Қазақстанда электронды темекі сатуға енгізілген тыйым бұл нарықты толық жойған жоқ, керісінше оны көлеңкелі секторға ығыстырды. Вейп саудасы жаппай мессенджерлерге, жабық Telegram арналары мен әлеуметтік желілерге көшті.
Бұл туралы «QAZSPIRITS» қауымдастығы төрағасының орынбасары Төребек Күлшейітов мәлімдеді, деп хабарлайды Nur.kz.
– Тыйым салу арқылы мәселені шешу мүмкін болды ма, әлде нарық жай ғана көлеңкеге кетті ме?
– Тыйым нарықты айтарлықтай өзгертті: ашық сауда іс жүзінде тоқтады, алайда өнімнің өзі жоғалған жоқ. Сауда интернет-дүкендерге, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерге көшті. Қазір басты мәселе – заң талаптарының іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Құқық қорғау органдарының жұмысын көріп отырмыз, бірақ оны күшейту қажет. Негізгі назар тек сатушыларға емес, ұйымдастырушыларға, көтерме жеткізушілерге, қоймалар мен қаржылық инфрақұрылымға аударылуы тиіс.
– Бүгінде заңсыз вейп нарығының ауқымы қандай?
– Оның нақты көлемін бағалау қиын, өйткені бұл нарық ресми статистикада көрінбейді. Алайда Қаржылық мониторинг агенттігінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері заңсыз сатудың 25 дерегі анықталып, жолы кесілген, 37 қылмыстық іс тергелген және 276 мыңнан астам вейп тәркіленген. Бұл – анықталған жағдайлардың бір бөлігі ғана.
– Көлеңкелі сауданың қандай қауіптері бар?
– Заңсыз саудамен айналысатын сатушының сатып алушының құжатын тексеруге мүддесі жоқ. Әлеуметтік желіде сатып алушы – жай ғана анонимді аккаунт, ал тауар курьер арқылы жеткізіледі. Соның салдарынан жасөспірімдер шығу тегі белгісіз, сатуға тыйым салынған өнімдерге ғана емес, түрлі қылмыстық және алаяқтық схемаларға да тап болуы мүмкін.
– Онлайн арналарды бақылау мүмкін болып отыр ма?
– Негізгі сауда алаңдары Telegram, WhatsApp және TikTok болып отыр. Құқық қорғау органдары ірі партияларды тәркілейді, алайда цифрлық нарық жаңа жағдайға тез бейімделеді: бір арна бұғатталса, оның орнына жаңа аккаунттар ашылады. Сондықтан онлайн кеңістікті тұрақты бақылап, мұндай ресурстарды жедел бұғаттау, сондай-ақ төлемдер мен курьерлік жеткізу тізбегін қадағалау қажет.
– Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, толық тыйым салу нәтиже бере ме?
– Нәтиже заңның қаншалықты тиімді орындалатынына және жазаның бұлтартпастығына байланысты. Ең қатаң заңды қабылдауға болады, бірақ сатушы жаңа аккаунт ашып, жұмысын жалғастыра беретініне сенімді болса, көзделген мақсатқа қол жеткізу қиын. Қазақстанда қажетті заңнамалық база бар. Ендігі басымдық – ірі заңсыз сауда желілеріне қарсы жүйелі жұмыс жүргізу. Жекелеген тауар партияларын тәркілеумен шектелмей, оны ұйымдастырушыларды, жеткізушілерді, төлем алушыларды және түпкі бенефициарларды анықтау қажет. Тек осындай жағдайда ғана тыйым салынған өнімдердің, әсіресе кәмелетке толмағандар үшін қолжетімділігін нақты шектеуге болады.