Sputnik Қазақстан мәліметінше, оқиға 31 қазан күні Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында болған. Жасөспірімнің отбасы баланың ауыр жағдайға түсуіне ауылда қалыптасқан жоғары сынып оқушыларының кіші сыныптарға қысым көрсетуі себеп болғанын алға тартады.
Асылбектің әпкесі Аружан Рахманқұлованың айтуынша, ауылда жоғары сынып оқушылары кіші сыныптарда оқитын балаларды апта сайын жинап, түрлі тапсырмалар берген. Оның сөзінше, оқушыларға мал қора мен әжетхана тазалату сияқты жұмыстар жүктелген. Ал тапсырманы орындамаған балалар жазаланған.
31 қазан күні Асылбек қызылша жинау жұмысына барғандықтан, күндізгі жиналысқа қатыса алмаған. Кешке мәдениет үйінің артындағы басқосуға кешігіп келген жасөспірімнен жоғары сынып оқушылары жауап сұраған. Туыстарының айтуынша, кейін 10-сынып оқушыларының біріне Асылбекті ұру туралы бұйрық берілген.
"Cход аптасына бір рет ұйымдастырылады. 11-сынып оқушылары 8, 9, 10-сынып оқушыларын жинап алып, тапсырмасын орындамаған балаларды жазалайды. Сол күні Асылбекті жазалаған. Асылбек қанша ақталса да, сенбеген. 11-сыныптың балалары 10-сыныпта оқитын Нұргелді Айдар деген балаға "ұр, ұрмасаң сені ұрамыз" деп бұйрық берген. Ол бас тартқан, бірақ жоғары сынып оқушылары оны мәжбүрлеген. Бұның бәрін күдікті деп танылған Нұргелді айтып отыр", – деді Аружан Рахманқұлова.
Бұл мәліметтер жәбірленушінің туыстарының сөзіне негізделген. Жоғары сынып оқушыларының мәжбүрлеуге қатысы болған-болмағанын тергеу анықтауы тиіс.
Отбасы мүшелерінің айтуынша, Асылбек кеуде тұсынан бірнеше соққы алғаннан кейін есінен танып құлаған. Оқиға туралы анасына хабар беріліп, бала ауруханаға жеткізілген. Жасөспірімнің туыстары дәрігерлер оның жүрек қызметін қалпына келтіруге мәжбүр болғанын айтады. Олардың сөзінше, миына ауыр зақым келген.
"Інімнің жағдайы өте ауыр. Екі сіңілім мен мамам бәріміз кезектесіп қарап жүрміз. Жансақтау бөлімінен шығарған себебі – дәрігерлер "науқасқа күтім дұрыс болмайды, бауырларындай ешкім қарай алмайды" деп палатаға ауыстырды. Бала он күн терең комада болды, қазір аппаликалық комада. Бала көзін ашады, бірақ реакция жоқ. Ми толқындары өте баяу, миындағы жасушалары өліп қалған, тек жүрегі соғып жатыр, оның өзінде аппаратпен тыныс алып жатыр", – дейді оқушының туыстары.
Жақындарының мәліметінше, бала бастапқыда Аса ауылындағы ауруханада емделген. Кейін жағдайына байланысты Тараз қаласындағы медициналық мекемеге жеткізілген.
Асылбектің анасы Бағила Қонақбаева баласына соққы жасаған оқушының әрекетіне өзге жасөспірімдер ықпал еткен болуы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, тергеу тек соққы жасаған баламен шектелмеуі керек.
"Балам ес-түссіз жатыр, ешкімді танымайды. Баламды ұрған, ұрған бала кінәсін мойындап тұр. Маған хабарласқан Нұргелді Айдар деген бала, Асылбекті ұрған сол бала. Бірақ Нұргелдіге 11-сыныптың балалары ұрғызған. Ұрған бала бәрін мойындап айтып тұр, ал мәжбүрлеп ұрғызған үш бала тергеуде жоқ", – дейді анасы Бағила Қонақбаева.
Жамбыл облыстық полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Полиция күдіктінің бөлімшеге жеткізілгенін және барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Жамбыл облыстық білім басқармасы Бірлесу-Еңбек орта мектебінде қызметтік тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді. Тексеру нәтижесінде 3 қарашадағы бұйрықтармен мектеп психологы мен директордың құқық ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс жарияланған. Сонымен қатар әлеуметтік педагогке, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына және 9-10-сынып жетекшілеріне сөгіс берілген. Мектеп директорының атқарып отырған лауазымына сәйкестігі де қарастырылып жатыр.
Бұдан бөлек, оқушылар мен ата-аналардың қатысуымен құқықбұзушылықтардың алдын алуға арналған жиналыс өткізілген. Қазіргі уақытта жасөспірімнің туыстары тергеудің жан-жақты жүргізіліп, оқиғаға қатысы бар барлық адамның әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етіп отыр.