«Әр кәллада бір қиял» демекші, осы күні кім болмасын, «ананы алай істесе», «мынаны былай істесе» деп, жамбастап жатып алып ақыл айтуға шебер. Ал соның бәрін жүйелеп, бір ізге түсіріп, көптің талап тілегін мемлекеттің игілігіне ұластыра алатын күш Атқарушы биліктің қолында бар.Көзіміз көріп, ішіміз сезіп отырды, күні кешеге дейін лауазымы жоғары, пәрменді орындарға «өзінің адамдарын» яғни сенімді командасын әкелуге Мемлекет басшысының мұршасы да, мүмкіндігі де болмады. Енді бар билік Қасым-Жомарт Кемелұлының дәргейіне көшкен сияқты. Егер жоғары жақтағы жағдай дәл біз ойлағандай болса, онда Мемлекет басшысы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы екі тізгін, бір шылбырды қолға алып, іске кірісуі қажет. Ұзақ жылдардан бері Үкіметте, Парламентте, Халықаралық беделді ұйымдарда қызмет атқарған Тоқаев айналасына отаншыл, адал, өз ісін терең меңгерген азаматтарды топтастырып, кадрлық резерв ретінде ұстап келген шығар деген сенімдеміз. Ол азаматтардың және: «Мәскеуде тұрған жылдарымда қазақ тілін ұмытып қалыппын», – деп өтірікті соғатындардың сортынан емес, ана тілінің уызына жарып өскен азаматтар болатынана да сенгіміз келеді. Журналист – ел мен биліктің арасындағы елші. Біз ел ішінде жүріп елдің сөзін, ұлттық арман мұратын билікке жеткізуге ұмтыламыз. Терроршылар мен бұзақылардың лаңынан іш жиып қалған ел қазір тездетіп қалыпты өмірге оралсақ деп тілейді. «Президент Тоқаевқа қолдау білдірейік, осы кісі бізді мынау қиын-қыстау заманнан алып өтеді» деп, Мемлекет басшысына үміт артуда.
Халық – ақыл-ойдың, сабырдың қазынасы. «Халық айтса, қалт айтпайды». Ешкімнің тапсырмасынсыз, ешкімнің үгіт-насихатынсыз «Тоқаевтың айналасына топтасайық, бірігейік» деп жатқан ел азаматтарының естілігіне риза бола отырып, Мемлекет басшасынан саяси ерік-жігер күтетінімізді айтқым келеді.
Дәурен Қуат