есікті тарс жауып, жылап шығып кеттім», – деді өнер иесі.