Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжіліс кулуарында Қазақстанда бензин бағасының өсуі туралы пікір білдіріп, Үкімет отын бағасының күрт қымбаттауына жол бермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрдің айтуынша, бұған дейінгі баға өсімі мораторий енгізу арқылы тоқтатылған.
«Бағаның өсуін, нарықтық тетіктерді біз ерікті шешіммен тоқтаттық (мораторий енгіздік – ред.). Егер 31 наурыздан кейін Үкімет жанармай құю стансаларының қызметіне араласпау туралы шешім қабылдап, нарықтық механизмдер жұмыс істейтін болса, онда ішкі сұраныс пен ішкі ұсыныс баға қалыптасуының одан арғы шарттарын айқындайды», – деді ол.
Журналистер баға қайтадан күрт өссе, мораторийді ұзарту мүмкін бе деп сұрады.
«Біз жанармай бағасының ешқандай күрт өсуіне жол бермейміз. Барлығы еліміздің қазіргі экономикалық жағдайына сай болады», – деп жауап берді Ақкенженов.
Еске салайық, өткен жылдың қазан айында АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге 2026 жылдың көктеміне дейін уақытша мораторий енгізілген болатын.
2025 жылдың қараша айында сарапшылар бағаны көтеруге мораторийдің енгізілуі салдарынан жанармай тапшылығының болмай қоймайтынын да ескерткен еді.
Кейін олар автогаз тапшылығының туындауы мүмкін екеніне қатысты алаңдаушылық білдірді.
Ал мемлекеттік органдар автогаздың қолжетімділігіне қатысты жағдай тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.