Алайда, қазіргі Алатау қаласы, бұрынғы Жетіген ауылының тұрғындарын алаңдатқан мәселелер қордалана түспесе, шешімін әлі тапқан жоқ. Мәселен, қала статусын иеленгелі бері үш жылдан асса да елді мекенде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істелінбегеніне жұрт наразы. Әсіресе, қала ішіндегі жолдардың жөнделуі көңіл көншітпейді екен.
Осында қырық жылға жуық тұрып келе жатқан Құралай Малдыбаева Жетігеннің қалаға айналып, Алатау атанғанына шын қуанған болатын. Өйткені, Іле ауданы аумағындағы шағын ауылдың проблемасы шашетектен еді. Оның ішінде ауылдың орталық көшесінен басқа көшелеріне асфальт төсеу туралы тұрғындардың өтінішіне құлақ асатын билік өкілі табылмай тұрған-ды. Ал қалаға айналғалы бері де бұл мәселеде алға жылжу көрінбейді.
Жақында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ерекше статусқа ие қаланың тұрғындарымен кездескен. Осы кездесуде сөз алған Құралай Малдыбаев әкімінің назарын жол мәселесіне аударды.
– Жетіген кезінен жолға жарымадық. Қазір де сол жағдай. Күрделі жөндеу, жаңадан асфальт төсеу жұмысы басталған сияқты болғанымен, әлі бір көше толықтай жасалып біткен жоқ. Кейбір көшелердегі жұмысты бастап, аяғына дейін жеткізбей тастап кетіп жатыр. Бұған бақылау бар ма? - дейді ашынған ауыл тұрғыны.
Ал адамдарды алаңдатқан сауалға Алатау қаласының әкімі Аркен Утеновтің айтар уәжі дайын екен.
«Жолды салу үшін бірінші қаражат керек, сосын жоба керек. Бүгінгі күні Алатау қаласының 102 көшенің жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамада қаралып жатыр. Жыл соңына дейін сараптамадан шықса, келесі жылы қаражаттың бөлінуіне қарай қалған көшелерге жол төселеді», - деді ол тұрғындармен кездесуде.
Айтпақшы, Алатау тұрғындары елді мекеннің қалаға айналғанынан біршама мәселелері шешілгенін де айтады. Қарапайым ғана проблемалар, бірақ жылдар бойы жалғасқан жағдайдан шығу үшін Президенттің жарлығын күту қажет болғаны анық. Бұған дейін инфрақұрылым тұрмақ, ұялы байланыстан да мақұрым болып келгенін айтады алатаулықтар.
Облыс әкімімен кездесуде жер мәселесіне қатысты сұрақ көп болды. Қала тұрғындарының атынан сөз алған заңгер Махаббат Тұрысбекқызы Алатау қаласы құрылмай тұрып 35 тұрғын Іле ауданының аумағынан жеке шаруашылығын жүргізуге әкімдіктен жер алғанын айтады. Бірақ құжаттарын рәсімдеп үлгермеген. Соған облыстық деңгейде көмек көрсетілмесе, адамдар жер телімдерінен айырылып қалғалы тұр екен.
Облыс әкімі өңірде жер мәселесінің күйіп тұрғанын мысалға келтіріп, қалаға айналған аумақта ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланатын жер телімі болмайтынын ескертті. Сондықтан тұрғындардың қолындағы құжаттардың негізі мен заңдылығы тексерілетін болды.
Айтпақшы, тұрғындар Алатау қаласындағы әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігін де тілге тиек етті. Мысалы, бұрынғы ауылда Мәдениет үйі мүлдем болмаған, жастардың басын қосатын спорт-сауықтыру орталығы да жоқ екен.
Қалмаханбет Мұқаметқали