Айдос Мамыр-3 ықшамауданында қоқыс төгуге шығып кеткен. Бейнебақылау камералары оны сағат 11 шамасында үй маңынан түсіріп алған.
Алайда қоқыс маңындағы аумақ «соқыр аймақ» болып шыққандықтан, ары қарайғы қозғалысы белгісіз еді. Іздеуге полициямен қатар туыстары мен еріктілер де қосылды. Анасы Баян Әкімбаева әлеуметтік желілерде көмек сұрап, хабарлама таратумен болды. 22 тамызда ол әлеуметтік желіде қуанышты жаңалықты жариялады:
«Менің балам ешқайда қашып кеткен жоқ! Айдосты қоқыс маңында үш ер адам көлікке күштеп отырғызып, Шымкентке әкеткен. Біраз күн жертөледе ұстап, айқайласа ұрып, аяқтарын оттықпен күйдіріп отырған. Кейін Түркістан жаққа апарып тастаған. Балам жол бойынан көлік тоқтатпақ болыпты, бірақ тіпті патрульдік көлік те тоқтамаған. Көшеде қонып жүріпті. Оны дәл сол киіммен таптым – футболка, шорты, көк сланцы», – дейді Баян.
Ол тағы да «Тек мен және туыстарым іздедік, ешкім көмектеспеді» деп ашуланды. Ал полицияның мәлімдеуінше, Айдос ірі алаяқтық ісі бойынша күдікті болып шықты. Бұған дейін оған үйқамақ тағайындалған, бірақ ол шартты бұзып, қашып кеткендіктен сот санкциясын өзгертіп, қамауға алу туралы шешім шығарған. Сондай-ақ тәртіп сақшылары «жасөспірімнің денесінен жарақат табылған жоқ» деп отыр. Дегенмен анасының сөзі бойынша айтылған «адам ұрлау» фактісі тексеріледі.