Журналист Асхат Ниязов Қазақстан халық партиясынан депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылған әнші әрі актриса Аша Матайдың саяси сауатына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның жазуынша, партия съезі кезінде ол Аша Матайға саясатқа байланысты бірнеше қарапайым сұрақ қойған. Журналист бастапқыда үміткердің барлық сауалға жауап бергеніне таңғалғанын жеткізді.
Алайда бейнематериалды монтаждау барысында сұхбат кезінде Аша Матайға жауаптарды сырттан сыбырлап айтып тұрған дауыс естілгенін мәлімдеді.
"Басында өзіме де ыңғайсыз болды. Оны тығырыққа тіреймін деп ойлап едім, бірақ барлық сұраққа жауап берді. Кейін видеоны монтаждап жатқанда жауаптарды өзіне сыбырлап тұрғанын естідім. Мұқият тыңдап көріңіздер", – деді Асхат Ниязов.
Журналистің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Ал Аша Матай әзірге айтылған пікірге қатысты ресми жауап берген жоқ.