Қырғызстандық танымал стендап-комик Элдос Алмазов 29 жасында өмірден өтті.
Өнер иесінің қатерлі ісікке байланысты жасалған операция кезінде жүрегі тоқтап қалған, деп хабарлайды kznews.kz
Қаралы хабарды әзілкештің немере әпкесі оның Telegram арнасында жариялады. Туысының айтуынша, Элдос Алмазов ұзақ уақыт бойы сүйек тінінің қатерлі ісігі – остеосаркомамен күрескен.
Ол бірнеше рет химиотерапия курсынан өтіп, ісікті алып тастау үшін ота жасатқан. Алайда кезекті операция кезінде қайтыс болған.
“Кеше операция кезінде Элдостан айырылып қалдық. Бұл бәріміз үшін, әсіресе оның ата-анасы үшін орны толмас қайғы”, – делінген хабарламада.
Әзілкештің жақындары бұл қазаны ауыр қабылдап жатқанын жеткізді.
Бұған дейін, қазан айында Элдос Алмазов әлеуметтік желідегі оқырмандарына денсаулығының нашарлағанын айтқан еді. Кезекті химиотерапиядан кейін оның көзі ауырып, басы айналып, жүрегі айныған. Тіпті телефон пайдаланудың өзі қиынға соққан. Сол кезде өнер иесі оқырмандарынан денсаулығын қалпына келтіру үшін уақыт беруін сұрап, жағдайы жақсарған соң қайта хабарласуға уәде берген.
Элдос Алмазов кім?
Элдос Алмазов Қырғызстанның Ош облысында дүниеге келген. Генетикалық ерекшелігіне байланысты оның бойы шамамен 130 сантиметр болған. Әзілкеш бұл ерекшелігін жасырмай, керісінше, сахнадағы әзілдерінің біріне айналдырды.
2018 жылы ол Мәскеуге қоныс аударады. Ал 2021 жылы Ресейдің ТНТ телеарнасындағы “Открытый микрофон” шоуына қатысып, көпшілікке кеңінен таныла бастады. Бағдарламада танымал әзілкеш Алексей Щербаковтың командасына қосылып, жартылай финалға дейін жеткен.
Элдос Алмазов көрерменнің есінде шынайы әзілімен, өзін-өзі әзілге қоса білетін ерекше болмысымен және сахнадағы еркін өнерімен қалды.