KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

“Жеп қойған”: Маңғыстауда екі жасар қыз қарақұрт уынан комаға түсті

• Айжан Сыланова
Фото: ашық дереккөз

Маңғыстау облысында қарақұртпен байланыста болуы мүмкін екі жасар қыз ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Бүлдіршін 10 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, дәрігерлердің көмегімен аман қалды, деп хабарлайды kznews.kz.

Көп ұзамай баланың денсаулығы күрт нашарлап, оны аудандық ауруханаға жеткізген. Алайда жағдайының ауырлығына байланысты бүлдіршін медициналық авиация арқылы облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды.

Медициналық мекемеге түскен кезде қыздың жағдайы өте ауыр болған. Ол бірінші дәрежелі кома жағдайында жатып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер қарақұрт уына қарсы сарысуды екі рет енгізіп, баланың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл ем жүргізген.

Ақ халаттылардың бірнеше күнге созылған күресі нәтижесінде бүлдіршіннің жағдайы біртіндеп жақсарған. Ол жансақтау бөлімінде 10 күн емделіп, кейін есін жиған және өздігінен тыныс ала бастаған. Жағдайы тұрақтанған соң қыз тағы төрт күн ауруханада ем қабылдап, үйіне шығарылды.

Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаев баланың аман қалуына бірнеше медициналық қызметтің үйлесімді жұмысы ықпал еткенін атап өтті.

«Баланың өмірін сақтап қалудың артында бүкіл медициналық ұжымның орасан еңбегі тұр. Аудандық аурухана дәрігерлері жағдайдың ауырлығын дер кезінде бағалап, қажетті көмекті ұйымдастырды. Медициналық авиация бригадасы баланы қауіпсіз жеткізді. Ал біздің реаниматологтар мен медбикелер қыздың өмірі үшін тәулік бойы күресті. Әрқайсысы баланың үйіне аман оралуына өз үлесін қосты», – деді ол.

Осы жағдайға байланысты дәрігерлер ата-аналарға балаларды далада немесе ойын кезінде қараусыз қалдырмауға кеңес берді. Әсіресе, улы жәндіктер кездесуі мүмкін жерлерде сақтық шараларын күшейту маңызды.

Мамандардың айтуынша, бала улы жәндікпен жанасуы немесе оны жұтып қоюы мүмкін деген күдік туындаса, өздігінен емдеуге тырыспай, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Улану белгілері байқалған жағдайда уақыт жоғалтпай әрекет ету баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →