Ақтөбеде аяғы ауыр әйелді перзентханаға әкеле жатқан жедел жәрдем көлігі аударылып қалды. Зардап шеккен адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, Сәңкібай батыр даңғылында жедел жәрдем көлігі мен Toyota көлігі жол-көлік оқиғасына тап болды. Соқтығысу салдарынан жедел жәрдем көлігі аударылып қалған.
Жедел жәрдем көлігінде болған адам ауруханаға жатқызылды.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жолдарда өте абай болуға және арнайы шамдары мен дабылдары қосылған көліктерге жол беруге шақырды.
Облыстық денсаулық сақтау департаментінің "Диапазон" басылымына берген мәліметінше, жол апаты кезінде бригада 39-аптадағы аяғы ауыр әйелді ауруханаға апара жатқан. Әйел жабық бас жарақатын алып, миы шайқалған. Ол дереу Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта ол қосымша тексеруден өтуде, дәрігерлер оның жағдайын бақылауда.
Жедел жәрдем қызметкерлері ауыр жарақат алған жоқ. Олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, бақылауға алынды.