Қазақстандық кәсіпқой боксшы Балауса Мұздыман Алматыда жоспарланған жекпе-жегінің өтпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Спортшы Instagram парақшасында мойын жарақатына байланысты алдағы айқастың кейінге шегерілгенін айтты.
«Сәлем, достар! Қалайсыздар? Сіздермен соңғы жаңалықты бөліскім келіп отыр. Мойнымдағы жарақатқа байланысты жекпе-жегім болмайтын болды. Кейінге шегерілді деуге болады. Командамен тыңғылықты дайындалып, үлкен жұмыс атқардық. Алайда осындай жағдай туындады. Қазір мен үшін ең бастысы – денсаулығым. Қолдау білдірген әрқайсыңызға алғыс айтамын», – деді Балауса Мұздыман.
Былғары қолғап шебері алдымен жарақатынан толық айығуға басымдық беретінін атап өтіп, жанкүйерлеріне көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін 27 желтоқсанда Балауса Мұздыманның Алматыда жекпе-жек өткізетіні белгілі болған еді.