7-сыныпта оқыған жасөспірім 25 ақпанда қайтыс болған. Қазіргі уақытта марқұмның жақындары оқиғаның объективті тексерілуін талап етуде.
Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылында Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің 14 жастағы оқушысы Қали Қуаныштың өліміне қатысты құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, жан-жақты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұмның туыстары мен әпкелерінің мәлімдеуінше, қайғылы жағдайдың алдында мектепте оқушы мен алгебра пәнінің мұғалімі арасында үлкен түсініспеушілік пен психологиялық қысым болған. Сыныптасы тақтадағы жазуды көре алмай отырғанын айтқан соң, Қуаныш оған көмектесу мақсатында тақтаны ұялы телефонына фотоға түсірген. Сол сәтте кадрға мектеп мұғалімі де ілініп кеткен.
Мұғалім баланы өз рұқсатынсыз суретке түсірді деп айыптап, заңсыз әрекеті үшін 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынатынын айтып қорқытқан. Сонымен қатар, жасөспірімнен заңды өкілдерінің (ата-анасының) қатысуынсыз "айыппұл төлеуге қарсылығым жоқ" деген мазмұнда түсініктеме жазуды талап етіп, мектепке әкесін шақыртып келуді бұйырған.
Осы мәселеден кейін психологиялық соққы алған оқушы соңғы сабаққа қатыспай, мектептен шығып кеткен. Туыстарының айтуынша, мұғалімдер баланың жоғалып кеткенін байқағанымен, 3 сағат бойы ешқандай іздестіру шараларын ұйымдастырмаған.
Кейінірек жасөспірімнің денесін өз үйінің жанындағы қорадан туыс ағасы асылып тұрған күйінде тапқан. Қали Қуаныш отбасындағы алты қыздың арасында өсіп келе жатқан жалғыз ұл болған.
Қазіргі уақытта полиция департаменті осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тиісті сараптамаларды тағайындады. Марқұмның отбасы істің әділ өтуін, кінәлі тұлғалардың заң аясында қатаң жазалануын және алгебра пәні мұғалімінің қызметінен босатылуын талап етуде.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындары мен жақындары аталған білім ошағында бұған дейін де шешілмеген ішкі мәселелер мен заңбұзушылықтардың болғанын айтып, арнайы комиссияның мектепті жаппай тексеруін сұрап отыр. [1]