KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Жерасты қауіпсіздігі: «Қазақмыс» «Жомарт» кенішінде нені өзгертті

KZNEWS
Фото: Қазақмыс

«Қазақмыс» «Жомарт» кенішінде қауіпсіздікке арналған 45 шараның 40-ын аяқтады, деп хабарлайды kznews.kz

«Қазақмыс» корпорациясының хабарлауынша, «Жомарт» кенішінде қауіпсіздікті күшейтуге арналған 45 іс-шараның 40-ы орындалды. Бағдарламаға барлығы 2,7 млрд теңге бөлінген, қалған шаралар аяқталу кезеңінде.

Кеніште ауадағы газ мөлшерін бақылау, желдету жабдықтарын жаңарту және жерасты қазбаларының жағдайын қадағалау жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыскерлердің қай жерде жүргенін анықтайтын және төтенше жағдайда жедел хабар беретін жүйе де жетілдірілуде.

Қазір кеніште өздігінен жүретін 62 жерасты техникасына метан мөлшерін автоматты түрде бақылайтын тұрақты датчиктер – метан-реле орнатылған. Газ мөлшері белгіленген шектен асса, жүйе техниканың жұмысын автоматты түрде тоқтатады.

Кеніш ауасының құрамын тұрақты орнатылған газ талдағыштар тәулік бойы тексереді. Датчиктер газ мөлшері туралы деректі бірыңғай диспетчерлік орталыққа бірден жіберіп отырады. Кәсіпорында бұған қоса 130 тасымалды газ талдағыш қолданылады.

Желдету жабдықтарын жаңартуға салынған инвестицияның жалпы көлемі 306,9 млн теңгені құрады. Қыркүйекте жалғасқан жұмыс аясында Korfmann маркалы 3 желдету қондырғысы мен ВМЭ сериялы 6 шахталық желдеткіш сатып алынды. 2026 жылдың соңына дейін тағы 3 желдеткіш орнату жоспарланған.

Кеніште 3-ші желдету оқпанының құрылысы да жалғасып жатыр. Ол өндірістік қазбаларды бөлек желдетуге арналған. Жоба желдету жүйесінің тұрақтылығын арттырып, жекелеген учаскелерде қажетті ауа алмасуын қамтамасыз етуге тиіс.

2026 жылғы шілдеде тау-кен массивінің, яғни кеніш ішіндегі тау жыныстарының жағдайын бақылайтын бірыңғай цифрлық жүйе іске қосылды. Ол жерасты қазбаларындағы өзгерістерді тұрақты қадағалауға мүмкіндік береді. Инженерлер жиналған деректерді техникалық шешім қабылдағанда пайдаланады.

Жұмыскерлердің орналасқан жерін анықтау және төтенше жағдайда жедел хабарлау жүйесінің жұмысына жалпы ұзындығы 58 шақырым сәуле таратқыш кабель қолданылады.

Осы жұмыстармен танысу үшін «Жомарт» кенішіне «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі барды. Онымен бірге Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов және Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен болды.

Сапарға қатысушылар өндірістік учаскелерді аралап, жабдықтардың жай-күйін және қолданыстағы бақылау жүйелерінің жұмысын көрді. Олар өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі жағдайымен, енгізіліп жатқан техникалық шешімдермен және өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту барысымен танысты.

Руслан Өскенәлі кеніш ауасын бақылауды күшейту және желдету жүйесінің сенімділігін арттыру үшін атқарылған әрі жалғасып жатқан жұмыстарды таныстырды. Ол тау-кен массивін қадағалау мен жерасты техникасын заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау шаралары туралы да баяндады.

Басқарма төрағасының айтуынша, бақылау жүйелерін жетілдіру, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту және жұмыскерлердің қауіпсіздігіне арналған заманауи техникалық шешімдерді енгізу негізгі міндеттер қатарында. Корпорация осы бағыттағы кешенді бағдарламаны кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.

Техникалық жұмыстарға ғылыми зерттеулер де негіз болады. Бейінді ұйымдар кеніштегі газ мөлшерін, тау жыныстарының жай-күйін, желдету жүйесін және жерасты суларына қатысты гидрогеологиялық жағдайларды зерттейді. Олар кен жұмыстарының қауіпсіздігіне әсер ететін өзге факторларды да қарастырады. Зерттеу нәтижелері қосымша техникалық шараларды әзірлеу мен іске асыру кезінде қолданылады.

KZNEWS
Қазақстан және әлем жаңалықтары
Автордың басқа материалдары →