Атырау облысы Индер ауданына қарасты Есбол ауылында екі ер адамның жансыз денесі жеке тұрғын үйден табылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, үй иесі – 1976 жылы туған жергілікті тұрғын, ұзақ жылдар бойы үйінде жалғыз тұрған. Қайғылы оқиға болған күні оның қонағы да болғаны анықталды. Екі ер адам да сол түні көз жұмған.
Индер ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, газдан улану ықтималдығы жоққа шығарылған. Мамандардың болжамынша, марқұмдар қатты қызған пештің қасына тым жақын жерде ұйықтап қалған болуы мүмкін. Бұл ағзаның шамадан тыс қызуына, сәйкесінше өмірге қауіпті жағдайдың туындауына алып келген деген болжам бар.
Қазір марқұмдардың өліміне нақты не себеп болғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған, ал полиция қызметкерлері барлық мән-жайды тексеріп, тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Жергілікті билік тұрғындарды жылыту маусымында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.