Әнші Әділет Жауғашар әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен «Сүй иә» әніне қатысты алғаш рет пікір білдіріп, тыңдармандардан кешірім сұрады, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесінің айтуынша, әннің мәтіні жазылған кезде авторлар жазушы Әзілхан Нұршайықовтың шығармасындағы ойға сүйенген. Алайда сол дәуірдің қоғамдық көзқарасы мен бүгінгі қоғамның құндылықтары арасындағы айырмашылық ескерілмеген.
«Әлеуметтік желідегі пікірлерді көріп, оқып шықтым. Бұл әнді жазғанда Әзілхан Нұршайықовтың сөзіне сүйендік. Бірақ ол кісі өмір сүрген уақыт пен қазіргі қоғамның ұстанымы екі бөлек екенін ескермеппіз. Әннің көпшілікке осылай әсер ететінін күтпедік. Өзім зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсымын. Егер бұл туынды сіздердің көңілдеріңізден шықпаса, бұдан былай орындамаймын. Баршаңыздан кешірім сұраймын. Сұлудың "жоқ" дегені – жоқ», – деді әнші.
Еске салайық, «Сүй иә» әніндегі «Сұлудың "жоқ" дегені – "иә", жоқ деуге келтірмеші сия» деген жолдар қоғамда үлкен сынға ұшырады. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл сөздер келісімсіз қарым-қатынасты қалыпты құбылыс ретінде көрсетіп, зорлық-зомбылықты ақтайды деген пікір білдірген болатын.