Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалықты бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
"Енді туабітті бет-жүз ақаулары бар балалар – ірі гемангиома, тамырлық мальформация және басқа да айқын аномалиялармен туған балалар – реконструктивті-косметикалық операцияларды мемлекет есебінен ала алады. Біз осы бағытта бастама көтеріп, заңға тиісті түзету енгіздік", – деп жазды депутат.
Аймағамбетовтің айтуынша, бұған дейін мұндай оталар "эстетикалық" сипатта деп бағаланып, ата-аналар ем үшін өз қаражатын іздеуге мәжбүр болған.
"Ал шын мәнінде, бұл – балалардың тек сырт келбетіне емес, тыныс алуына, көру қабілетіне және психологиялық жағдайына тікелей әсер ететін аса маңызды медициналық мәселе", – деп атап өтті ол.