Ақтауда ер адам мен бойжеткеннің қатысуымен болған жанжалдың видеолары әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Оқиға жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызып, қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желідегі жергілікті Instagram-парақшаларында жарияланған мәліметке сәйкес, оқиға 2 тамыз күні таңғы сағат 08:00 шамасында Ақтау қаласының жағалау аймағында болған.
Тараған бейнежазбалардың бірінде ақ түсті пиджак пен қара көйлек киген бойжеткенді ер адамның күштеп ұстап тұрғаны байқалады. Қыз оның қолынан босап шығуға әрекеттеніп, қарсылық көрсетеді. Осы сәтте оқиға куәгерлері араласып, бойжеткенге көмектесуге тырысқан.
Жағалау маңында түсірілген тағы бір видеода екеуінің арасында сөзге келіспеушілік туындағаны көрінеді. Кадрларда ер адамның қызға ауыр сипаттағы қоқан-лоқы айтып, үрей туғызатын сөздер айтқаны естіледі.
Оқиғаның ең қауіпті сәті жолдың жүріс бөлігінде болған. Бойжеткен жартылай жалаңаш ер адамнан қашып құтылуға тырысқанымен, ол соңынан қуған. Мұны байқаған бірнеше жүргізуші көліктерін дереу тоқтатып, ер адамның әрекетіне тосқауыл қоюға ұмтылған.
Қыз өтіп бара жатқан көліктердің біріне мініп үлгерген. Алайда ер адам оның соңынан жетіп, көліктің есігінен ұстап қалуға әрекет жасаған. Сол сәтте жүргізуші көліктен түсіп, бойжеткенге араша түскен. Ал оқиға куәгерлері жүргізушіден қызды қауіпсіз жерге жеткізуді сұрап, жағдайдың ушығып кетпеуіне күш салған.
Оқиғаның нақты себептері мен қатысушылардың өзара қарым-қатынасы әзірге белгісіз. Құзырлы органдардың бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдемесі жарияланған жоқ.