Жетісу облысында республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен автожолында болған ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан бес адам қаза тауып, тағы екі адам ауыр жарақат алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға 26 маусым күні кешкі уақытта Алматы – Өскемен тасжолының 432-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, екі жеңіл автокөлік соқтығысып, соққының қатты болуынан екі көліктің жүргізушілері мен үш жолаушы оқиға орнында көз жұмған.
Апаттан аман қалған тағы екі жолаушы түрлі дене жарақаттарымен жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын бақылауға алып, қажетті ем-дом көрсетіп жатыр.
Жетісу облыстық полиция департаменті жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«26 маусым күні кешкі уақытта Алматы – Өскемен автожолының 432-шақырымында екі автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Апат салдарынан екі жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Тағы екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді», – деп мәлімдеді ведомство.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.