Жетісу облысындағы Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан туристік үйге қоңыр аю кірмек болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға Аттапқан шатқалында болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода жыртқыштың қонақүй үйшігінің темір есігін майыстырып тастағаны көрінеді. Аю ішке кіруге әрекет жасағанымен, зардап шеккендер жоқ.
Ұлттық парк әкімшілігінің мәліметінше, Тянь-Шань қоңыр аюы адамға сирек шабуыл жасайтын жануарлар қатарына жатады.
– Алдын ала мәлімет бойынша, аю аталған аумаққа тамақ иісіне келген. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ парк өкілдері келушілерге азық-түлік қалдықтарын қалдырмауға және таулы аймақта қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
Айта кетейік, Тянь-Шань қоңыр аюы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жануарлардың бірі саналады.