Жетісу облысының Ақсу ауданында жол бойында қауын-қарбыз саудалаған кәсіпкерлер арасындағы жанжал төбелеске ұласып, әйелдердің бірі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оқиға Балқаш көліне бағытталған тасжолдағы Молалы айналма жолының маңында болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалға жол бойындағы саудаға қатысты мәселе себеп болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұған дейін кәсіпкерлер үшін арнайы сауда орны ұйымдастырылған. Оның негізгі мақсаты – тасжол бойындағы ретсіз сауданы азайтып, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Алайда кейбір сатушылар арнайы белгіленген орынға бармай, айналма жолдың маңында сауда жасауды жалғастырған. Соның салдарынан жол бойындағы сауда нүктелеріне тоқтаған сатып алушылар арнайы базарға бармайтын болған.
Бұл жағдай саудасын ұйымдастырылған жерде жүргізіп отырған кәсіпкерлердің наразылығын туғызған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, олар мәселені шешуді сұрап, бұған дейін бірнеше рет полицияға жүгінген.
Кезекті жанжал кезінде сатушылар арасында дау туып, кейін ол төбелеске айналған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жерде жатқан әйелдің өзге әйел тарапынан тепкіленгенін көруге болады. Оқиға орнында полиция қызметкері де болған.
Зардап шеккен әйел медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.
Жетісу облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдары жанжалға қатысушылардың барлығын анықтап, оларды аудандық полиция бөліміне жеткізген.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция төбелеске нақты не себеп болғанын және оған қатысушылардың әрекетіне қандай құқықтық баға берілетінін тергеу қорытындысы бойынша анықтайды.