Қаралы отбасы бір жылдан бері үй жалдап тұрып жатқан. Төрт балалы ерлі-зайыптылардың отағасы ғана жұмыс істеген. Жергілікті әкімдіктің айтуынша, бұлар Талдықорған қаласында үй кезегінде тұрған, ал Ескелдіде уақытша тұрақтаған.
Жетісу облысы Ескелді ауданы Бақтыбай ауылында үй өртеніп, бір үйдің 8, 6 және 1 жастағы үш баласы мерт болды. Олар Талдықорған қаласы маңына жерленді, деп хабарлайды kznews.kz
Қайғылы оқиға болған күні таңертең осы үйдің 38 жастағы отағасы Талдықорғандағы жұмысына кеткен. Өрт таңғы сағат 7-ден өте тұтанған. Түтін басқан үйден 34 жастағы келіншек пен 14 жастағы баласы қашып шығыпты. Көршілерін оятып көмек сұраған. Бір көршісі түтіннен 6 жастағы баланы алып шыққанынмен, ол тұншығып сол жерде мерт болған.
“Көрші жігіт шыдай алмай есіктен кіреді, ол кезде үйдің қабырғалары жанып жатқан. Кіре сала, бес жасар баланы терезеден сыртқа лақтырып жібереді. Үйдің төбесі жанғанда ана жігіт қорыққан, терезеден секіріп түскен. Үйдің іші, бәрі жанып жатыр, пластик терезе жанып жатыр, екі бала іште қалып қалды”, – дейді Бақтыбай ауылының тұрғыны Салтанат Мухиева.
Жерлеу рәсімін өткізу үшін қайғылы жағдай болған Ескелді ауданы әкімшілігі қол ұшын созған. Енді қара жамылған отбасын сол ауылда уақытша баспанамен қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
Еске салайық, 25 қыркүйек күні таңертең Бақтыбай ауылында төрт пәтер орналасқан барак үлгісіндегі жеке үйлердің бірінде өрт шыққан. ТЖД өрттен үш бала қаза тапқанын хабарлады.