KZNews.kz
Аймақ

Жеңіс Қасымбек менің талабыма сай келетін әкім – Тоқаев

Жарқын Омаров
Фото: видеодан скрин

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте қала әкімі Жеңіс Қасымбектің талабына сай келетін әкім екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Елорданың даму қарқыны мен қордаланған мәселелері талқыланған жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың даму деңгейін жоғары бағалап, оның артында білікті әкімнің үлкен еңбегі мен қарым-қабілеті тұрғанын меңзеді.

«Жеңіс Қасымбек менің талабыма сай келетін әкім. Айтқым келмесе де айтайын, бұған дейінгі басшылармен түсіністік болған жоқ», - деді Тоқаев.

Президент биылғы қорытынды бойынша елорданың өңірлік жалпы өнім көлемі 34 миллиард доллар болатынын айтты.

«Қазір Астана қарқынды өсіп келеді. Түрлі бағыт бойынша белсенді жұмыс істеліп жатыр. Бүгін елорданы дамытудың өзекті мәселелерін талқылаймыз. Соңғы 11 айда қысқа мерзімге арналған экономикалық индикатор 118,6 пайызға жетті. Инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнес саласындағы көрсеткіштер бойынша Астана алдыңғы орында тұр», - деді Мемлекет басшысы.

Президент елорданың көш басында болуы заңдылық дейді.

«Биыл елордадағы тұрғын үй құрылысы 5 миллионға жуық шаршы метрді құрайды. Бұл елімізде пайдалануға берілген баспананың төрттен бірі және Орталық Азия аймағындағы басқа астаналардың көрсеткіштерінен бірнеше есе артық. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2025 жылдың 11 айында 2,8 триллион теңгеге жетіп, 7,2 пайыз өсті. Яғни 6 миллиард доллар шамасында. Биылғы 11 айда сауда көлемі 10,8 триллион теңгеден асып, 8,4 пайыз өсім көрсеткен Бұл –шамамен 22,5 миллиард доллар. Маған берілген мәлімет бойынша, қала бюджетіне 4,3 триллион теңге салық түскен. Мұны қомақты қаржы деуге болады. Астананың 2024 жылғы өңірлік жалпы өнім көлемі 15 триллион теңгеден сәл асты. Бұл – 32 миллиард доллар. Биылғы қорытынды бойынша 34, тіпті, 35 миллиард доллар (17 триллион теңге немесе одан да жоғары) болады деп күтілуде. Ал қаладағы халықтың ресми саны 1,6 миллион адамға жеткен», - деген Тоқаев Астананың жылдам қарқынмен қарыштап дамып келе жатқанын цифрлар арқылы сөйлетті.

Мемлекет басшысы Астананы абаттандыру ісіндегі оң өзгерістерге тоқталды.

 «Жаңа келбет» бағдарламасы аясында бес жыл ішінде шаһардың тарихи бөлігіндегі 150 ғимараттың қасбетін жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар көшелер абаттандырылады. Жалпы, соңғы екі жылда Астанада көптеген қоғамдық кеңістік пайда болды. Жасыл желек мол егіліп, демалыс аймақтары көбейді. Бұл өте жақсы. Мұны елорда тұрғындары оң бағалап отыр. Енді осы аумақтарды тиісті деңгейде сақтауға тиіспіз. Бұл әуелгі кезекте елордада тұратын және шаһарға қонаққа келетін Қазақстан азаматтарына тікелей байланысты. Осы істі Ішкі істер министрлігі, полиция департаменті жіті бақылағаны жөн», - деді Президент.

Тоқаев елорда заманауи урбанистиканың үлгісі болуы керегін де тиек етті.

«Өйткені Астананың мәртебесі бөлек. Бұл орайда Астанада қазірдің өзінде біршама нәтижеге қол жеткіздік. Қалалық ортаны дамытудың бірыңғай тәсілі айқындалды. Мұны биыл жазда елімізде өткен саммиттер кезінде өзге де мемлекеттер басшылары байқаған. Мысалы, Төраға Си Цзиньпин қаламыздың келбеті айтарлықтай жақсарғанын айтып, жоғары бағасын берді. Бұл – әлемдік ірі державалардың басшылары Қазақстанға келгенде біздің қалаларымыздың келбетіне мән беріп қарайды деген сөз. Мұны қаперде ұстау керек», - дей отырып, Астананың келбеті еліміздің келбеті екенін меңзеді.

Президент Астана әрдайым ауқымды жұмыстардың бастауында тұруы тиіс екенін айтты.

«Елордамыз басқа аймақтарға барлық жағынан үлгі болуы керек. Айтылған міндеттердің барлығы уақтылы әрі сапалы орындалуға тиіс», - деп сөзін қорытындылаған Мемлекет басшысы елорда әкіміне бірқатар міндет жүктеді.

Астананы өзге қалаларға үлгі ету әкімді де үлгі етумен бірдей.Әрі тапсырмалардың дер кезінде, сапалы орындалуын талап ету сенім үдесінен шыққан басшыға ғана қойылатын талап. Осы сөздерімен Президент еліміздің бас қаласының тізгіні сенімді әкімнің қолында екенін аңғартты.

Жеңіс Қасымбек 1975 жылы Жамбыл облысында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын «сәулетші-дизайнер» мамандығы бойынша аяқтады. 2001 жылы Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия мемлекеттік университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша аяқтады.

Еңбек жолын 1997 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында тағылымгер-зерттеуші болып бастаған. 1998-2000 жылдары ҚР монополияға қарсы саясат жөніндегі комитетінің бөлімін басқарды. ҚР ККМ Су көлігі департаментінің директоры болып жұмыс істеген. 2004 жылдан 2005 жылға дейін «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК директоры болды.

2005 жылғы қарашада оны Көлік және коммуникация вице-министрі етіп тағайындады. Содан кейін Көлік және коммуникация министрлігінің Жауапты хатшысы болды. Кейінірек Көлік және коммуникация министрі қызметін атқарған.

Бұдан кейін Инвестициялар және даму министрі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып жұмыс істеді.

2019 жылғы 25 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымында жұмыс істеді.

2019 жылғы қыркүйектен бастап 2022 жылғы желтоқсан аралығында Қарағанды облысының әкімі.

2022 жылғы 8 желтоқсаннан бастап Президент Жарлығымен Астана қаласының әкімі қызметін атқарып келеді.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары