Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Еңбекші ауылында болған жантүршігерлік жол апаты салдарынан бір отбасының бес баласы көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, Volkswagen Polo автокөлігі жолдан шығып кетіп, жол жиегіндегі ағашқа соғылған. Апат салдарынан көліктегі бес бала оқиға орнында қаза тапқан. Тағы бір бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалғанымен, жағдайы әлі де ауыр екені айтылды. Ата-анасының өтінішіне сәйкес, дәрігерлер зардап шеккен баланың денсаулық жағдайына қатысты өзге мәліметтерді жарияламаған.
КТК телеарнасының мәліметінше, қаза болғандардың барлығы – қыз балалар. Ал ауыл тұрғындарының айтуынша, көлік тізгінінде биыл ғана мектеп бітірген түлек отырған болуы мүмкін.
Жергілікті тұрғын Бейсенкүл Күдериеваның сөзінше, көз жұмған балалардың барлығы бір әулеттің перзенттері.
«Қаза тапқан балалардың бәрі бір отбасыдан. Біз олардың үйіне барып, көңіл айттық. Жүргізуші қыз менің немереммен бірге оқыған екен. Олар биыл мектеп бітірді. Елдің айтуынша, көлік тізгінінде сол қыз болған», – деді ауыл тұрғыны.
Оқиғаға қатысты Түркістан облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Бес адамның қаза табуы және бір адамның жарақат алуына байланысты жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала мәліметке сәйкес, жүргізуші көлікті басқара алмай қалып, жол жиегіндегі ағашқа соқтығысқан. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура Түркістан облысының жол-көлік оқиғаларынан адам өлімі ең көп тіркелетін өңірлердің бірі екенін хабарлаған болатын. Ресми дерекке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы бес айындаоблыста 461 жол апаты тіркеліп, 100 адам қаза тапқан, тағы 573 адам түрлі деңгейде жарақат алған.