Абай облысындағы шахтада өрт шығып, Kaz Minerals жұмысшылары эвакуацияланды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Жергілікті мәселені шешуде әкімдер неге жоғарыдан пәрмен күтеді?

Жергілікті мәселені шешуде әкімдер неге жоғарыдан пәрмен күтеді?
Фотоиллюстрация: Kznews AI

Аймақтарда жаңадан нысан салуға келгенде әкімдіктердің белсенділігі жоғары. Яғни, жаңа мектеп, жол, спорт кешені, тұрғын үй немесе басқа да нысанның ашылуы олар үшін көзге көрінетін нәтиже. Есепке енгізуге де ыңғайлы. Ал бұрыннан бар инфрақұрылымды жаңарту, жөндеу, оның жұмысын тұрақты қамтамасыз ету көзге көп түсе бермейтін, машақаты көп жұмыс.

Халықаралық тәжірибеде бұл мәселе жақсы зерттелген екен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жаңа нысан салуға басымдық беріп, оның кейінгі күтіміне жеткілікті көңіл бөлмеуді басқарудағы проблема ретінде қарастырады. Өйткені, нысанды салу бір реттік шығын ғана. Ал оны ұстау, жөндеу және құрал-жабдығын жаңарту ондаған жылға созылатын тұрақты шығын.

Еліміздегі жағдай да осыған ұқсайды. Әкімдіктердің есептерінде қанша шаршы метр тұрғын үй салынғаны, қанша шақырым жол жөнделгені, қанша мектеп немесе спорт нысаны пайдалануға берілгені жиі айтылады. Бірақ, сол нысандарды бес, он, жиырма жылдан кейін ұстауға қанша қаражат қажет болатыны туралы әңгіме әлдеқайда аз.

Бұл мәселе коммуналдық инфрақұрылымға келгенде анық көрінеді. Биыл қолға алынған "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы осының нақты мысалы. 2029 жылға дейін жоба аясында 13 трлн теңге инвестиция тартылып, 84 мың шақырым желіні жаңғырту көзделген. Нәтижесінде желілердің орташа тозуын 40 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Тек биылдың өзінде 12 мың шақырым инженерлік желіні жаңартуға 1,1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Оның ішінде мақұлданған қарыздық қаржыландыру көлемі 625 млрд теңге. Ең маңыздысы бұл жоба республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыруға ғана сүйенбейді. Өңірлерге ұзақ мерзімді әрі салыстырмалы түрде арзан қарыз қаражатын пайдалану мүмкіндігі беріліп отыр. Яғни мәселе "ақша жоқ" дегенге ғана тірелмейді.

Алайда, 28 шілдедегі Үкімет отырысында бірқатар өңірдің бекітілген жоспардан қалып отырғаны белгілі болды. Шымкент қаласы, Алматы және Ұлытау облыстары жоспарды орындау бойынша артта қалған. Келесі жылға дайындықта да өңірлердің белсенділігі әртүрлі екені байқалды.

Мысалы, Абай облысы 26 жоба ұсынған. Ал Қостанай, Ақтөбе және Ұлытау облыстарының өтінімдері небәрі 4,1–11,7 млрд теңге көлемінде болған. Бұл жерде мәселе тек жоба саны немесе қаржы көлемінде емес. Негізгі сұрақ өңірлердің өз қажеттілігін қаншалықты анық көріп отырғанында болып тұр.

Біз бұған дейін жазған Премьер-министр Олжас Бектенов пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арасындағы диалог та осыны көрсетті. Әкім жоспардың орындалмауын конкурс рәсімдері мен энергия компаниясының әрекеттерімен түсіндірді. Үкімет басшысының "Сізді тыңдасақ, өзіңізден басқаның бәрі кінәлі сияқты..." деген жауабы өңірлік басқарудағы жауапкершілік мәселесін ашық көрсетті.

Шын мәнінде, әкімдіктердің қолында бұрынғыдан әлдеқайда көп мүмкіндік бар. Соңғы жылдары Қазақстанда қаржылық орталықсыздандыру жүргізіліп келеді. 2020–2025 жылдары республикалық деңгейден жергілікті бюджеттерге алты салықтық және салықтық емес төлем берілді. Оның ішінде шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы да бар.Тек осы салықтың өзі аталған кезеңде жергілікті бюджеттерге шамамен 6,76 трлн теңге түсім әкелген.

Өңірлердің қаржылық мүмкіндігі де өсті. 2026 жылы жергілікті бюджеттердің кірісі 10,7 трлн теңге болады деп болжанып отыр. 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 13,3 трлн теңгеге жетуі мүмкін.

Әрине, әкімдіктер толық қаржылық дербестікке ие болды деуге әлі ерте. Өйткені өңірлердің шығыны өз кірісінен жоғары. Биыл бірінші жартыжылдықта республикалық бюджеттен берілген субвенцияның өзі 3 трлн теңгеге жетті. Бірақ, бұрынғы жағдаймен салыстырғанда өңірлердің өз бетінше шешім қабылдау мүмкіндігі айтарлықтай кеңейді. Сондықтан ендігі мәселе ақшада ғана емес. Мәселе сол ақшаны қайда және қалай жұмсау туралы шешімді кім қабылдайтынында.

Қазақстанда ондаған жыл бойы қалыптасқан басқару мәдениеті бойынша әкімдік көбіне жоғарыдан тапсырма күтеді. Нұсқау келеді, қаржы бөлінеді, жоба іске қосылады. Мұндай модельде әкім үшін бастама көтергеннен гөрі тапсырманы орындау қауіпсіздеу. Өйткені, өздігінен ұсынылған жобаның барлық жауапкершілігі де өңірдің мойнына түседі. Оның экономикалық тиімділігін дәлелдеу керек. Қаржысын табу керек. Жобалық құжаттарын әзірлеу қажет. Кейін нәтиже үшін де есеп беру керек. Ал жоғарыдан келген тапсырманы орындау әлдеқайда оңай жұмыс. Бірақ, дәл осы тәсіл өңірлердің дербестігін тежейді. Әкімдіктің міндеті тек республикалық бюджеттен қаржы сұрап, дайын бағдарламаны орындаумен шектелмеуі керек. Өңір өзіндегі ең маңызды проблеманы өзі анықтап, соған жоба ұсынуы қажет.

Коммуналдық инфрақұрылымда мұның маңызы тіпті жоғары. Ескі жылу желісі, су құбыры немесе электр желісі бір күнде пайда болған проблема емес. Оның тозуы жылдар бойы жиналады. Бүгін жөнделмеген желі ертең апатқа айналуы мүмкін. Ал апатты жою көбіне жоспарлы жаңғыртудан әлдеқайда қымбатқа түседі.Сондықтан жаңа нысан салу ғана даму көрсеткіші болмауы керек. Бұрын салынған нысанды қаншалықты тиімді ұстап отырғаны да маңызды.

Бұл жерде әкімдіктердің жұмысына баға берудің тәсілін де өзгерту қажет сияқты. Қанша қаржы игерілді дегеннен гөрі, сол қаржы қандай проблеманы шешті деген сұрақ алдыңғы орынға шығуы тиіс. Өйткені, жаңа мектеп салу жақсы көрсеткіш болғанымен, сол мектептің он жылдан кейінгі жағдайы қандай болады? Осы сұрақтың жобаны жоспарлау кезінде қойылуы керек.

Жалпы, өңірлерге бұрынғыдан көбірек қаржы, өкілеттік және қаржыландыру құралдары беріліп отыр. Ендеше әкімдіктердің де жауапкершілігі соған сай өсуі қажет.

Қысқасы, нағыз орталықсыздандыру деген ақша беру ғана емес екенін ұғынуымыз керек Бастысы, әрбір өңірге өз проблемасын өзі анықтап, өз шешімін өзі ұсынуға мүмкіндік беру болмақ. Сондықтан алдағы жылдары әкімдіктердің жұмысын жаңа нысандардың санымен ғана өлшеу жеткіліксіз. Ең басты көрсеткіштердің бірі – өңірдің қолда бар инфрақұрылымды қаншалықты сақтап, жаңартып, болашақ шығынды алдын ала есептей алатыны болуы керек.

Өйткені, мемлекет үшін ең қымбат жоба - бүгін салынған, бірақ ертең қайта салуға тура келетін жоба. Ал жақсы басқарудың өлшемі жаңа нысан салу ғана емес, бұрын салынғанды уақытында жаңартып, ұзақ жылдар тиімді пайдалану болып қала береді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.