Тұрғындардың айтуынша, 37 шақырымдық жолды жедел жәрдем шамамен бір жарым сағатта жүріп өткен
Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылының тұрғындары жүкті мұғалімнің қазасына жолдың сапасыздығы себеп болды деп мәлімдеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 34 жастағы Дарима Сағдеевадан аяқ асты қан кетіп, жақындары жедел жәрдем шақырған, деп хабарлайды kznews.kz.
Алайда, тұрғындардың сөзінше, шақыртуға шыққан жедел жәрдем көлігі Пресновка мен Благовещенка ауылдарының арасындағы жолдың қатты бүлінуіне байланысты өте баяу жүруге мәжбүр болған. 37 шақырымдық жолды жедел жәрдем шамамен бір жарым сағатта жүріп өткен. Дәрігерлер уақытында жете алмаған. Салдарынан жүкті әйел көз жұмып, іштегі сәбиін де аман алып қалу мүмкін болмады.
Марқұм Дарима Сағдеева – Благовещенка ауылындағы мектептің мұғалімі, өңірге белгілі қоғамдық белсенді болған. Ол екі баланың анасы еді және үшінші сәбиін күтіп жүрген. Тұрғындардың айтуынша, Дарима Сағдеева аудандық және облыстық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанып, «Үздік мұғалім» атағына ие болған. Ол – ата-анасының жалғыз қызы еді.
Жергілікті жұрттың айтуынша, оқиға болған жол учаскесі әлі күнге дейін жөнделмеген.
«Қазір 2026 жылдың жазының ортасы болса да, Пресновка мен Благовещенка арасындағы аса маңызды жол бөлігі сол күйі жөнделген жоқ. Соның салдарынан екі бала анасынан айырылды, ал үшінші сәби дүниеге келмей қалды», – дейді ауыл тұрғындары.
Әзірге Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен жергілікті атқарушы органдар бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.