Ел тұрғындарының зейнетақы жинағы өсіп келеді, алайда, оны тұрақты қалыптастырып отырған азаматтар саны әлі де көбеймей отыр.
Дерекке қарасақ, 2026 жылғы 1-маусымда зейнетақы активтері 27,7 трлн теңгеге жетіп, жыл басынан бері 1,4 трлн теңгеге немесе 5,4 пайызға өсті. Ал былтыр осы кезеңдегі өсім 1,7 пайыз болған.
Жинақтың өсуіне жұмыс істейтіндер санының артуы, жалақының көбеюі және инвестициялық табыс әсер етті. Жыл басынан бері зейнетақы жарналары 5,8 пайызға, инвестициядан түскен табыс 4,9 пайызға өсті. Қазір жинақтың 40 пайыздан астамы инвестициялық табыс есебінен қалыптасып отыр. Алғашқы бес айда теңге 3,8 пайызға нығайғандықтан, шетел валютасындағы активтерден түскен табыс та төмендеді.
Зейнетақы ақшасының 61 пайызы мемлекеттік бағалы қағаздарға, 22 пайызы сыртқы басқаруға берілген. Жеке басқарушылардың үлесі әзірге небәрі 0,4 пайыз. Олардың басқаруындағы қаражат 110 млрд теңгеге жетіп, жыл басынан бері 24,2 пайызға өскен. Қалған 99,6 пайыз Ұлттық банктің басқаруында.
Сонымен бірге осы жылдың алғашқы бес айында инфляция 4,3 пайыз болса, Ұлттық банк басқаратын зейнетақы ақшасының табысы 3,03 пайыз болды.
Қаржыгелер қауымдастығы талдау орталығының мәліметінше, жыл сайын 9–12 ай тұрақты зейнетақы жарнасын 4,7 млн адам ғана төлейді екен. Бұл барлық жұмыс күшінің жартысынан аз болып отыр. Демек, негізгі мәселе жинақтың қазіргі көлемінде емес, азаматтардың оны тұрақты қалыптастыруында болып тұр.
Сондай-ақ, өткен қаңтар–мамыр айларында зейнетақы активтерінен тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге 308 млрд теңге зейнетақы төлемі жұмсалған көрінеді Ал қорға осы кезеңде шамамен 1,5 трлн теңге жарна түскен.
Жалпы, қазіргі зейнетақы жинағының көлемі ел экономикасының 14,5 пайызына тең. Бұл дамыған зейнетақы жүйелері бар елдердегі 135–206 пайыздық көрсеткіштен әлдеқайда төмен.
Сондықтан алдағы басты міндет зейнетақы жинағын пайдалануды кеңейту емес, тұрақты жарна төлейтіндер санын көбейтіп, азаматтардың болашақ зейнетақы қорын ұлғайту болуға тиіс.