Атыраудағы қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жүрген журналист Жанат Молдашева мәйіттер табылған күнгі сұмдық жайтты баяндады, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналист Kursiv.Media басылымына берген сұхбатында жоғалған отбасыға қатысты барлық мән-жайды нақтылау үшін ол оқиға орнында болған Шалқар есімді азаматпен байланысқа шыққанын айтты. Оның сөзінше, сол күні туыстар жиналып, үйдің маңында тұрған.
"Бәрін нақтылап алу үшін Шалқар деген жігітке хабарластым. Ол бәрін баяндап берді. "Ағайындар жиналып, есіктің алдында тұрдық. Өзіміз бастап қарайықшы деп, сарайға кірдік. Диван бұрын басқа жерде тұратын еді. Орыны ауысқан екен. Осы жерді көрейікші. Бұрын негізі басқа жерде тұратын еді. Өзіміз ығыстырдық. Астында стяжка болатын еді. Ол бұзылған. Топырақ жатыр екен. Ашып жатқан кезде құзырлы органдардың өкілдері келген. Күрек әкеліп қазған. 1 метрдей қазған кезде жұмсақ топырақ астынан ағамды көріп қалдық. Арғы жағынан жеңгемнің қолын байқадым. Әрі қарай дәтім бармады. Иістенген" деді. Оны басқа жігіттердің бірі алып шыққан сияқты. Тыңдаудың өзі ауыр болды...", – деді журналист.