Әлем

«Жүз адам із-түзсіз жоғалды, 44 адам қаза тапты»: Гонконгтағы биік үйдің алапат өртіне күдікті ретінде 3 адам ұсталды

«Жүз адам із-түзсіз жоғалды, 44 адам қаза тапты»: Гонконгтағы биік үйдің алапат өртіне күдікті ретінде 3 адам ұсталды
Фото: ABC News

Гонконгтың солтүстік бөлігінде орналасқан Wang Fuk Court атты көпқабатты тұрғын үй кешенінде ірі өрт шығып, ауыр қайғылы оқиғаға ұласты. BBC-ге сілтеме жасаған Azattyq Rýhy хабарлауынша, өрт салдарынан 44 адам көз жұмып, жүздеген адам әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды kznews.kz.

Қала билігі бұл жантүршігерлік жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғап, абайсызда кісі өлтіру бабы бойынша үш адамды ұстағанын мәлімдеді. Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, ұсталғандар – 52 мен 68 жас аралығындағы ер адамдар, барлығы да өрт шыққан нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс компаниясының қызметкерлері. Олардың екеуі компания басшылары болса, үшіншісі кеңесші инженер болған.

Тергеу барысында ғимараттың сыртқы қабырғаларынан тез тұтанатын материалдардың қолданылғаны анықталған. Сала мамандарының айтуынша, мұндай өрескел қателік өрттің лезде өршіп, бақылауға көнбей кетуіне тікелей себеп болған.

Полиция өкілі ақпараттық мәлімдеме жасап:

«Компания басшылығының салғырттығы үлкен трагедияға әкелді. Бұл – қаперсіздік пен жауапсыздықтың тым ауыр салдары», – деп жағдайдың мән-жайын түсіндірді.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі – егде жастағы адамдар. 65 жастағы әйел AFP агенттігіне берген сұхбатында бұл үйде қырық жылдан астам өмір сүргенін айтқан. Оның сөзінше, жөндеу жұмыстарына байланысты көптеген пәтердің терезелері уақытша жабылып, кей тұрғындар өрттің басталғанын дер кезінде аңғармаған.

«Өрт шыққанда терезелер жабық болғандықтан, ештеңе байқамадық. Кей көршілеріміз мүлде білмей қалған. Маған да алдымен таныстарым айтып, дереу сыртқа шығу қажеттігін ескертті. Шынымды айтсам, қатты қорқып қалдым», – дейді ол.

Қазіргі уақытта құтқару қызметтері үйінділерді аршып, жоғалғандарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Оқиға Гонконг тарихындағы ең ауыр өрттердің бірі ретінде тіркелді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz