Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен жарнамалық роликке байланысты танымал брендтің негізін қалаушы Ұлықбек Шәріпов көпшілік алдында түсініктеме беріп, қазақстандықтардан кешірім сұрады. Кәсіпкер біраз уақыт үнсіздік сақтауының себебін де түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, осы уақыт ішінде жағдайдың басылғанын күткен. Алайда қоғам тарапынан айтылған сын мен пікірлерден кейін өз ұстанымын ашық білдіруді жөн санаған.
«Менің хабарсыз кеткенім – барлығының тынышталғанын күттім. Ең алдымен, біздің брендтің атынан шыққан ролик үшін кешірім сұраймын. Бұл қателік үшін толық жауапкершілікті өз мойныма аламын», – деді Ұлықбек Шәріпов.
Кәсіпкердің сөзінше, аталған жағдай оның бизнес жолында алғаш рет орын алып отыр. Ол ролик арқылы қазақ халқына құрметсіздік таныту немесе ұлттық намысқа тию ниеті болмағанын жеткізді.
Бұған дейін брендтің жарнамалық материалында Саша Коэн сомдаған «Борат» кейіпкерінің қолданылуы әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырған болатын. Көпшілік бұл образды Қазақстанға қатысты қалыптасқан стереотиптермен байланыстырып, жарнамада пайдаланылуын орынсыз деп бағалаған.
Қоғамдағы пікірталастан кейін бренд өкілі жауапкершілікті өз мойнына алып, кеткен қателік үшін өкініш білдірді.
Кәсіпкердің мәлімдемесі әлеуметтік желіде қайта талқыланып, желі қолданушылары оның кешіріміне қатысты түрлі пікір білдіріп жатыр.