Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов БАҚ қызметкерлері күніне орай жас жары, журналист әрі тележүргізуші Жадыраға арнап жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі жарының шығармашылық жолын жоғары бағалап, былай деп жазды:
«Мен сені телеарна арқылы, танымал тележүргізуші кезінде көп көрерменнің бірі ретінде танып-білген қазақпын, қалқам. Бірінен кейін бірін алған лауреаттық атақтарыңа сырттай қуанған және оған табан ақы, қара теріңмен қалай жеткеніңді мұң тұнған жанарыңнан байқап алған, бағалай алған азаматпын. Адам жанына аяулы не бар, таңдаған тақырыбым – адамшылық, өмірімнің өзегі – адалдық, тағдырлы кейіпкерлеріммен бірге жылап-бірге күлген тілшімін дегенің көкейімнен кетпейді…», - деді ол.
Сондай-ақ әнші Жадыраның авторлық жобалары мен сөз өнеріне ерекше тоқталған.
«Авторлық бағдарламаң арқылы ойлы да құнды мұраларыңмен өрісті арнаға алтын қор жасадың, жарайсың, Жарығым. Болмыс-бітіміңдегі өзгеге ұқсамайтын ой сәулесі, салтанат-сауғы басым сөз сәулеті сенің іркіліссіз ізденісіңнің жемісі әрі жеңісі. Көркем сөзді тере білу бір өнер, мөлдіреген моншақтай ойларыңды оймақтай тізе білу одан өткен өнер екенін көзі қарақты көрермен сенен көрді, көкем», – деп жазды ол.
Нұрғали Нүсіпжанов жарына ақ тілегін арнап, оның болашағына сенім білдірді.
«Он жыл болды кәсіби мамандығыңды, жазып жүрген дүниелеріңді бір шетке ысырып қойып, маған сүйеу әрі демеу болдың. Ол оңай дүние емес. Сен менің үміт-гүлімсің, болашақ үнімсің, талай мемуарға жарық дүние сыйлайтын білімдімсің. Телегей теңіз тебіренісіңмен биік-биік белестерді бағындырып, асулардан асып, асқақ армандарыңның ең биік шыңына жет, Жарығым. Алланың жаққан шырағын адам үрлеп сөндіре алмайды, Айналайын. Жасағанның жәрдемімен жұлдызың жарқырасын, Жарығым. Ақберен асыл қаламыңмен жазарың таусылмасын, Алтыным», – деді әнші.