Ақтау қаласында ер адам өз әйеліне шабуыл жасап, ауыр жарақат салды деген күдікке ілінді. Қайғылы оқыс оқиғадан кейін күдікті бірден қамауға алынды, деп хабарлайды kznews.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 14 шілдеде таңғы сағат 04:00 мен 06:00 аралығында 14-шағынауданда болған. Зардап шеккен әйелдің туыстары әлеуметтік желілерде мәлімдеме жасап, оқиғаны көзімен көрген куәгерлерді іздестіріп жатыр.
Зардап шеккен келіншектің сіңлісінің айтуынша, ерлі-зайыптылар ажырасу процесінде болған және отбасында төрт бала тәрбиеленіп жатыр. Күйеуі бұған дейін де әйеліне, балаларына және туыстарына бірнеше рет өліммен қорқытып, қоқан-лоқы көрсеткен.
«Сол күні таңертең ол әпкемді «сыртқа шығып сөйлеспесең, балаларды өлтіремін» деп қорқытып, үйден алдап шығарған. Кездесуге келген бойда оны аяусыз соққыға жығып, бірнеше жерден пышақ салған. Қазір әпкем ауруханада жатыр, жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Біз осы сәтті видеоға түсіріп алған болуы мүмкін куәгерлерді іздейміз», — деді жәбірленушінің туысы.
Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.
Тәртіп сақшыларының алдын ала мәліметі бойынша, дене жарақаттары отбасылық-тұрмыстық жанжал барысында салынған. Жәбірленуші шұғыл түрде ауруханаға жатқызылып, оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетілді.
Күдікті ер адам полиция қызметкерлерімен ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр.