KZNews.kz
Шоу-бизнес

"Жар-жар" әнін өз мәтінімен айтқан әнші авторлық дауға ілікті

Дархан Тоқан
Фото: instagram.com/almasoz. Kznews коллажы

Әбдірахман Асылбековтің қызы мен Almasoz есімді әртіс «Жар-жар» әуеніне қатысты ортақ мәмілеге келе алмай, әлеуметтік желіде таласқа ұласқан пікірталас туындады. Әншінің айтуынша, оған туындыны барлық стриминг платформасынан алып тастауды талап еткен, деп хабарлайды kznews.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме беріп.

Оқиғаға Almasoz-дың «Жар-Жар» атауымен шыққан жаңа нұсқасы себеп болды. Әртіс әлеуметтік желідегі парақшасында ақынның қызы хабарласып, ән тек әкесінің мәтінімен орындалуы тиіс деген ұстаным білдіргенін айтты. Оның пікірінше, халықтық әуенді бір ғана авторлық мәтінмен шектеу дәстүр табиғатына қайшы.

«Мен неге халықтық "Жар-Жар" әуенін өз интерпретацияммен және мәтініммен орындай алмаймын деп сұрағанда, ол тек әкесінің – Әбдірахман Асылбековтің мәтінімен ғана орындалғанын қалайтынын айтты. Себебі бұл қазір халықтық дәстүр ретінде есептеледі. Мен оған 1949 жылы жазылған "Біржан-Сара" операсында ән Асылбековтің мәтінінен бұрын орындалғанын түсіндірдім. Мен өз құқықтарымды және халық әндерін қорғағым келеді, өйткені қазақтың дәстүрлі әуеніне жеке құқықтарды таңу дұрыс емес», – дейді әртіс.

Almasoz бұл мәселеде заңдық тұрғыда кеңес сұрап, қазақстандық заңгерлерден көмек күтетінін де жазған. Ол «Жар-жар» нақты бір ғана бекітілген мәтіні бар ән емес екенін, ғасырлар бойы өңірге, орындаушыға қарай түрленіп отырған салттық мұра екенін алға тартады.

«"Жар-жар" әуені нақты бекітілген мәтіні бар халық әні емес, ол ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүр, мәтіні өңірге және орындаушыға қарай өзгеріп отырған, суырып салмалыққа негізделген шығарма. Сондықтан мен де осы дәстүрдің табиғатына адал болып, мәтінді өзім жазуды жөн көрдім. Бұл – менің жүрегімнен шыққан нұсқа, менің тарихым», - деп жазды ол.

Сонымен бірге өнер иесі Әбдірахман Асылбековтің қызына өз туындысына қатысты авторлық құқықты беруге дайын екенін, алайда әннің платформаларда қалғанын қалайтынын айтқан.

«Мақсатым – ұлттық мұрамызды жаңа қырынан таныту, оны жас буынның орындау мәдениеті арқылы жалғастыру. Қазақ музыкасы – ортақ қазына. Оны құрметтеу де, дамыту да – ортақ жауапкершілік», деп жазды ол.

Айта кетейік, Әбдірахман Асылбеков «Жар-жар» ұлттық әуеніне мәтін жазған танымал қазақстандық ақын ретінде белгілі. «Жар-жар» қазақ пен қырғызға ортақ көне салт-дәстүрлік әндердің бірі болып саналады. Оны көбіне той-томалақта және қыз ұзату рәсімінде жігіттер мен қыздар айтыс үлгісінде орындаған. Әннің өзегі ұзатылып бара жатқан қызға ақыл-кеңес айтып, көңілін жұбату және жаңа өмірге бағыт беру болып келеді.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →