Қоғам

Жангелдин ауылында жоғалған отбасыға қатысты тың ақпарат жарияланды

Torgyn Abushakhman Torgyn Abushakhman
Жангелдин ауылында жоғалған отбасыға қатысты тың ақпарат жарияланды
Фото: Атырау облыстық ПД

Атырау облысында із-түссіз жоғалып кеткен бір отбасыға қатысты жаңа мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды kznews.kz «Ақ Жайық» порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында жоғалған отбасыға байланысты әлеуметтік желілерде өзін хакер ретінде таныстырған азамат тың деректерді жариялады. Оның айтуынша, отбасы мүшелерінің бірі — Наурыз Мұқанғалиевке тиесілі SIM-карталар жоғалғаннан кейін де ара-тұра қолданылып отырған.

Хакердің мәліметінше, аталған нөмірлердің геолокациясы Өзбекстан аумағында тіркелген. Сондай-ақ бұл нөмірлер арқылы WhatsApp мессенджеріне күніне бірнеше рет кіру фактілері анықталған. Алайда ресми деректерге сәйкес, жоғалған отбасы мүшелерінің ешқайсысы Қазақстан шекарасын заңды түрде кесіп өтпеген, тиісті базаларда мұндай белгі жоқ.

Сонымен қатар хакер Түркістан облысында Өзбекстан шекарасын заңсыз кесіп өтуге арналған бейресми арналар бар екенін, бұл нөмірлерді сол арналар арқылы белгісіз адамдар пайдалануы мүмкін екенін алға тартты.

Туыстарының айтуынша, қараша және желтоқсан айларында отбасы мүшелерінің зейнетақы төлемдері алынған, сондай-ақ WhatsApp арқылы үйдегі мал сатылған. Хат алмасулардың Наурыз Мұқанғалиевтің атынан жүргізілгені бұрын да белгілі болған.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде үй иесінің жұбайының банк картасын шетелде, нақтырақ айтқанда Бали аралында пайдаланғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл дерек ресми түрде расталған жоқ.

Ақпарат таратқан азамат мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек ашық деректерді, SIM-карталар қозғалысын талдау және провайдерлерден алынған мәліметтерді пайдаланғанын атап өтті. Сондай-ақ ол өзі күдік келтіріп отырған нақты адамның бар екенін мәлімдеді.

«Менің бақылауым бойынша SIM-карталар әлі де қолданылып отыр. Бұл — үлкен күдік тудырады», — деп жазды ол.

Еске салайық, 2025 жылдың күзінде Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір үйде тұрған төрт ересек адам із-түссіз жоғалған. Қазіргі таңда оларды іздеу жұмыстары жалғасуда.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz