Қазақстанда еңбек күші тапшы өңірлерге өз еркімен қоныс аударатын азаматтарға тұрғын үй сатып алуға 7 млн теңгеге дейін сертификат беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Алайда аталған қаржы қолма-қол берілмейді. Тұрғын үй сертификаты баспананың құнының 50 пайызына дейінгі бөлігін ғана өтейді. Ол үшін отбасы алдымен ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысып, өңірлік квотаға енгізілуі қажет.
Бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үй сертификатынан бөлек мынадай қолдау шаралары қарастырылған:
отбасының әрбір мүшесіне көшу шығындарын өтеу үшін 302 750 теңге;
тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеуге бір жыл бойы ай сайын 65 мыңнан 130 мың теңгеге дейін төлем;
жұмысқа орналасуға, қайта даярлауға, оқуға және жеке кәсіп ашуға қолдау.
Министрлік жаңа өзгерістерге сәйкес енді бағдарламаға тек жұмыссыз азаматтар ғана емес, сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да қатыса алатынын хабарлады. Сонымен қатар азаматтарға қоныс аудармай тұрып-ақ жаңа өңірден жұмыс табуға мүмкіндік берілген.
Бағдарламаға өтінім беру, бос жұмыс орындарын және қоныс аударуға ұсынылатын өңірлердің картасын migration.enbek.kz порталынан көруге болады.